Президент Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойды

Ақорданың баспасөз қызметі: «ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстанның орталығын Түркістанға ауыстыру туралы Жарлыққа қол қойды»,— деп хабарлайды. Шымкенттің миллионнан астам тұрғыны бар Астана мен Алматы қалаларының қатарына қосылғанын айтқан мемлекет басшысы жарлыққа жария түрде қол қою рәсімінде сөйлеген сөзінде: «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңның 3-бабының 1-тармағына сәйкес бүгін мен қол қоятын жарлық Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін береді. Бұл әкімшілік бірлік еліміздегі он жетінші аймақ болады. Облыс орталығы ғасырлар бойы Қазақ хандығының және бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласына көшіріледі», — деді. Жаңадан құрылған Түркістан облысында жаңа әкімшілік функцияларды сапалы іске асыру үшін барлық мүмкіндіктер бар екенін айтып, қабылданған шешімнің тарихи мәніне тоқталған Елбасы: «Шымкент біздің елдің ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінің инвестициялар, технологиялар және интеллектуалды ресурстар тартатын жаңа орталығына айналады. Бұл үшін барлық жағдай мен қажетті әлеует бар. Республикалық мәртебе алуы оның одан әрі ілгерілеуіне септігін тигізетініне және қаланың алдында жаңа перспективалар ашылатынына сенім мол. Бұл қадам шаһардың теңгермелі әлеуметтік-экономикалық дамуына және бүкіл өңір тұрғындарының тұрмыс сапасының дәйекті түрде артуына тың серпін береді», — деді. Қол қою рәсімінің соңында Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігіне, Үкіметке және облыс әкімдігіне жарлықты сапалы әрі шұғыл іске асыру, сондай-ақ жергілікті мемлекеттік органдар мен мекемелердің үздіксіз әрі тиімді қызметін қамтамасыз ету жөнінде бірқатар тапсырма берді. Арнайы қаулыға қол қойды.

Қазақстан Республикасының
Президентi Н.Назарбаев

 


 

 

 

 

 

Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен бұрынғы ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістан облысының, ал Шымкент қаласының әкімі болып Ғабидулла Әбдірахымов тағайындалды. Естеріңізге сала кетсек, бірер жыл бұрын Ғ.Әбдірахымов Шымкент қаласының әкімі қызметінен босатылып, 2017 жылы 31 қазанда «Нұр Отан» ХДП хатшысы болып тағайындалған еді. Жаңа облыс пен мегаполис басшыларының қызметіне табыс, еңбектеріне жеміс тілейміз!