Президент үкіметке көңілі тоқ, бірақ жекелеген басшыларды аямады

9 ақпанда Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Осы жиында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға Елбасы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мәселесіне қатысты  сын айтып, оны қызметінен босатты.

Көп өтпей мемлекет басшысының Жарлығымен Мәдина Ерасылқызы Әбілқасымова Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметіне тағайындалды. Оған артылған жүк ауыр. Өзіне дейінгі жіберілген кемшіліктерді саралап, тың жобаларға түрен салмаса, жетістікке жете алмасы тағы анық.

Айтпақшы Тамара Дүйсенова қызметімен қош айтысса,  Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев президенттен  ескерту алып тынды. Ол баяндамасында «Дельта банк» пен «РБК» банкіндегі проблемаларға тоқталып, мән –мағанасын ашуға талпынып баққанды.

«Дельта банк» қазір лицензиясынан айырылған, кредиттің 100 пайызға жуығы банк акционерінің бақылауындағы компанияларға тиесілі болған. Банктің есебінде бұл мүлде көрсетілмеген және тек тексеріс кезінде анықталды. Бұл банктің міндеттемелерінің 60 пайызын квазимемлекеттік құрылымдардың шоты құраған. РБК банкінде кредиттердің 90 пайызы банк акцонерлері немесе сонымен байланысты төрт қарыз алушыға берілген», — деп келе жатқан Ақышевті, Елбасы тоқтатып, оның жұмысын сынға алды.

«Қашан біз осы іске нүкте қоямыз? Әблязов бастаған БТА банк бәрінің көз алдында мемлекет пен халықтың ақшасын жаппай ұрлады. Бүкіл әлем бойынша біз мұны әшкереледік, мемекет ақшасын ұрлау екенін дәлелдедік. Ал қазір не? Банк құрдық, ұлттық компаниялар, адамдар барып жатыр. Енді осы акционерлер сол жерден ақшаны шығарып жатыр, ал Ұлттық банк болса қарап, сырттан бақылап отыр. Бұл қалай сонда?», — деді президент ашуланып.

Ақышевті біраз сілкілеп алған Елбасы банктің жағдайын, ақша ағымын күні бұрын қарап, бақылауға  мүмкіндік беретін заң жобасын енгізгенін айтты.

«Бұл проблеманы түбірімен жою үшін. Заң жобасын қарауды тездетуді сұраймын», — деді мемлекет басшысы.

Президент ауыл шаруашылығы саласындағы проблемаларға да ат шалдырды.

Әсіресе инвестиция мен агроөнеркәсіпке қатысты қиындықтарды шаш –етектен. «60-61-қадамдар – ауыл шаруашылық өнімдерін жасап шығару үшін стратегиялық инвесторлар тарту. Арада қанша уақыт өтсе де, бірақ әлі күнге дейін стратегиялық инвестордың қатысуымен бірде-бір жоба іске аспады.  Уақыт өтіп жатыр, байқа», — деді Елбасы ауыл шаруашылығының министрі Өмірзақ Шүкеевке.

«Қазiр салынған жолдардың тиiмдiлiгi мен ашықтығы аса маңызды. Себебi, былықтардың салдарынан қазiр құқық қорғау органдары «Қазавтожол» мен оның өңiрлiк филиал басшылығында отырғандардың басым бөлiгiн ұстады. Әрине, жаман iстерi үшiн ұстап отыр. Бұл басқару мен жол сапасы бойынша кемшiлiктердiң бар екенiн бiлдiредi», — дедi президент. Сосын Инвестициялар және даму министрiне: «Жұмыс орындағанда бiз нормативке қараймыз. Норматив баяғыда ескiрiп кеткен. Нормативке емес, жолдың қазiргi жағдайына қарау керек. Нормативпен салады, нормативпен ақша алады. Мемлекетте ақша пайда болса, барлығының тәбетi ашылып кетедi. Министрлiк не үшiн қажет? Мемлекеттiк қаржының шығынын қадағалау үшiн қажет. Бұл — сенiң жұмысыңдағы кемшiлiк», — деп ескерттi президент Жеңiс Қасымбекке.

Қатаң ескерту қаржы министріне жасалды. «Кедендік әкімшілендіруді түбегейлі жақсарту жайында айтсақ. Кедендік рәсімдердің ауыртпалығы индикаторы бойынша соңғы жылда Қазақстан 20 сатыға төмендеді. Бірінші қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа Кеден кодексі енгізілді. Бұл кодексте электрондық декларациялау қарастырылған. Дегенмен, әлі күнге дейін бізде импорт бойынша электрондық декларациялау жоқ. Қаржы министрлігі енгізіп жатқан «Астана-1» ақпараттық жүйесі бизнес тарапынан сынға ұшырап жатыр. Бүгін министр бұл мәселелер қаралып, 2018 жылы шешіледі деп баяндады. Бұл Қаржы министрлігінің тарапына айтылған сын. Мәселе күрделі болса да, оны шешу керек», — деді президент.

Сонымен қатар, Нұрсұлан Назарбаев бақылау-қадағалау функцияларына ревизия жүргізіп, тексерушілер санын қысқартуды тапсырғанын тілге тиек етті.

Жиын барысында облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдеріне азық-түлік бағасының тұрақтылығын бақылау және тарифтерді реттеу мәселесін назарда ұстау қажеттігі қадап айтылды.

Сондай-ақ Үкіметтің кеңейтілген отырысында министрлер мен әкім-қаралар былтырғы жылды қорытындылады. Жиылған Үкімет мүшелерінің бәрі былтыр атқарылған істер жөнінде Қазақстан Президентіне есеп береді.

Ішкі жалпы өнім былтыр 4 пайызды құрап, жаңаша қарқын алыпты. Өсімнің 60 пайызы – шикізаттық емес сектордың есебінен. Елбасының тапсырмасымен әлеуметтік жәрдемақылардың негізгі ставкалары өскені де белгілі болды. Мәселен, зейнетақы 20 пайыызға, баланың тууына байланысты берілетін жәрдем ақша 27 пайызға артқан.

Президент өткен жылы экономиканың өсімі 4% процент, инфляцияның 7% төңірегінде болуы біз үшін жаңа белес екеніне ерекше тоқталды.

 

Нағашыбай Қабылбек