ПРЕЗИДЕНТ ТОҚАЕВ: «ЖАС ҒАЛЫМДАРҒА БЮДЖЕТТЕН 18 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ БӨЛІНЕДІ»
Жоғары білімді жастар, оқып-тоқып қана қоймай, ізденістерге, ғылыми жаңалықтар ашуға көптеп талпынуда. Бұл мемлекет қолдауының арқасы. Жас ғалымдар мен зерттеушілер ел ертеңі. Олар ел дамуының көрсеткіші. Мемлекет басшысының айтуынша, жаһандық ғылыми-техникалық революция жағдайында ғалымдар мен білімпаздардың рөлі бірден артады. Алайда ең бай елдердің өзі барлық сала бойынша жоғары деңгейде зерттеу жүргізе алмайды. Сондықтан табысқа жету үшін басым бағыттарды айқындап алып, ғылыми қауымдастықтың, мемлекет пен бизнестің күш-жігерін жұмылдыру керек.
Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру, энергетика, атом энергетикасы, мұнай химиясы, геологиялық барлау, машина жасау, медицина, фармацевтика, биотехнология, ауыл шаруашылығы салаларын ілгерілетуге назар аударып, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, су ресурстарын тиімді басқару, табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайларды болжау және оның алдын алу секілді маңызды міндеттерге кеңірек тоқталуға шақырады.
Иә, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жас ғалымдарды қолдау күшейді. «Жас ғалым» жобасы бойынша жас ғалымдарға арналған гранттық бағдарлама әзірленіп, іске қосылды. Жалпы, 2021-2023 жылдар аралығында «Жас ғалым» жобаларын гранттық қаржыландыруға 4 конкурс, 2022-2024 жылдарға 3 конкурс және 2023-2025 жылдарға 1 конкурс өтті. Төрт байқаудың қорытындысы бойынша жас зерттеуші ғалымдар 462 жобаны іске асырып жатыр. Қазіргі уақытта осы бағдарлама бойынша бесінші конкурс аяқталу сатысында. «Жас ғалым» жобасын іске асыру ең алдымен инженерлік білімді дамытуға, техника мен технологияларды академиялық зерттеуге, постдокторанттарды ұстап қалуға және университеттер мен ғылыми ұйымдарға жас кадрлар ағынын арттыруға бағытталған. Бұдан басқа, 2020-2023 жылдар аралығында өткізілген жас ғалымдарды гранттық қаржыландыруға арналған конкурстар шеңберінде 451 жоба іске асып жатыр. Биыл гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурстар шеңберінде жас ғалымдар 217 ғылыми зерттеуді жүзеге асыруда. Сонымен қатар, 2024-2026 жылдарға арналған жас ғалымдардың ғылыми зерттеулеріне гранттық қаржыландыру бойынша 103 жоба іріктеліп алынды. Жалпы, бүгінде жас ғалымдар 1500-ге жуық ғылыми жобаны іске асырып жатыр.
Жастарды ғылымға тарту мақсатында 2023 жылғы 19 қазанда Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Отбасы банк» АҚ арасында жас ғалымдарға 2023-2027 жылдарға арналған жеңілдікті несие беру бағдарламасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Отбасы банк 2023 жылғы 1 желтоқсанда келісім шеңберінде жас ғалымдарға несие беру бағдарламасын іске қосты. Осылайша, қазіргі уақытта аталған бағдарлама жүзеге асып жатыр.
Мемлекет басшысы Алматыдағы «Ғылым ордасының» акт залында жас ғалымдармен кездесуінде сөзін қорытындылай келе, алдағы екі жылда жас ғалымдардың зерттеуіне бөлінетін грант саны тағы да көбейетінін, ол үшін бюджеттен 18 миллиард теңге бөлінетінін мәлімдеді. Сондай-ақ нақты шаралар арқылы еліміздегі ғылымды және жалпы ғалымдар қауымын қолдау жұмысы алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Шара соңында Президент жас ғалымдарға әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсету – мемлекеттің міндеті екенін атап өтіп, ғылымның түрлі саласында еселі еңбек етіп жүрген он азаматқа салтанатты түрде пәтер сертификаттарын табыстады.
Нағашыбай Қабылбек