Президент сайлауына ешкім де бейтарап қарамайды. Сонда халық нені қалайды, кімге дауыс береді?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы мерзімін жариялаған күннен бастап ел іші гу-гу әңгіме. Әсірелеп жіберді деп сөге көрмеңіздер, әлеуметтік желілер бет шарпыған — қып-қызыл жалынға айналып тұр. Бусанбай, құрсанбай оқу мүмкін емес. Баяғы можантопай, көнбіс қазақ жоқ бүгінде. Бәрі де оқтаулы мылтықтай атылғалы отыр. Енді оған Президенттіктен үміткер, қалың топтан қара үзіп шыққан ЖЕТЕУ қосылды. Олардың үгіт-насихат жұмыстары да, сайлау алды бағдарламалары да біреулерге майдай жағып, ұнамағандар айғай салып, енді біреулер аңысын аңдып, алды-артын бағып жатқан жайы бар. Ал жүйкесі тозған, шыдамы қозған, ашу-ыза қысқан адамдар билікке қара күйені жағып, бар жамандықты таңып әлек. Сабырға шақырғандар да арагідік төбе көрсетіп әуре. Оларға бүйідей жабылған топты көргенде жағаңды ұстайсың. Әйтеуір бір қарбалас, адам түсініп болмайтын жанталас басталғандай. Басқаны білмеймін, тап өзіме қазақ даласында Президент сайлауына бейтарап қарап жатқан кісі жоқтай көрінеді. Тәуелсіздік алғанына ширек ғасыр ғана болған елдің саяси сауатының өскеніне, талғам-таразысының ауырлағанына куәмін. «Қорқақты қуа берсең батыр шығадының» кебі биліктің басына келіп тұр. Осыдан сабақ алмаса өздеріне қиын. Қуанарлығы: көкірек көзі ояу, санасы тұнық, білімі ерек ұрпақ өсіп келеді. Тәубә!

 

ЭВОЛЮЦИЯЛЫҚ  ЖОЛ ҒАНА — ТЕМІРҚАЗЫҚ!

Сәуле Мешітбайқызы

Президент Тоқаев сайлаудың «ашық, әділ өтетінін» айтып уәдесін берді. Енді халықтың алдында әділ сайлауға қатысу, өз таңдауын жасау ғана тұр. Енді бір жиырма күннің шамасында өтетін президенттік сайлауда кім жеңеді? Бұл әрине халықтың ырқындағы шаруа. «Халық қаласа хан түйесін соятынын» естен шығармайық. Сосын кімнің артында халықпен қоса жеңіске жетуге жетелейтін ресурс тұр, соған жеңіс таяу. Ол үшін өтірік көлгірсу, білімді болып көріну — ұят. Бұл анық нәрсе. Меніңше кім президенттік орынтаққа қонжиса да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтай айналасындағыларды қас-қабағымен өргізіп, жусататындай, бір шыбықпен үйіретіндей мысы басым, сұңғыла басшы бола алмасы белгілі. Қазіргі үміткерлердің ішінен Елбасыдай сұсты һәм сарабдал саясаткерді көріп тұрған жоқпын. Имандай шыным осы. «Көш жүре түзеледі» демекші, жаңа президент, бәлкім кейін қалыптаса келе өз имиджімен танылар. Біздің қазіргі кейпіміз «Түйенің танығаны жапырақ» дегенге келіңкірейді.
Сонымен сайлау науқаны басталды. Кандидаттар туралы алуан түрлі пікірлер айтылып жатыр. Иә, «Ит үреді, керуен көшеді». Демократиялы елдерге тән бұл үрдістен бізде қашып құтыла алмаймыз. Айтар адам ойын айтсын. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді саясаттың да екі жағы болады. Ешкім періште емес. Біреуге жаққан адам, енді біреуге ұнамасы белгілі. Тек, жіберген қателіктен сабақ алу тұрғысынан әккі саясаткердің ұтып кететінін жоққа шығармайық….
Менің ойымша, елге қызмет етуге қандай да мүмкіншілік болса, соны қолдану керек… Оппозицияда, билікте басты белгі емес, негізгі критерий олар емес. Бәрін ондай сxемамен қарауға, өлшеуге болмайды. Ең басты өлшем — ары, ниеті таза болуы, еліне қамқор болуы, ұлтына қызмет етуі. Ол белгілі бір лауазымға байланысты емес. Жаңа президентпен жаңа саяси дәстүр қалыптасады. Жаңа саяси тәртіп, саяси мәдениет келетініне сенемін. Сабақтастықтың дұрысы жалғасып, бұрысы қалатына үміттенемін. Әсіресе өз xалқын жазықсыз сабалауды, абақтыға қамауды тоқтату, үрейден құтылу керек, азат ойды жаңғырту қажет! Бұлай болмаса бұл сайлаудан да үміт аз. «Баяғы жартас — бір жартас» болып тұра бергені кімге керек?
Бұл сайлау — Назарбаевтың қатыспайтындығымен де өзгеше сайлау болғалы тұр. Бұл сайлау — мемлекеттің тағдыры шешілетін сайлау екені де даусыз! Сондықтан билік тұтқасын ұстағандар жағымпаздыққа емес, басты кесіп алса да түрмеге қамап, шірітіп қойса да еш жалтақсыз, бүкпесіз шындыққа жүгіну керектігін сезінуі тиіс. Отырған орынтақтан халықты биік қою арқылы жаңаша белеске шығуға талпыну азаматқа тән іс болмақ.
«Құлан құдыққа құласа, құрбақа құлағында ойнайды» демекші, елді отыз жылға тақау басқарған Нұрсұлтан Назарбаевқа да тіл тигізіп жатқандар көп арамызда. Меніңше бұл артық байлам. Асығыс шешім. Назарбаевтың халық үшін жасаған түйедей ісін көрмей, түймедей кемшіліктерін теру, ұлт болып ұйысқан халық үшін — үлкен сын!
Тілге тиек еткелі отырғаным, бізге алдағы уақытта мемлекеттік басқару формасын өзгерту керек. Бұл дегеніңіз — Парламенттік мемлекет құруға талпыныс жасау. Бізге еліміздің тыныштығы, жеріміздің бүтіндігі керек. Ол үшін эволюциялық жол ғана — темірқазық! Басқа пайым, өзге талап жүрмейді….
Мемлекетті отыз жылға тақау басқарған Елбасының еңбегін жоққа шығарып, қазіргі президент Тоқаевтың қолынан түк келмейтін «қуыршақ» деп жатқандар да бар. Қате пікір. Бүгінгі елдегі тыныштық, шекарамыздың шегенделуі, экономикамызда азда болса ілгерілеу бар екендігі, ұлттармен ұлыстардың ынытымақта отыруы, Әлемнің Қазақстан деген мемлекет бар екенін тануы, көрші-қолаңмен тату болуымыз, бәрі сол мемлекеттік саясаттың арқасы. Оны ешкім жоққа шығара алмайды.

 

ХАЛЫҚТЫҢ ТАҢДАУЫ — ЕКІ ҮМІТКЕРГЕ ТҮСІП ТҰРҒАНДАЙ

Енді бір қызық айтайын. Президент тағынан үміткер 7 адам. (Үміткерлердің көңіліне келмесін), әлеуметтік желіде тек оппозициядан қосылған Қосанов пен бүгінгі Президент Тоқаев қана әңгімеге желі болып тартылуда. Қалғандарының да елге, жерге сіңірген еңбектері бар шығар, бірақ олар жайлы толғамды ой, татымды пікір ести алмай пұшайман болып отырмын. Мұның өзі халық қалауының өскенін, нақты кімдерге сенім арту керегін бажайлаған көрініс секілді сезіледі.
«Байтақ-Болашақ» экологиялық альянстың төрағасы Азаматхан Әміртай баламның «ҚАЗАҚ АРАНДАП ҚАЛМАУЫ ТИІС» деген жазбасы маған көп ой салды. Өйткені кикілжің сәтті күтіп отырған, халықты көтеріп, елдің ішіне ылаң салуды көксеген дұшпандар жоқ деп кім сенімді айта алады? Рас Президенттік сайлау жақындаған сайын қоғамда желбуаз, алып-қашпа әңгімелер көбейуде. Батыраш-қотыраштар білек сыбанып, үміткердердің ішінде аты оза шауып, даралана бастағандарды қара күйенің астынан алуда. Осындай қаралаумен жамандаудан әлеуметтік желілер жарылайын деп тұр. Бірі Тоқаев президент болуға қырсыз, Елбасыдан аса алмайды, соның айтқанын ғана істеумен шектеледі десе, бәз бірі үміткерлердің ішінде Қосанов жеңбеседе екінші болады, одан мықты ешкім жоқ, халықтан жайын сол ғана ойлайды деп қиқулатып жатыр. Кімнің кім екенін уақыт көрсетер. Уақыттан оза шауып, «мынау мықты, анау әлсіз» деуден аулақпын. Бәріне уақыт төреші. Қасым-Жомар Тоқаевтың кім екенін халық біледі. Ел алдында бағасын алып үлгерген азамат. Сол секілді Әміржан Қосановтың да қай деңгейдегі адам екенінен біршама жұрт хабардар. Ол оппозиция атын «жамылған» ойыншы ма, әлде шын халықтың арасынан шыққан, елдің мұңын жоқтайтын «тұлға ма», оны алдағы уақытта көре жатармыз. Ал қоғамда өзге үміткерлер жайында тұщымды әңгіме жоқтың қасы.
Меніңше, ел арасында бос қауесет, қыжыртқы әңгіме таратып, отқа май құйып, үрлеп отырған сыртқы күштер бар сияқты. Оларға Қазақстанның іргесі шайқалып, аласапыран болғаны тиімді секілді. Мәселен Мұхтар Әбіләзов. Егер ол таза адам болса, сыртта қашып жүрмей елдің ортасында отырар еді. Ол елдің ортасында жоқ. Шетелде бой тасалап жүр. Демек билікпен келісе алмаған «но»-лары көп. Ал ондай адамның айтқандарына сеніп, билікке қарсы, жалпы тек билік емес, айрандай ұйып отырған елдің ойранын шығаруға әрекет етуге бола ма? Қазір Әбіләзовты сүттен ақ, судан таза деп, ол билікке келсе Қазақстанның басына жұмақ орнайды деп жүргендер баршылық. Қайдам? Ол мықты болса, елде жүргенде қайда қалды? Білдей банктің білдей бастығы болып жүргенде жоқ-жұтаңдарға неге көмектеспеді?
Қысқасы қазіргідей үлкен сынақ кезінде халық сыртта жүріп айтқан Әбіләзов секілді- лердің сөзіне алданып, арандап қалмауы керек. Бізге жұрттың қақ жарылуы емес, қандай жағдай болса да елдің іргесінің мықтылығы, тұтастығы керек. Ал сайлауға келетін болсақ, кімнің аты озып, кімнің асығы алшысынан түсетінін жақын уақытта көріп, куәгер боламыз.
«Бұл ән — бұрынғы әннен өзгерек» деп Шәкәрім атам айтпақшы, бұл — президенттік сайлау бұрынғы сайлаулардан өзгерек болайын деп тұр. Биылғы сайлау бұрынғы сайлауларға қарағанда сәл тартысты болатыны да шындық. Тағы бір айтқым келетіні — бұл сайлау келешектегі сайлауларлың қалыптасуына, дамуына, жаңа серпін алуына игі әсер етпек… Мемлекет басына кім келсе де, халыққа жақын болуы, халыққа бетін бұруы тиіс! Халыққа жаға білуі керек. Ең бастысы әділ, адал, ақиқатшыл болғаны ләзім. Әсіресе ел қазынасы елдің көсегесін көгертуі тиіс. Иә, ол үшін жеке топтардың емес, халықтың, мемлекеттің мүддесіне жұмыс істеуі шарт. Сонда ғана халық кез келген уақытта оған оған сүйеу, тіреу бола алады. Бүгінгі додаға түсіп жатқандар осыны ұмытпаса игі.
Жоғарыда айттым емес пе, тағы айтамын, Президенттіктен үміткер 7-еудің ішіндегі халыққа ең танымалы бүгінгі президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен оппозиция өкілі Әміржан Қосанов. Басты тартыс — осы екі азаматтың арасында өрбиді. Ол үшін үлкен ғұлама, алысты болжайтын әулие болудың еш қажеті жоқ. Ел аралап, әлеуметтік желіге көз салып қойсаңыз жеткілікті. Халықтың талап-тілегі мен аңсар арманы да шарықтау шегіне жетіп тұр.
Халық оппозиция деп сеніп жерген партияның Президент сайлауына бойкот жариялауы — меніңше әлсіздік, табансыздық, рухсыздық секілді көрінді. Қаншама жыл билікпен тайталасып келіп, ақыр аяғында, «Бәрібір әділдік болмайды. Дауыс ұрланады. Билік өз дегенін істейді» деп сайлаудан бас тарту әбес қылық. Әділдік жолында күреспесе, халықтың саяси көзін ашуға талпыныс жасалмаса, кім келіп ақиқаттың туын қолға береді.
Осындай сәтте Әміржан Қосановтай азаматтың сайлауға қатысқаны өте дұрыс шешім болды. «Енді лайықты бәсеке орнайды. Идеяның бәсекесі. Халықтың дауысы естілсін, мұң-мұқтажын саяси бағдарламаға айналдырсын. Ертең Қосанов партиялар айтпайтын, сенат пен мәжілісте көтерілмейтін, мемлекеттік телевизиялық каналдар мен газеттер көрсетпейтін, жазбайтын, бірақ елдің арасында айтылатын, талқыналатын ойды жеткізеді. Мәселе ол оппозиция ма, емеспе онда емес, ол қай партиядан екендігі емес, оның ел алдында, билік алдында ақиқатты айту. Басқалар айтпайтынды жеткізу. Халықтың мұң-мұқтажын, талабын жеткізу. Ал билік оны ескеру қажет. Сайлау сол үшін керек. Саяси бағдарламалардың, ой-пікірдің бәсекелестігі болғаны маңызды.
Шынайы, әділетті сайлауда кім жеңетіні белгілі. Ол — xалық. Жеңген кандидат басқа кандидаттардың бағдарламасын, алған дауысын ескерсін, ел қолдаған ұсыныстарын іс-жүзіне айналдырсын.
Әлеуметтік желіде Аятжан Ахметжанұлы мынадай пост жариялады.
«… Бірі, «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысы атынан сайлауға түсетін — Әміржан Қосанов. Ол кісі дәл бүгін, 13 мамырда 55 жасқа толып жатыр. Құтты болсын!
Екіншісі, «Нұр Отан» партиясының кандидаты — Қасым-Жомарт Тоқаев. Ол кісі 4 күннен кейін, 17 мамыр күні 66 жасқа толады. Құтты болсын!
55 және 66 жастың айқасы. Үгіт-насихат басталғалы әлеуметтік желі өзге бес кандидатты ұмытқан, талқылау тек осы екі кандидат жайында.
Екеуінде де мақтаушы да, даттаушы да көп. Екеуінің де өз артықшылығы бар, кемшілігі де жоқ емес. Бірақ Американы Ұлы депрессиядан құтқарған Рузвельттің «Мен елдегі ең ақылды жігіт емеспін. Бірақ қасыма ертең ең ақылды жігіттерді жинап алуға ақылым да, ерік-жігерім де жетеді» деген сөзі ең маңызды деп ойлаймын. Себебі, елдің жағдайын түзейтін орган — жалғыз президент емес, оның мықты командасы. Сайлау науқаны ең қызу кез. Кім қанша пайыз алады? Ол алдағы күннің еншісінде…».

 

БІР АДАМНЫҢ  ҚАС-ҚАБАҒЫНА ҚАРАЙТЫН ЗАМАН КЕТТІ…

Азаматхан Әміртайдың мына пайымы да көңілге қонады. «Президенттік басқарылымның дәуірі ХХІ ғасырда өмір сүруі мүмкін емес. Оны мықты саясатшылар біледі, түсінеді. Президенттік басқарылым кезінде сөзбұйдаға салмай, көп мәселені жедел шештік. Өйткені уақыт соны талап етті. Әлемге өзімізді таныттық. Әлем бізді мойындады. Шекарамыздың даулы жерлерін реттедік, көрші-қолаңмен ынтымақта болдық, ішкі-сыртқы саясатты бір жақты еттік. Газ бен мұнайға сүйенсекте экономикамызды көтере алдық, әлемнің көптеген мемлекеттермен салыстырмалы түрде алатын болсақ, халықтың әлауқаты жағынан көбінен көш ілгері тұрмыз. Елде тыныштық бар, тұтастық бар. Береке бар. Мұның бәрі президенттік басқарылым кезінде қол жеткіздік. Шүкір, дейік бұған да.
Енді бізге жалғыз ғана мықты тұлғаның қажеті шамалы. Геосаясатты жетік түсінетін, әлемдік тенденцияны дұрыс тани білетін, xалықтың ойын қабылдай алатын тұлға керек. Жиырма бірінші ғасыр парламенттік мемлекеттердің дәуірі болуы керек. Бізде соған ұмтылуға тиіспіз. Егер парламенттік басқарылымы бар (Германия, Израиль, Италия, Грекия т.б) елдерге қарайтын болсақ, бұларда даму қарқыны әлдеқайда жоғары. Оларда мемлекет һәм ұлт мүддесі де, халықтың тұрмысы, ішкі-сыртқы саясаты, тіпті қаржы мәселесіде бір адамның көңіл күйіне, қас-қабағына қарап емес, парламентте ашық пікір талас кезінде шешіледі. Және әділдікке басымдық береді. Олай болса бізде президенттік басқарылымнан парламенттік басқарылымға көшуге ұмтылғанымыз жөн. Сонда ғана қазіргі кезде қордаланып тұрған көп мәселе әділ түрде шешімін табар еді».
Президенттік сайлау тақаған сайын әркім өзі қалаған үміткерді мадақтап, оның қарсыласын жамандау бұрыннан бар әдет. Бәлкім бұл да саясаттың бір соқпағы болар. Өйткені әркім додаға қосқан өз атының озып шыққанын қалайды емес пе? Бұл аламанда кімнің бағы жанып, президент тағы кімге бұйырарын жиырма күннің шамасында біліп, куә болармыз. Айтқым келгені, Мемлекет басына кім келсе де тілге тиек еткелі отырған мына мәселелерді ұмытпағаны дұрыс.
БІРІНШІ әлеуметтік салаға баса назар аудару. Халықтың әл-ауқатын көтеру. Жұмыс орындарының көптеп ашылуына күш салу. Көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға мемлекет есебінен көмек беру. Жеңілдіктер жасау. Бұған еліміздің мүмкіндігі бар. Қаржы жоқ емес. жеткілікті. Соны төкпей-шашпай, шенді-шекпенділердің жемсауына түсірмей тиесілі жеріне жеткізу. Демографиялық жарылысқа мүмкіндік жасау. Жастарға жол ашу. Жемқорлықпен күрес. Мұны аяусыз жүргізу керек. Мемлекет қазынасынан бөлінетін ешқандай пайда бермейтін форум-жиындарды тоқтату. Тиімсіз жобалардан бас тарту. Саяси реформаны қолға алу. Бұл — ішкі тірлік.
Сондай-ақ түбі бір түркі жұртымен тек рухани, мәдени байланысты ғана дамытып қоймай, саяси-экономикалық байланысты да тереңдете берген жөн. Ұтпасақ, ұтылмаймыз. Әрине Араб әлемі, Еуродақ, Латын Америкасы, АҚШ, Азия жолбарыстарымен де түрлі деңгейде экономикалық-саяси қарым-қатынасты ұлғайта берген жөн. Мұның өз пайдасы бар. 9 маусымнан кейін мемлекет билігін қолына алатын президент осыны жадына ұстағаны жөн. Халықтың тұрмысын түзей алмаған, геосаяси мәселелерді реттей алмаған президенттің биліктегі ғұмыры ұзаққа бармайтыны белгілі.

 

ТҮЙІН:
90% ДАУЫСҚА  ХАЛЫҚ СЕНБЕЙДІ

Бұл сайлауда Тоқаевтың жеңіске жетуіне мүмкіндік көп. Бірақ оған 90% дауыс «жасап» алуға баз біреулер халық белсенді болса халық жол бермес. Әрі кеткенде олардың бұл «көрсеткіштері» 60%-дан аспауы мүмкін. Және бүкіл Ел болып, Тоқаевтан басқа кандидаттардың ішінен біреуін таңдап, соған дауыс беріп, сол кандидат биліктің «әділ есебі» бойынша 20-30%-ды «иеленсе», осының өзі дәл қазір Қазақ еліне үлкен жетістік бола ма деп есептеймін. Бұл немесе басқаша жоғары пайыз біріншіден билік басындағы бауырларымызға бір ескерту болады, екіншіден келесі сайлауда Халық міндетті түрде жеңіске жететіні айдай анық. Қырғызстан мен Украина xалқы сайлау ұтысына, өздеріңіз білетіндей, бірден келген жоқ қой. Олар түрлі кезеңдерді бастан өткеріп барып жетілді, саяси білімдері өсті. Жаңаша көзқарастар қалыптасты. Соңында биліктен талап ету, әділ сайлау өткізу принциптерін бұзбауға жол ашты.
Ең басты назарға алатын нәрсе, кең алаңқайда, қолдаушыларының ортасында Тоқаев пен Қосанов міндетті түрде ана тілдерінде тікелей эфир арқылы дебат жасауға тиіс. Бұл демократияның, президенттік әділ сайлаудың нышаны. Мұны халық талап етуге де құқылы…
Ендігі халық таңдайтын кандидатқа келетін болсақ, Қосановтан басқа беделді ешкім жоқ, ол ақиқат. Өйткені халық «билік қанатының астынан шыққан» кандидаттарға сенуден қалды. Шыны керек, қазір халқымыздың көбі «саяси надан» және саясаттан көп алшақтап кетті. «Саяси надан» дегенім Халық саясаткерлерді білмейді, олардың жұмысы мен көзқарасын зерттемейді. Айқай-ұранға, өтірік-өсекке бейім. Ақыр аяғында өтірік уәде бергендерге сеніп, опық жеп қалады. Оның арты неге апарып соғатынын көріп жүрміз ғой…
«Шыбын мен саясаткердің ұқсайтын жері, екеуін де газетпен өлтіруге болады», — деп бекер айтылмаған болар. Билік пен Медиа қолында тұрған Тоқаев жеңіске бір табан жақын тұр. Оны мойындауымыз керек. Алайда байбалам салып, бұл сайлау бәрібір біз ойлағандай болмайды деу ұстамдылыққа жатпайды. Егер халық тарапынан толықтай белсенділік танытылса, 3 ші, немесе 4-ші сайлауларда саяси сана қалыптасып үлгерер. Оның артында әділ сайлау, таза демократияның құлағы қылтиады…
Қорытындыға келетін болсақ, 9-шы маусым күні бүкіл Қазақ xалқы міндетті түрде сайлауға қатысу керек. Бұл біздің Елде жақсы өзгерістер бастау хақында Халықтың тұңғыш мүмкүндігі. Сондықтан, осы мүмкіндікті жіберіп алмай, Ел болып жаңа президентті қолдап, болашақ ұрпағымызға Қазақтан Республикасы деген мұра қалдырайық.