ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ — ҰЛТТЫҚ САНА ТҮНДІГІН СІЛКИ БАСТАДЫ

Президент сайлауы өтеді деп ел дүрліккелі де екі айдың жүзі болып қалды. Президент болуға таласқан 7 үміткердің қазіргі тірлігі қалайда халықтың дауысын алу. Сол арқылы партияның беделін көтеріп, жеңіліп жатса, лауазымды майлы креслоларды иемдену. Ғайыптан тайып жеңіп жатса, Президенттік мәртебені, тақты иелену. Алайда біразының бет-пердесі ашылып, негізгі мақсаттарының көкжиегі көрініп те қалды… Халық ақымақ емес, кімнің кім екенін бәрін сезіп, біліп отыр.

Таза жолдан тайқамай, тура
жолмен кет, халық

Шәкәрім

Иә, адал мұрат жолында өлермендік көрсетіп, билікті аяусыз сынап, адуынды бағдарламаларымен есте қалмады демесеңіз, бәрінің де «қаны қызып», қамал бұзып келе жатқандай екпіндері күшті! Өйткені мәре сызығын кесетін, межелі жерге таяп келеді. Ол үшін аянып қалып жатқан біреуі жоқ. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дегеннің кебі баяғы….
Дегенмен жетеудің ішінде «Нұр Отан» партиясы атынан түсіп жатқан билік өкілі Тоқаев пен «Ұлт тағдыры» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан түсіп жатқан Қосановтың бәсі биік тұр. Қалған бесеудің тірлігі — аламанға иесі зорлықпен қосып, әйтеуір, көптің арасында көлбеңдеп жүріп көзге түсуді тапсырғандай әсерге бөлейді. Әйтпесе, ол бесеудің аламан бәйге түгілі, қозы көш жерге шабуға ынталары жоқ… Бірақ қой торыларын қамшылап-қамшылап қояды… Қайтсін енді…
Ал халық ел ертеңіне елеңдеп отыр. Ширығулы. Айтпақшы партия демекші, аламан бәйгеден бөлініп шыққан екі жүйрікке қалың жұрты екіге жарылып, жақ-жақ болып қиқу қосып делебелерін қоздырып жатыр… Әйтеуір әлеуметтік желі мақтау мен даттаудың, сынау мен мінеудің мінберіне айналды. Кім не айтамын десе де ерікті. Сөзге бұғау салып жатқан билік жоқ. Артының қайырын берсін, нағыз демократияның жалауы — олимпияда алауындай маздап жанып тұр….
Осындайда арқалы ақын, «Әр қазақ — менің жалғызым деп жырлаған» Сабыр Адай бауырымның: «Сайлау — Ұлттық сана мен мəдениеттің деңгейін паш етеді» деген сөзі ойға оралады. Қалай дөп айтылған тұжырым!
Ұлылық деген, данышпандық деген тектілік арқылы өрбиді екен-ау. Келешекті болжау үшін де аңғарымпаздық, алғырлық, көрегендік, терең түйсік керек екендігін жаңа біліп жатқандаймыз. Қазақ танымындағы Ақын — әр сөзі ойлы, көкірек көзі ашық, толғам дауысы санаға сіңімді, таным өресі биік адам ғой. Дуалы аузынан шыққан әр шумағы көңілге қонып, діттеген жерге тиіп, ақиқатты көріп тұратынына қайран қаласың.
Осыдан бір ғасыр бұрын Шәкәрім қажы «Ей, көп халық, көп халық…» деген өлеңінде, бүгінгі қалың қазағының қос партия жолындағы қарбаласын дөп басып айтқанына таңдай қағасың. Бұл не, әулиелік пе?! Тіпті аруағыңнан айналайын қажы атам, партия жолындағы өлермен көптің дарақылығына да баға беріп кеткен тәрізді…
Ей, көп халық, көп халық,
Көп те болсаң, шөп халық.
Партияшылды құтыртпа
«Мен — сендікпін» деп, халық.
Оң-терісін байқамай,
Ылайлап тұнық шайқамай,
Таза жолдан тайқамай,
Тура жолмен кет, халық.
Таласты көрсең — басып айт,
Кемдігін көрсең — қосып айт.
Кекеп, мұқап қыздырма,
Берекесін бұздырма.
Ызаның айт дегенін
Желіктіріп сыздырма.
Адалдың әділ жолына
Ақырын басып жет, халық».
Неткен даналық ой. Дара көзқарас. Бүгінгі «ұлы ақындар» неге осындай жыр жазып, халықты аузына қарата алмайды, ә? «Бидің айтқанын құл да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ» деген осы ма әлде?

Тоқаев халыққа
сенеді,
ал Әміржан ше?

Қазір оппозицияның қадірі қашып, керісінше оны бұқара халықтың мысы басып тастағандай сезіледі. «Бас басына би болған өңшең қиқымның» да әрекеттері атан түйеге жүк болардай қомақты. Сөйте тұра шетелде қашып жүрген Әблязовтың интернет желісі арқылы халықты көшеге шығаруға деген әрекеті адуынды. Бірақ саналы қазақ баласы сыртта жатып «айқайлаған» көсемнің сөзіне еріп адаспасына сенімім мол. Қыр астында жатып алып, «бүйректен сирақ» шығаруға әуес оның айдауына жүретін халық жоқ қазір. Әсіресе әлеуметтік желінің күш қуаты бүгінгі БАҚ-ты артқа тастап, алдыңғы орынға шықты. Бұл да болса қарапайым халықтың көзін ашып, еркін ойларын білдіруге таптырмайтын орынға айналды. Қалай десек те, келер билікке халықты басқару оңайға түспейтін түрі бар. Өйткені қалың ұйқыдағы қазақ оянды. Маңайына көз салып, жақсы мен жаманды саралай бастады. «Сыртта неге олай, бізде неге бұлай» деген сауалдар күн тәртібіне қойылды. Өз құқығын талап ету, жақсы тіршілік кешуге деген талпыныс та байқалады. Бұл дамыған елдердің қауымына тән құбылыс, демократиясы өрге домалаған мемлекеттердің бәріне ортақ тәлім.
Менің ойыммен сабақтас пікірі бар Нұртай Ерназар бауырымның Фб-тағы жазбасы да көңіл аударарлық екен. Ол жігіт: «Осы жолы билікке кім келсе де оңай болмайды. Бір жағынан халық тақымдап берген уəдеңді орында деп қысымға алады, екінші жағынан қолындағы билік пен байлықтан айырылғысы келмейтін элита астыртын да, ашық та қарсылық жасап өз дегендеріне көндіруге тырысып бағады. Егер Əміржан сайланып, билікпен ымыраға келе алмаса аяғы қастандықпен бітуі де мүмкін. Қалтаға толассыз құйылып тұрған миллиардтаған қаржыдан айырылу, абақтыда шіру кімге керек, олардан бəрін күтуге болады. Сондықтан сау басқа сақина тілеп қайтеді, ертең халықтың наразылығына қарамай Əміржанның жолын кеседі, бітті. Істің осылай боларын Əміржан да, оның айналасындағылар да біліп отыр. Берген сұхбаттарында Əміржанның абайлап сақтана сөйлеуі, билікті сипай қамшылап сынауы соны аңғартады дегені көңілге қонады. Жаман айтпай жақсы жоқ қой. Бұл күдік мені де мазалап жүр. Әблязовтың мəселені көше шешеді, басқа жол жоқ деп бойкотқа шақыру себебі сол. Халық өзгеріс қалап отыр, бірақ соны қалай іске асырамыз деген мəселеде бір тұжырымға келе алмай екіге жарылуда, əйтпесе мақсат бір. Халықтың қаупі Әблязовтың айтқаны шындыққа ұласып, ел өмірінің апай-топайын шығармаса игі. Меніңше, қазақ тілді жұртшылық қана Қосанов жағында, ал Әблязовты қолдаушылар тілге онша бөлініп жатқан жоқ, бірақ екі топ та мына билікті құлатуды көксеп отыр. Ал элита мен басқа ұлттардың басым бөлігі Тоқаевты қолдайтын тəрізді. Өйткені Қосанов келсе Қазақстанда ұлтшылдық көзқарас күшейеді деп қауіптенеді. Мұның бəрін жіті бақылап отырған билік қолындағы əкімшілік ресурстарды тиімді пайдаланып, тағы да жеңіске жетеді. Сондықтан сылбыр қимылдады, мүмкіншілікті тиімді пайдаланбады деген секілді түрлі мысалдар келтіріп Əміржанға өкпе артудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Əміржан халықтың үмітін оятып, бірігуге болатынын көрсетті жəне сайлауға шырай беріп тұр.
Дегенмен Әміржанның артында халық тұр. Дүйім жұрт. «Көп түкірсе көл» емес пе? Әйтседе әлі күнге самарқау, бүгінгі биліктің уәдесіне сеніп отырған ағайын да жоқ дей алмаймыз…».

Елордадағы құрылтай елді
несімен қаратты?

Қазақта «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деген жақсы нақыл бар. Сол айтпақшы, президент сайлауы қарсаңында бойкотшылар да бас көтерді. Олардың көбі бұрынғы оппозиция серкелері. Айтар уәждері де салмақты. Бұл президент сайлауы — заңсыз өткелі жатыр екен. Сондықтан олар халықты президент додасына түсіп жатқан үміткерлердің бірде біреуіне дауыс бермеуге үгіт жүргізуде.
Күні кеше астанадағы «Думан» мейманханасының конференц-залында Құрылтай өтті. Халықтың көп жиналғаны соншалық, әжептәуір залдың аузы-мұрнынан шыға, лықа толыпты… Оған өзім іссапарда жүріп бара алмағандықтан, таратылған видео арқылы және белгілі журналист Қуандық Шамахайдың жазбасы арқылы көп нәрсеге қанықтым. «Қазақ қоғамы әлеуметтік желілерде бірін-бірі «сен билікшілсің», «сен ақорданың жобасысың», «анау тролль», «мынау сатқын» деп өзара дауласып, қырық пышақ болып жатқандай көрінгенімен, айналып келгенде бәрінің «илегені бір терінің пұшпағы» екендігін бүгінгі Құрылтай көрсеткендей болды депті Қуандық.
Жиынның модераторы Балташ Тұрсынбаевтың да, бас баяндамашы Рысбек Сәрсенбайдың да, жарыссөзге шыққан халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, ақын Ринат Зайытов және өзге де азаматтардың көзқарастары мен ойлары қазіргі саяси жүйені түбірімен өзгертпейінше, елде орнаған саяси монополияны ауыздықтамайынша қоғам құрдымға кетіп, ауыр дағдарысқа ұшырайтындығына келіп, тіреліп жатыпты. Ринат Зайытовтың «Нұр Отан» партиясын зұлымдықтың ошағы дегендей мағынада жариялаған мәлімдемесін айтпағанның өзінде жұрттың көбі «биліктің жобасы» деп атап жүрген, тіркелмеген «Алаш» партиясының лидері Сырым Әбдірахмановтың өзі қазіргі сайлаудағы бас үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауға түсуі елдегі сайлау заңына қайшы келетіндігін халықаралық ұйымдарға жариялауды талап еткендігінің өзі неге тұрады. Конституцияның өзі шимайланған черновикке айналғаны қатты сынға алыныпты. Залға сыймай кеткен жұрт мейманхананың қысымына қарамастан тысқа шыққан соң да өз жұмысын жалғастыра беріпті. Полиция мен күштік құрылым өкілдері бақылап тұрғандарымен, бұл жолы ешкімге тиіспепті. Жиналғандардың 90 пайызы ер азаматтар болғандықтан батпады ма, әлде, олардың басты шаруасы — мерекелерде көшеге шыққан аналар мен бала-шағаларды ғана бажылдатып, үркіту ме, ол жағын білмедік. Негізі, полиция осыдан кейін де дәл бүгінгісіндей момақан түрде жай ғана оқиғаны бақылаушыға айналса, нұр үстіне нұр. «Қалай болғанда да плюрализмге негізделген еркін ой мен түрлі пікірлер еш кедергісіз айтылып, жиналған жұрт шер тарқатқандай болды. Жалпы, бойкотшылар да, сайлауды жақтаушылар да ақыры сайлауға баратындықтарын, Ә.Қосановқа дауыс беретіндер дауыс санауға өздерінше бақылау жасайтындықтарын, ал, бойкотшылар алған бюллетеньдерінде ешкімді белгілемей бәрін сызып тастап, жарамсыз ететіндерін мәлімдеп жатты. Қысқасы, қазақ қоғамы оянған екен. Әнтек, «бірі қырық десе, келесісі сорок» деп бір-біріне құлақ аспай кететіндері болмаса, енді, олар биліктің айдауына көнбейтіндіктері аңғарылғандай көрінді», — дейді Қуандық сөзінің соңында.
Сайлау бітсін, президент сайлансын, жұрт тынышталсын, сосын қара күзге дейін фб-ты тоқтатып, ескі реніштерді ұмытып сағынысып көрісуге Алла жазсын дегім келеді. Əйтпесе бір-бірімізбен қарадай жауласып бара жатқан секілдіміз. Мақсатымыз бір болғанмен мақамымыз сан түрлі, оркестр құра алмай кететін тəріздіміз. Музыкант көп, дирижер жоқ. Бір кем дүние деген осы шығар…

Президенттік дара жол — кімге бұйырады?

Халық — мемлекеттік биліктің қайнар көзі! Ата заңда көрсетілген бұл мәртебелі міндетіміздің қадірін қашырған, халықпен санасуды қойған, саяси дағдарысқа ұшыраған бүгінгі билікке айтар датымыз жетерлік. Қоғамда қордаланған мәселелер қадау-қадау.
Халық кедейшілікке, әлеуметтік қиыншылыққа, әділетсіздікке қарсы бас көтере бастады. Миллиондаған адам өзгерісті қалайды. Көпшілік күткен бұл шаруаны қолға алар кез келді!
Біз бейбіт жолмен, күрес жүргізу арқылы қылмыстық былыққа батқан басқару жүйесін өзгерте аламыз! Ол үшін әділ сайлау өтуі тиіс. Бұрмалаушылық, бұра тару — ескірген әдіс. Сол саясаттың «жемісі» бүгінгі халықтың талап-тілегінің күшеюіне әкеліп отыр емес пе? Халықтың пайымы мынау: сайлау туралы заң қайта қаралып, жаңа президент оның кемшін тұстарын жөндеуі тиіс!
Иә, халық пен биліктің арасындағы алтын көпірміз ғой, сондықтан халықтың біраз аманаттарын құзырлы орындарға жеткізу парызымыз. «Президент сайлауына түсіп жатқан Тоқаев мырзаның сайлау алды бағдарламасындағы «Елбасының сара жолын жалғастырамын» дегеніне қолдау білдіреміз. Өйткені Елбасы жолы — бейбітшілік жолы! Егер тыныштық болмаса, ел ішіндегі ынтымақ-бірліктен не пайда! «Ел билеу үшін алдымен елді ауыз бірлікке, ынтымаққа шақыра біл» деген Төле би бабамыз. «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы түсінгенге. Әйтседе бес саусақ бірдей болмағаны секілді, бүгінгі халықтың да түсінік пайымы әртүрлі. Олай болуы да заңдылық. Тіпті демократиялық талаптарға да жауап беретін тұжырым! Сол себепті қақ жарылған халықтың да көзқарасын айта кеткен ләзім. Мысалы Тоқаевтың сайлау алды бағдарламасын бәз бір адамдар «жалтақтық! Көңіл жықпастық!» деп бағалауда. Оны әлеуметтік желіден де оқуға болады. Олардың пайымдауынша әр Президенттің өз жолы, өз соқпағы болуға тиіс. Сонда ғана еркін ойлы азамат, жаңаша бағытта іс етуге бекем болмақ! Кімнің аузына қақпақ қоясың? Әркімнің өз шындығы бар деген осы болар….
Халықтың арасында көп жүретіндіктен, итжығыс түсіп жататын жайтарға да баса назар аударып отырмын. Бұл тіпті журналисттік міндетім. Бұра тартып бұрмалауға жол берсем, кім болғаным.
Бір жағы келер Президенттің өзі туралы халық арасында екі ұдай пікір қалыптасқанын да біле жүргені абзал деген ойға бекідім.
Сонымен бүгінгі ағайынды тағы бір толғандырып жүрген мәселе, бір мемлекетті екі бірдей Президент басқарып отыр деген алып қашты сөзді дуылдатып отырғаны. Саясат деген теңіздің тереңіне бойлай алмағасын, тайыздан ой сүзгендердің көзқарасы осылай қалыптасуда. Оларға да жауап бере кету уақыт талабы.
Сұңғыла саясаткер Нұрсұлтан Назарбаев Астана экономикалық форумында ел арасында кең тараған әлгі сөзге нақты жауап беруге тырысты! «Мен Тоқаевты аяқсыз қалған істі жалғастыратын, дайындықтан өткен тәжірибелі адам деп есептеймін. Мен тек жаңа президентке қолдау көрсетемін. Сондай-ақ тыныш жағдайда транзитті қамтамасыз ету және басталған істі аяғына дейін жеткізу міндетім», — деді. Сондай-ақ Назарбаев қоғамдағы қолайсыздық тудырған мәселелер туралы да пікірін ашық айтты. Қазақстанды бір ғана президент басқаратынын мәлімдеді. «Мен сіздерге ыңғайсыздық тудырып жатқанымды білемін: алдымен, «тұңғыш президент», сосын «президент», — деп хабарлайсыздар. Алайда, Қазақстанда мұндай екі президенттік басқару жоқ. Бір ғана президент бар және ол — ең бастысы», — деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Түсінген адамға бұдан асқан жауап та болмас….
Ал бүгінгі Президент міндетін атқарушы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз кезегінде Президент Елбасы сабақтастығының қалатынын, бірақ ел басқару стильдерінің ұқсамайтынын нақтылап өтті. Бірақ, «Елбасының сара жолын жалғастырып жатырмын», — деп қайталай берсе, халықты мезі етеді.
«Әр адам — индивидиум. Нұрсұлтан Әбішұлының қайталанбас стилін көшіріп алу ойымда жоқ. Ол — мемлекетіміздің негізін қалаушы, Еуразиялық интеграцияны құрған. Сондықтан, оның бағытына сабақтастықты қамтамасыз етемін деп мәлімдедім. Бұл ең алдымен Қазақстан үшін қажет. Бізге түбегейлі, астаң-кестең өзгеріс қажет емес. Совет одағының тарихынан да белгілі, әр басшы келген сайын өзіне дейінгіні ұмыттырып, жаңа саясатқа көшті. Бұл қоғамға үлкен жік салды, тіпті Совет одағы секілді алпауыт мемлекет ыдырады. Мен табиғатымнан айғайшыл емеспін. Менің жиналыстарым тыныш өтеді, ең өзекті мәселені талқылау 40 минуттан аспайды. Әдеттегі жиналыстар 10-15 минуттың айналасында. Қытайды көп зерттегендіктен, Лао-Цзының нақыл сөзін ұстанамын: ең жұмсақ күш ең қаттының өзін еңсереді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ал ой-пікірі қақ жарылған қауым, өз байламына шырмалып, алған бетінен қайтар емес. Олар: «Бұл қай жағынан қарасақ да миға сыймайтын түсінік. Егер Тоқаев ел тізгінін қолға ала қалған күнде осы түйткілдің ара-жігін ашып алуы керек. Әйтпесе бағы баянды болады деп айта алмаймыз» деп тас табандап әлеуметтік желіде жарыса жазып жатыр…
Тағы бір айта кетер жайт, Тоқаев мырзаның Сайлау алды дебатқа қатыспағандығы жарыссөз күткен халықтың көңіліне кірбің түсірді. Себебі халықтың алдына шығып, қарсыластарымен сөз жарыстырып, өзінің ел күткен бағдарламасының өміршеңдігін танытқанда жүзі де жарқын, сөзі де алтын болатын еді. Бірақ олай етуге Тоқаев мырзаның қат-қабат жұмыстардан, мемлекеттік жауапты істерден қолы босамағаны ескерусіз қалды. Тоқаевты, әлеуметтік желідегі сөзуарлар: «ана тілден сүрінемін деп қорқақтады. Олай болса, мемлекеттік тілден емтихан алған Мырзатай Жолдасбеков, Әділ Ахметов, Ғарифолла Есім, Сейіт Қасқабасов, Гүлтас Құрманбай, Ерден Қажыбек секілді ел ағалары тарих алдында, болашақ ұрпақ алдында ар сотына тартылады. Оған ешқандай шүбәңіз болмасын!» деп ұрандатты. «Аққа Құдай — жақ» демекші, Тоқаевтың жақтаушылары, Президент міндетіне кірісе сала қазақ баспасөзіне ана тілінде сұхбат берген Тоқаевтың қазақ тіліне жетік екенін жарыса жазып жатты….

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған