Профессор Бауыржан Толысбаев: Кенже қалған өндірісімізді қалай дамытамыз?
Жолдауға қолдау
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің экономика факультетінің «Менеджмент» кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Толысбаевқа жолығып, Жолдауға өзек болған міндеттерге қатысты біраз сауалдар қойған едік.
Біз қандай маманды дайындауымыз керек?
— Бауыржан Советұлы, Жолдауда «Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс» дейді. Бұған сіз не дейсіз?
— Технологиялық үлкен жаңғырулар қоғамда үлкен өзгерістер әкеледі. Адамзат бұған дейін айналысып келген физикалық күші бар, қол күші еңбектерінің толығымен жойылып кетіп, оның орнын техникалық жабдықтар, роботтар, маникуляторлар ауыстыруы мүмкін. Менің ашып айтайын дегенім екі нәрсе: біріншісі, жер шарында адам саны жылдан-жылға өсіп келе жатыр. Екіншісі, озық технологиялар пайда болды. Технологияның дамуы өнеркәсіпте қалыптасқан жұмыс күштерін босатады. Сонан кейін жұмыссыздыққа әкеледі. Демек, ертеңгі нарыққа қажетті мамандарды бүгін дайындамасақ, ертең кеш қаламыз. Еуразия ұлттық университеті жаңа Қазақстанның үшінші жаңғыруында жаңа мамандықтар дайындауда жаңа бағыт ұстанып отыр.
— Жолдауда «Экономиканы цифрландыру табыс әкелгенімен, жұмыс күшінің көптеп босап қалу қаупін де тудырады» делінген.
— Бұрын үлкен кәсіпорындарда есепшілер болатын. Бірнеше бөлімге бөлініп, жұмыс істейтін. Қазір компьютерлік бағдарламалар қойылып, сондағы 10-20 адам істеген қызметті бір адам ғана атқаруы мүмкін. Ертең зауыттарда жұмысшылардың барлығын автоматтандырылған станоктар атқарады. Сол үшін жаңа мамандық түрлерін дайындаудың қажеттілігі туады. Бүгінгі таңда қандай мамандық даярлағанымыз дұрыс деген сұрақ туады. Өкімет тарапынан үлкен жоспарлар жасалуда. Еліміз өндірісті дамытып, өндіріс саласының мамандарын даярлау қажет. Бізде өндіріс саласы кенже қалып қойды. Оны дамытуымыз керек. Оған мүмкіндігіміз, қаржымыз бар. Бізде капиталға қаржы саламыз деп жатқан әр адам жан-жақты болуы керек. Дамыған, алпауыт мемлекеттер де біздегі айтып отырған мәселе басқадай туындап отыр. Неге десеңіз, оларда әлеуметтік жағдай жақсы көтерілген. Жұмыс беруші мен жұмысқа қабылданушылардың деңгейі жоғары.
Зауыттағы жай ғана жұмысшының өзінің арнайы білімі болуы керек. Болашақта біздің елімізде де ірі зауытқа жұмысшы болып кірудің өзі үлкен бір лауазым сияқты болып қалады. Неге? Ол үшін сіз арнайы дайындықтан өтуіңіз керек.Талап күшейеді. Қазақстанда қазір өндіріс саласындағы нарықтың икемділігі кең. Кенже қалып қойған саланы дамытуға мемлекеттен арнайы ақша бөлініп, бағдарлама бойынша осы салаға мамандар дайындап жатырмыз. Ал бірақ ертеңгі күні өндіріс қарыштап дамыған кезде бұл сала да шектеулі болып қалады. Өйткені жаңа техника, технология келеді. Жаңағы біз өндіріске жіберіп жатқан қажет мамандарымыз қысқаруға түседі. Қысқаруға түскеннен кейін еңбек нарығында қайда барады?!
Жоғары оқу орындары мамандары неге жұмыссыз?
— Жолдауда «Барлық негізгі мамандық бойынша заманауи стандарттар әзірлеу қажет. Бұл стандарттарда жұмыс берушілер мен бизнесмендер еңбеккерлердің білімі, қабілеті мен құзыретінің қандай болуы қажеттігін нақты белгілейді» деп міндеттелген. Оқытып жатқан мамандарыңыз осы талапқа сай ма?
— Экономикамыз қарыштап дамыса, он-он бес жылдың өзі үлкен өзгеріс әкеліп отырады, техника дамиды. Жаңа маман алдың, ол зейнетақыға дейін 30-40 жыл жұмыс істеуі керек, Заман талабына сай оның алған мамандығы екі-үш рет өзгеріп кетуі мүмкін. Сонда ол маманның тәжірибесіне сұранысы азая бастайды. Бір күні ол маманды «сіз бізге қажет емессің» деп далаға шығарып тастайды. Сол кезде әлгі адам басқа мамандықққа икемделуі керек. Адам өмір бойы оқиды деген қағида осыдан. Заман көшіне ілесіп отыру керек.
Қазақстан деңгейінде жоғары оқу орындарында бірнеше бағытта мамандықтар бекітілген. Үлкен мамандық жүктемесі көбінесе мемлекет тарапынан бекітіліп қояды. Айталық, экономика факультетінде: экономист, бухгалтер, басқарушы менеджер, маркетолог, экономика саласында, бизнес саласында мемлекет басқаратын адам барлығы бекітілген алты бағыт бар. Осы алты бағыттағы мамандықты даярлайды. Бүгін қандай қажеттілік туып жатыр? Біз экономиcт, бухгалтер, басқарушы менеджер мамандар даярлап жатырмыз. Оқу бағдарламасы бәрі бекітілген. Бірақ нарықтың сұранысында бізге жалғыз экономист, жалғыз басқарушы, жалғыз бухгалтер мамандар аздық етеді. Бізге кеңірек қажет. Мысалы, бүгінгі таңда қажеттілік туғаннан кейін мемлекеттік аудит деген жаңа мамандық ашылды. Сонан кейін жекеменшікті серіктестігі деп аталатын мамандыққа, жоба менеджері, монополияға қарсы реттеу деген мамандыққа сұраныстар туып жатыр. Монополиспен жұмыс істейтін мамандар керек болып жатыр. Оны дайындап береміз десек, ондағы маман экономиканы, құқықты, заңды, есеп-қисап жағын жетік білу керек.
Біздің дайындап жатқан мамандығымыз шектеулі мамандық, бірақ сұранысқа ие. Биылдан бастап «Мемлекеттік аудит» деген мамандықты аштық, бағдарламасы бекітілді. Аталмыш мамандық қаржының маманы болуы керек, заң білу керек. Жекеменшік серіктестігі мамандарға қажеттілік туған соң, мемлекет өздері оқытып жатыр. Нақтырақ айтқанда, бізден жақсы маманды алып, соны ары қарай білімін жетілдіруге жібереді. Тағы бір айтарым, жоба менеджері. Қазір жоба менеджеріне сұраныс көп. Қазір бір нәрсе болса, жоба жасайды. Жоба менеджері болғанда жаңағы жобаны басынан аяғына дейін өзі игеру керек. Онда жұмыс істейтін адам қаржы және заң мамандығынан сауаттылығы болуы керек.
Қажеттілік туындағанда басқа мамандыққа көшуге мәжбүрсің. Қазір бізді қинап отырғаны мемлекет тарапынан жоғарыда тілге тиек еткендей мемлекеттік жүктеме жасап қойған. Ол жүктеме классикалық түрде. Онда әр мамандыққа жеке төлқұжат дайындап қойған. Экономист бітірген кезде оның дипломына «экономиканың бакалавры» деп жазылады. Экономиканың бакалавры — экономика саласындағы экономикалық талдау, экономикалық жоспарлауды істей алатын ғана маман. Ал жұмыс беруші басшы әлгіні оқиды да «Сенің білімің шектеулі екен, менің талабым бұдан жоғары, сен қаржы білмейсің, құқық білмейсің, мен сені ала алмаймын» дейді. Сондықтан жаңа мамандықтың талабына сай болуы керек.
Шетелдерден үйренеріміз көп
— Жолдауда бұл мәселе назарға алынған, яғни «Кәсіби
талаптарын ескеріп, білім берудің жаңа бағдарламаларын әзірлеу қажет немесе қазіргі бағдарламаларды жаңарту керек» деп нақты көрсетілген.
— Ертең шетелдіктер зауытты салады, кетеді, оны игеретін адам керек қой. Сондықтан бізге кәсіби стандарттардың талаптарына сай маман дайындау керек. Бәсекеге қабілетті болуы керек.
Біздің университет өздерінің білім бағдарламасын жасап, ұсынып отыр. Университетіміздегі жекеменшік білім беру бағдарламасының артықшылығы мемлекеттің жүктемесіне қарамайды. Енді жасаған бағдарламамызды жұмыс берушілерге ұсынып жатырмыз. Жұмыс берушілерге: «Сіздерге осындай мамандар даярлап бере аламыз. Мынау біздің оқу бағдарламамыз. Мынау өтетін пәндері, мынау практикасы, тәжірибені сіздерден өтуге болады, осыған дайынсыздар ма, неше адам аласыздар?» — дейміз. Жұмыс беруші «бізге оншақты керек еді» десе, келісіп, тапсырысы бойынша келісімшартқа отырамыз. Сосын «Біздің шығынымыз мынандай, бағасы мынандай, келісесіздер ме?» — дейміз. Олар келіседі. Жұмыс берушілер кадрды сырттан іздемейді, өздерінің жұмысшыларын жібереміз дейді. Бірақ білім алуға кездейсоқ адамды қабылдай бермейміз. Оқытуға жіберген жұмысшылардың білім деңгейін тексереміз, емтихан аламыз. Сынақтан өткендерін білім бағдарламасымен даярлай бастаймыз. Білім бағдарламасында бір ғана бағытта емес, жан-жақты бағытта дайындаймыз.
Мұны айтып отырғаным, біз кәсіпкерлік саласындағы басқарушы деген мамандық дайындаймыз. Бұл басқарушы көбіне қызмет көрсету, әлеуметтік салаға қызмет етеді. Аталмыш бағдарламаны шетелдің бірнеше университетімен бірігіп жасайық деп отырмыз. Қазір біздің университет, Латвия университеті, Мәскеудің Плеханов атындағы университеті, Германияның Дрездендегі бір университеті қосылып отыр. Жаңағы білім бағдарламасын алғаннан кейін жастарымызды сол университетке оқытуға жібереміз. Егер біздің өзімізде оқытушы жетіспесе, орта болмаса біз шығынын соларға береміз де, олар жарты жыл оқытып береді. Білім алған соң, бізге келеді. Шетелдіктер де білім алушыларын бізге жібереді, сөйтіп алмасып отырамыз. Біз екі жылдық магистрлік деңгейді дайындағалы отырмыз. Одан кейінгі мақсат — медиа менеджмент, ІТ менеджмент мамандарын даярлау.
Жұлдыз Тойбек,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика
және саясаттану факультетінің аға оқытушысы