ПРОБАЦИЯ ҚЫЗМЕТІ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫН ӨТКІЗДІ
Өткен аптада аудандық полиция бөлімінің мәжіліс залында ауданда пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған азаматтардың басын қосқан профилактикалық жұмыстар жүргізу жиыны өтті. Жиынға аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Үсен Айнақұл, аудандық пробация қызметінің бастығы Нұрсұлтан Каипов, Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Нұрислам Бейсенбек, психологы Данышпан Өмірәлі, БАҚ өкілдері және пробация есебінде тұрған 36 сотты болған азаматтар қатысты.
Аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Үсен Айнақұл қазіргі таңда аудан көлемінде пробациялық қызмет есебінде тұрған азаматтар жайында ақпаратпен таныстырып өтті.
-Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД-нің Мойынқұм аудандық пробация қызметінің 2023 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша қоғамнан оқшаулаумен байланысты жазаларға сотталған 100 тұлға тіркелген. Олардың 18-і шартты түрде сотталғандар, 67-і бас бостандығынан шектелгендер, 4-і қоғамдық жұмысқа тартылғандар, 10-ы белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым салынғандар және 1 азаматқа жазаны орындауды кейінге қалдыру шарасы қолданылған, дей келе қайта қылмыс жасаудың алдын алу үшін әр азамат заң талаптарына қайшы келетін әрекеттерден өз басын алып қашу керектігін ескертіп өтті.
Келесі кезекте аудандық пробация қызметінің бастығы Нұрсұлтан Каипов сөз алды.
-Қазіргі таңда аудандық пробация қызметінің есебінде 64 тұлға есепте тұр. Оның ішінде 59 азамат жұмысқа жарамды, денсаулығына байланысты жұмысқа жарамсызы – 3, бала күтімінде – 2. 59 жұмысқа жарамды сотталғандардың 56-сы әртүрлі санаттағы жұмыстармен қамтылған. Қалған 3 азаматты жұмыспен қамту үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Сотталған азаматтардың қайта қылмысқа бармауы үшін мемлекет тарапынан түрлі әлеуметтік көмектер көрсетіліп отырады. Сонымен қатар қандай да бір қажеттілік туындағанда пробация қызметінен көмек сұрауға болады. Айта кету керек, заң талаптарына енгізілген жаңа өзгерістерде қоғамнан оқшаулаумен байланысты жазалар бір адамға екінші рет берілмейді делінген. Демек қайталанып жасалған қылмыс үшін тек қана темір тордың арғы жағынан ғана жаза тағайындалады деген сөз, деп сөзін аяқтады.
Елдос ЕРҒАБЫЛҰЛЫ,
«Мойынқұм таңы»