Президент қабылдауында болған үш жазушы ел сенімін ақтай алды ма?
Президент өз қабылдауына кім – көрінгенді шақыра бермесі анық. Елдің жайын білетін, ішкі-сыртқы жағдайлардан хабардар, халыққа танымал, өз ұстанымы бар қайраткерлермен әңгімелесетіні белгілі. Жылына екі-үш рет елге сөзі өтеді-ау дейтін адамдармен бас қосып, халықтың хал-жағдайымен құлағдар болу елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әдеті. Биылда солай болды.
Елбасымен өткен алқалы отырыс жайлы, менің жеке көзқарасым, қысқа да-нұсқа айтқанда былай: — Президенттің үш жазушы ағамызбен болған сұхбатын асықпай отырып қарап шықтым. Алайда соншалықты селт етпедім. Неге? Біріншіден, мақұлдау мен қолдау басым болды. Баспасөзге қатқыл сұхбат, қатаң пікір айтқанда алдына қара салмайтын көкелер, бұл жолы көңілжықпастық пен толеранттылықтың ауласынан шыға алмай қалды. Жаттанды сөздерге көп уақыт сарп етілді. (Бәлкім уытты сөздерді телеарна журналисттері қиып тастап, бекер кінәлап отыр ма екенмін?! Не болса да тәуекел енді). Мүмкіндікті пайдаланып, халықтың көкейіндегі ойларды ақтарғанда, шіркін, дейсің… Проблема көп қой. Ақ патшамыз оның бірін білсе, бірін білмеуі әбден мүмкін. Соларды сыналап болса да жеткізуге болмас па?
Бірақ бұл айтуға ғана оңай. (Бәлкім менде сол ағаларымдай «әдеп» сақтап, «сызылып» отырар ма едім, кім білсін?! Сын айтудан оңай не бар мына дүниеде?!)… Патшаның мысы басатыны да рас-шығар — ау… Әйтпесе «жайшылықта ауыз жаппас, жиын-тойда өлең таппастың» кебі келер ме еді?
Екіншіден, Смағұл аға демография туралы әңгіме бастағанда, елдегі көп балалы ата-аналарға, жастарға қолдау керек деп айтар деп үміттеніп отырдым. Өйткені олардың алатын азын-аулақ ақшасы — келешек ұрпақтың жігерін құм қылары анық. Қазақтың санын көбейту үшін (елдегі ұлттарды алаламай бәріне бірдей) билік тарапынан қолдау керек… Әйтпесе жағдай қиын….
Сосын үш тұғырлы тіл туралы жанамалап болса да жақсы айтты ағамыз. Бірақ өткірлік жетіспеді.
Үшіншіден, Дулат ағаның шеттегі оқыған азаматтарды әкелу керек деген сөзі (менің пайымдауымша) бел ортадан қырқылған секілді. Басы жоқ, аяғы жоқ сөз бола ма?
Ең өкініштісі, имамдар туралы Дулат ағаның айтқаны діннен хабарсыз жан екенін көрсетіп берді. Оған дәлел: …- «Олар өлгеннен соң қайта тірілеміз дейді. Мұны сеніммен айтады. Ол жаққа кім барып келді», — дегені енді артықтау нәрсе.
Кеше ғана миғраж түні болып өтті. «Ол жаққа» Пайғамбар (с,ә.у) барып келді. Жұмақ пен тозақты көріп, ондағы ләззат пен азапты жеткізді. Бұған сенбеген адамды Абай атамыз айтқан «толық адамға» қосу қиын…
Төртіншіден, Бексұлтан ағаның да ұсынысы ауылдық деңгейден аса алмады. Қайта президент сөзін толықтырып, «бұл бір елді мекеннің емес, жалпы қазақ даласының проблемасы» деді. Мәселені көтергенде (қамтығанда) ұлттық деңгейде қарап, барлық жерге тән деп айтқанға не жетеді? Әйтпесе трайбализм самалы есіп тұратыны бар…
Негізі ел ағалары еркін көсіліп шаба алмады. Аттың басын тартып отырды. Әр нәрсенің басын бір шатқандай әсерге қалдырды..
Пы-Сы: Ақ патшамыздың ел үшін сіңірген ерен еңбегін жоққа шығару ойымда жоқ. Қазақ үшін туған, белін бекем буған адам осы кісідей-ақ болар. Тұтас мемлекет тұрмақ, отбасына басшы болуға жарай алмай жүрген адамдар көп. Сондықтан Елбасының еңбегін, ынтымақ-бірлікке деген ұстанымын дұрыс түсініп, қос қолымды көтеріп қолдаймын. Президент қауіп пен қатердің қай жақтан төніп тұрғанын да жасырмай ашық айтты. Бұл қорқынышты кім жоққа шығара алады?
Менікі, ел сенім артқан ағалардың патша алдында алыстан орағытып уақытты «жемей», барды бар, жоқты жоқ дегендерін күткендік еді. Пендемін ғой, бәлкім жазбам бір жақты шығар. Бірақ ниетім түзу…
НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК