Президент сайлауы: үгіт-насихат жұмыстарына неше күн беріледі

20 қарашада өтетін президент сайлауына үмкіткер ұсынуға берілген уақыт 11 қазан күні сағат 18.00-де аяқталды. ҚазАқпарат сайлаудың күнтізбелік жоспарына сүйене отырып, саяси науқанның әрі қарай қалай өрбитінін баяндайды.

Үміткер ұсынуға 19 күн берілді
2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары қолданыстағы сайлау туралы заңнама бойынша әзірленген.

Мәселен, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттарды ұсыну 23 қыркүйекте басталып, 11 қазан сағат 18.00-де аяқталды. Осы кезеңде 5 үміткердің талаптарға сәйкестігі анықталған. Кеше ОСК тағы екі үміткердің ҚР Президенттігіне үміткерге қойылатын талаптарға сәйкес екендігі туралы қаулы қабылдады. Олар – «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі үміт артып отырған Салтанат Пархатқызы Тұрсынбекова мен «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігі ұсынған Жұматай Әлиев.

Ал, Нұржан Әлтаевтың үміткер ретінде тапсырған құжаттарының төңірегіндегі дау ушығып барады. Президенттікке ұсынды делінген «Мұқалмас» бірлестігі Нұржан Әлтаевтың сайлауға түсуіне қарсылық білдіріп, сотқа жүгінген. Соны алға тартып, Орталық сайлау комиссиясы Нұржан Әлтаевты президент сайлауына кандидат ретінде тіркеуді тоқтату жөнінде шешім қабылдады.

«Біз кандидат тапсырған құжаттарды құзырлы органдарға жіберіп, сәйкестігін анықтадық. Кеше Астана қалалық соты бізге Н. Әлтаевты кандидат ретінде қабылдау туралы хаттаманы уақытша тоқтату туралы ұйғарымын ұсынды. Сол себептен, Орталық сайлау комиссиясы Нұржан Әлтаевты кандидат ретінде тіркеуді уақытша тоқтата тұрады», — деді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісов.

Қалған 4 үміткердің де Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңында қойылатын талаптарға сәйкестігі қаралып жатыр.

Ол талаптар мынандай:

— тумысынан Республика азаматы болуға тиіс;

— ҚР аумағында соңғы он бес жыл бойы тұруға тиіс;

— жоғары білім;

— қырық жасқа толған;

— белсендi сайлау құқығына ие болуға тиiс;

— мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жылды құрайтын жұмыс тәжірибесі болуға тиіс;

— мемлекеттік тілді еркін меңгеруi тиіс.

Үміткерлерді тіркеуге 29 күн беріледі

Сондай-ақ, кеше ОСК кезектен тыс президент сайлауының үгіт-насихат кезеңіне өткен алғашқы кандидатты тіркеді. Ол – халықтық коалиция атынан ұсынылған Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жалпы, үміткер ұсынуға ұзын саны 19 күн берілсе, олардың заңнама талаптарына сәйкестігін анықтауға 29 күн көзделген, яғни бұл шара 21 қазанға дейін жалғасады.

Осы аралықта сайлау заңнамасына сай толық іріктелген кандидаттар облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кем дегенде үштен екісінің атынан теңдей өкілдік ететін сайлаушылар санының кем дегенде 1% қолын жинау қажет. 1 шілдедегі жағдай бойынша Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы сайлаушыларының тізіліміне дауыс беру құқығы бар 11 827 277 азаматты енгізген. Осылайша, әр кандидатты қолдау үшін сайлаушылардың 118 273 сенім қолы жиналуы керек.