Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Татулығымыздың тұтқасы-Ассамблея»

 

Бүгін Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясы басталды. Президент барша қазақстандықтарды кезекті сессияның ашылуымен құттықтай келе:

«Биылғы алқалы жиын ең қастерлі құндылығымыз ширек ғасырлық Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында өтіп отыр. Еліміздің Тәуелсіздік тарихы татулық пен тұрақтылықты, бейбітшілік пен келісімнің, мызғымас бірліктің жылнамасы. «Байлық та, бақыт та бірлікте» дейді халқымыз. Қазақстанның әлемге сыйлы, бай қуатты мемлекет болуына татулығымыздың тұтқасы Ассамблея зор үлес қосып келеді. Мен қоғамның барлық салаларында жемісті еңбек етіп жүрген сан түрлі этнос өкілдеріне зор ризашылығымды білдіргім келеді», – деп атап өтті.

Сессияның жұмысына 1000-ға жуық адам қатысуда. Олардың ішінде депутаттар, елшілер, үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар, діни бірлестіктер, республикалық және аудандық этно-мәдени бірлестіктер, сондай-ақ ұйымның аймақтық өкілдері бар.771475b071be3dd1897787aacb4bdedd_XL

«Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» күн тәртібімен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Соңғы уақытта шетелдіктерге Қазақстанның жері сатылмақ деген жалған ақпараттардың үздіксіз жариялануынан жер мәселесіне қатты назар аударылып отыр. Бірнеше мәрте түсіндірілді, мен де бұл шындыққа сәйкес келмейтіндігін айттым. Тағы да бір мәрте айтқым келеді, күн тәртібінде ауыл шарушылығы жерлерін шетелдік азаматтар мен компанияларға сату туралы мәселе тұрған жоқ және талқыланбайды да. Бұл тақырыптағы алып-қашпа сөздер негізсіз. Арандатушылар әшкереленіп, ел заңына сәйкес жазалануы тиіс. Елімізде ауыл шаруашылығы жерлері жалға 10 жылға беріліп келген. Алайда, бұл аралықта аграрийлер салған қаржысын қайтарып ала алмайды. Сондықтан, жалға беру мерзімін 25 жылға дейін ұзарту шешімі қабылданған. Жалпы, мұндай тәжірибе барлық елдерде бар. Мәселен, Ресей 49 жылға, Біріккен Араб Әмірліктері 99 жылға, Еуропа елдері 25, 49, 99 жылға жерді жалға береді. Алаңға шығып шу шығарып жүргендер трактордан не болмаса аттан түсіп жетіп келгендер емес. Олардың ауыл шаруашылығы жайында түсінігі де жоқ, бұл жерлердің қайда екендігін де білмейді. Біз осында бірлік пен келісім туралы, барлығының тең екендігін айтып отырмыз. Бірақ біз мұнда айттық болды, ал ертең жергілікті жерлерде ұсақ мемлекеттік шенеунік ойларына келгенін істеп жатады, міне, осы қорқынышты. Біздің елде бұл мәселе нақты заңмен көрсетілген. Біздің өміріміздің кредосы сол. Біз бірліктің негізінде тұрған халықпыз. Елде кез келген бір адамның құқықтары тапталса, барша Қазақстанның құқығы тапталып жатыр деп есептеу қажет. Барлық заңдар, Конституция осыны айтып отыр. Біреу өзін ерекшелегісі келеді кейде, ал несімен ерекшеленесің?! Ол үшін сені кім мақтайды?! Ерекшеленіп керек емес, заңды орындау қажет. Заңды белден басқандарды заңмен жазалау керек. Сондықтан осыны ұмытпайық, әсіресе барлық деңгейдегі — ауылдан бастап, республикалық атқарушы органдарға айтамын. Егер біреу біреуден артықпын деп айта бастаса, бұл не болады? Жаңылмасам, Виктор Гюго «ұлтшылдық — бұл жексұрындардың ең соңғы барып тығылатын, бас сауғалайтын жері» деген еді. Яғни, ол өмірде өз орнын таппағандардың құралы. Өзінде мақтан тұтарлық ештеңесі жоқтар сөйтеді. Жетістігі де жоқ, білімі де, айналысатын ісі де жоқ. Солай болғандықтан, өздері ұлттық мақтанды алға шығарғысы келеді. Жауапкершілігі жоқ тобырдың арасына барып, бәрін қорғаймыз деп айтатындар солар. Олар, түптеп келгенде, ешкім де емес. Сондықтан да, бұны дұрыс түсінуге тиіспіз. Олай болмаса қалай? Біз АҚШ-қа барып, Германияға барып өздеріміздің ерекшелігіміз туралы әңгіме айта аламыз ба? Планета адамын қалыптастыру елдің ішінен басталады. Біз соған тәрбиелеуіміз керек. Жер — ата-бабамыздан бізге мирас болып қалған ең басты қазынамыз, ұлтымыздың ұлы байлығы. Қазақтың даласы — халықтың меншігі. Ағайынға ризамын. Лайым жерге деген көңіл осындай болса, халқымыз қасық қаны қалғанша оны қорғайды деп сенемін”, – деді аталған жиын барысында Н.Назарбаев.3b08f6b78d8cfe02476f6b3f5b6ad241-article

Президент сондай-ақ, Жер туралы кодекстегі өзгерістер арқылы ауыл шаруашылығындағы шаруақор ағайынға жеңілдік жасау көзделіп отырғандығын да атап өтті.

“Жер – ата-бабамыздан бізге мирас болып қалған ең басты қазынамыз, ұлтымыздың ұлы байлығы. Қазақтың даласы – халықтың меншігі.

Қазақстанның 14 мың шақырым шекарасын шегендеу үшін мен 8 жыл әр жерде, әр адамдармен, әр басшылармен келіссөздер жүргіздім, қиын-қиын жерлерден өттік. Келістік. Тұңғыш рет Қазақстанның өз территориясы бар. Шекараны шегендедік. Не үшін? Жердің тұтастығы үшін жасап отырмыз оны. Жер туралы кодекстегі өзгерістер ауыл шаруашылығымен айналысып жүрген шаруақор адамдарға жеңілдік жасауды көздейді. Олар жердің қожасы болса, жерді қадірлейді. Күтеді. Төңіректегі әртүрлі алып-қашпа әңгімелер мен пікірлер — арандатушылардың бүгінгі әрекетінің бірі. Оның ішінде баяғы қашқындар да бар, босқындар да бар. Білеміз барлығын. Дегенмен, осы мәселеге көңіл бөлгені үшін мен бір жағынан ағайынға қуанамын. Лайым, әрқашан жерге деген қасиетті көңіл осындай болса, біздің халық қасық қаны қалғанша осы жерді қорғайды деп білемін»,— деді.

Қазіргі халық арасында қызу талқыланып жатқан білім саласына ерекше тоқталып,”халықтың  кейбір пікірлеріінің дұрыстығын, оны өзімде қолдаймын ескерулерің керек”- деп қатаң тапсырды.

«Мәңгілік Ел» патриоттық актісін қабылдайық деп отырмыз. Оны жан-жақты талқылап, қолдау білдіргендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Осы маңызды құжатты көптен бері дайындап, дәл биылғы мерейлі жылда қабылдануы айрықша маңызға ие. «Надан халық бір жылын, ақылды халық бір ғасырын, дана халық мәңгілік болашағын ойлайды» деген сөз бар. Біз бұл жолда мәңгілік болашағын ойлайтын дана халық болайық», – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент атап өткендей, «Мәңгілік Ел» патриоттық құжаты – халқымыздың бүгінгі өміріне де, болашағына да тікелей ықпал ететін маңызды құндылықтардың жиынтығы

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясында «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі қабылданды

«Құжаттың әрбір тармағы халқымыздың жүрегінде берік орын аларына сенемін», – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

 

 «ЕлАна»