Жазушы публицист Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев): ПРУСТ САУАЛНАМАСЫНА ЖАУАП
Бұдан бір жарым ғасыр бұрын өмір сүрген француз жазушысы Марсель Пруст атымен аталатын пікіртерім кезінде әлемде өте өзекті жанр болған. «Ақтарылыстар альбомы» деген атпен әлденеше кітаптар да шыққан. «Асыл арна» осы дәстүрді қазақ эфирінде жалғастырып, арнайы бағдарлама жасап жүрді. Таяуда менімен болған сұқбатты әлеуметтік желідегі оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдім.
1. Сіз үшін ең қатерлі нәрсе не?
Мен үшін ең қатерлі нәрсе –қазақ тілінен, одан соң қазақ мемлекеттілігінен айырылу.
2. Сіздің қай жерде өмір сүргіңіз келеді?
Әдетте әзіл болса да «Адам өмірге бір-ақ рет келеді, оны Алматыда өткізу керек» деген тәмсіл бар ғой. Мен осыны ұстанамын. Өз басым түркі әлемінің достығын жоғары бағалаймын. Менің Қазақстаннан кейінгі екінші Отаным –Түркия. Егер жағдай болса ара-арасында екі-үш апта, бір ай Түркияда тұрып қайтқым келеді.
3. Сіз үшін мінсіз бақыт деген не?
Менің ұғымымда мінді, мінсіз бақыт деген жоқ. Бақыт деген жүректің тыныштығы дейді ғой. Жақсы көретін жандарың яғни отбасың, туған-туыстарың жаныңда болса, Отаның аман болса мен үшін одан асқан бақыт жоқ.
4. Сіз қандай қателіктерді кешіруге болады деп есептейсіз?
Жеке бастың білместікпен, пендешілікпен жекелеген жандарға қатысты істеген қателіктерін кешіруге болады. Ал жеке бастың мүддесі үшін көпшіліктің, халықтың, мемлекеттің мүддесін аяққа таптаған әрекеттер біліп істелсе де білмей істелсе де кешіруге болмайды.
5. Сіздің ең сүйікті тарихи кейіпкеріңіз?
Мұхаммед Мұстафа салаллоху ғалейхи уассалам.
6. Сіздің шынайы өмірдегі ең сүйікті кейіпкеріңіз?
Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев, Тоқтар Әубәкіров, Ақселеу Сейдімбек.
7. Сіз ер адамның бойындағы қандай қасиетін жоғары бағалайсыз?
Жауапкершілік, ақыл, қайрат, жігер, ұлтшылдық.
8. Сіз әйел адамның бойындағы қай қасиетті жоғары бағалайсыз?
Адалдық, отбасындағы жылылық, сезімталдық, еңбекқорлық
9. Сіздің ең сүйікті ісіңіз?
Менің үш сүйікті ісім бар. Бірі – машина рөліне отыру, екіншісі – балық аулау, туризм, үшіншісі – энциклопедия ақтару, кітап оқу.
10. Сіздің мінезіңіздің ең басты ерекшелігі қандай?
Менің мінезімнің басты ерекшелігі – момындық, конфликтіден қашу, мүмкіндігінше көркем мінез қалыптастыру.
11. Қазіргі Марат 25-тегі Маратқа қандай ақыл айтар еді?
Қазіргі Марат 25-тегі бойдақ Маратқа қыз қуа бермей ғылым жолына түс деп айтар едім.
12. Достарыңыздың қандай қасиеттерін сіз жоғары бағалайсыз?
Достарымның адалдығын, кіршіксіз көңілін жоғары бағалаймын. Біз жас кезімізде үш жігіт мен, ақын Рахымжан Өтегенов, Мәлік Шалақазақов, кейінірек төртінші жігіт Дүйсек Есенов қосылып дос болдық. Ақын Тұманбай Молдағалиевтің 1972 жылдың көктемінде біздерге арнап жазған «Үш дос» атты өлеңі болатын.
Жұп жазбайтын үшеуіңді көргенде,
Бір мұңлық құс оянады кеудемде.
Біз құсатып сендерді де бөледі-ау,
Жеке түндік жеке төрін бергенде.
Оған дейін жұптарыңды бөлмеңдер,
Өмір атты баспалдақпен өрлеңдер.
Бірің көкте, бірің жерде қалсаңдар,
Өтінемін, бір біріңнен көрмеңдер.
Өмір қатал бағынатын болыңдар,
Іздескенде табылатын болыңдар.
Ауылдарың алыс кеткен күнде де,
Бір-біріңді сағынатын болыңдар! – деп келетін. Сол достардың екеуі дүниеден өтіп екеуміз ғана қалдық.
13. Сіздің ең басты кемшілігіңіз?
Менің басты кемшілігім – адамға сенгіштігім. Қаншама аузым күйсе де адамға сенуден қала алмаймын.
14. Сіз үшін ең үлкен бақытсыздық не болар еді?
Мен үшін ең үлкен бақытсыздық – еліміздің тәуелсіздігінен айырылуы. Қазір соған қарай ашық та жасырын әрекеттер жүріп жатқаны байқалады. Оған жол бермеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз қажет!
15. Сүйікті есіміңіз қандай?
Сүйікті есімім – Раушан!
16. Сіз үшін ең ұнамсыз нәрсе не?
Мен үшін ең ұнамсыз нәрсе – имансыздық, жұбайлардың ажырасуы, ата-анаға құрметсіздік.
17. Сіздің ең жиі айтатын нақылыңыз…
Мен жиі айтатын нақыл екеу. Бірі өзім шығарған «Асығып жеткенше аман-есен жеткен артық». Екіншісі – «Әр нәрседе бір қайыр бар».
18. Әлемді қалай өзгертуге болады деп ойлайсыз?
Әлемді ізгілікпен өзгерткен – ең абзалы. Қаншама уақыт өтсе де, қаншама ғасырлар артта қалса да Адамгершіліктен асқан құндылық жоқ. ХІІ-ХШ ғасырлардағы Шыңғыс хан шапқыншылығы, ХҮ-ХҮІ ғасырлардағы конкистадорлық зұлматтар, Бірінші және Екінші жаһан соғыстары, түрлі саяси теке-тірестер жер бетінің саяси