Президент қамшысын сатып алған Алпысбай
Жуырда өңірімізге жұмыс сапарымен келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әулиеаталық қолөнершілердің бұйымдарын тамашалап, көрмеден қамшы сатып алған болатын. Сол қамшы қай шебердің қолынан шықты екен деген ой оқырмандарымызды да қызықтырғаны анық. Сонымен, іздеу салдық, таптық. Қала сыртындағы «Мал базарда» ат әбзелдерін сататын Мақсат Жұматов ініме хабарласып, Алпысбай ағаның сонда жүргенін біліп, жедел жеттік.
Базарға келгенімде «Ат әбзелдері» сауда қатарынан орташа бойлы келген, жүзі жылы жігіт ағасы алдымнан шықты. Бұл – меркілік Алпысбай Байшүкенов болатын. Президент сатып алған қамшы осы әуесқой шебердің қолынан шыққан. Жылы амандасып, қуанышымен бөлістім.
– Иә, осылай болды. Базарға қамшыларды өткеруге келіп едім, мұндағы жұртшылық та жақсы хабарды естіп, құттықтап жатыр. Президент жай адам емес қой. Ал ол кісінің ұлттық құндылықтарға деген құрметі де ерекше екенін қамшыны сатып алғанынан білуге болады. Бұйымдарымды сол көрмеге қойып жүргеніме біраз жыл болды. Президент келгенде мен онда болған жоқпын. Егер өзім болғанда қамшыны сыйға тартатын едім, – деп ағынан жарылды Алпысбай аға.
Бұл кәсіп шеберге атасы Байшүкеннен дарыған екен. Әкесі Нұрманқұл етікші болған. Осы кәсібімен әулетті асыраған. Ал әуесқойлық танытып жүрген аға бұл кәсіппен екі мыңыншы жылдан бері түбегейлі айналысып келеді. Қолынан шыққан бұйымдары елімізден асып, шетелге де кеткен. Түркістан қаласының 1500 жылдығында көрмеге қойған бұйымдарына қызығушылық танытқан Германиядан келген қонақтар біраз қамшысын сатып алыпты.
– Атадан қалған кәсіп болған соң, қамшыдан бөлек, ат ерлерін безендірумен де айналысамын. Қазір күміс қат болып тұр. Сондықтан сонау Кеңес одағының тұсындағы тиындарды қолданып жүрмін. Ал ол тиындардың (антиквариат) нарықтағы бағасы жоғары. Дегенмен тапсырыс берушілердің мырзалығына қарай ер тоқымды безендіруде аянып қалмаймын. Біз осы ұлттық құндылықтарымызбен шетелдік туристерді де қызықтырып отырмыз, – дейді Алпысбай Байшүкенов.
Шебер бүгінгі күні шәкірт тәрбиелеу қиындығын айтып қалды. Өйткені жастардың ата кәсіпті дамытуға деген қызығушылығы төмен. Дегенмен студенттер мен оқушылар қатарында қызығып жүргендер көп болмаса да бірлі жарым бар көрінеді. Өзі ұстазы Қанатты мақтан етсе, қазір Алпысбайдан осы кәсіпті шәкірті Серік үйреніп жүр екен.
Ат әбзелдерін сатып тұрған Мақсат Жұматов Алпысбай ағаның бұйымдары өтімді екенін айтады.
– Алпысбай ағаның бұйымдарына Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларынан көп сұраныс түседі. Өзім ат әбзелдері құралдарын Пәкістан, Голландия, Ресей, Қырғызстан секілді шетелдерден алдырамын, сол мемлекеттерде де ағаның қамшысына сұраныс жоғары. Өйткені Алпысбай ағаның өрімі өзгелердікіне ұқсамайды, – дейді Мақсат.
Ерман ӘБДИЕВ, Ақ жол газеті