ПУШКИН КӨП ЖАСАСА МҰСЫЛМАН БОЛАР ЕДІ

А.С.Пушкинге келер болсақ, орыстың ғана емес əлемнің ұлы ақыны атанған ол Хақтың үні – «Құран Кəрімді» 1795 жылы шыққан М.Веревкин аудармасындағы орыс тіліндегі нұсқасы арқылы оқып, əрбір сүренің, əрбір аяттың таза шындық екендігін терең сезінген болатын. Осы арқылы исламның артықшылығына ерте көз жеткізіп: «Жетімді, Құранды сүй жəне оны барша жұртқа түсіндір!» – деп өсиет те қалдырды…
Пушкин өзінің өлеңін Исламның қасиетті кітабы – «Құран Кəріммен» үндестіре отырып, одан нəр, мəйек қабылдады. Тыныстас болып «құбылаға құлауға дейін» барды… Пушкин «Құранға еліктеу» арқылы адамзатты «құранды сүюге», «жетімді жебеуге» шақырды. Жетімді жебеу, ізгілік, қайырымдылық – Құранда ең көп дəріптелетін ізгі амалдар…
Ақынның замандастары оның араб атасы Ганнибалдың ұрпағы екендігін алға тартып, оны «Мұхаммедтің үмбеті» деп атаған кездері де болған. Бірақ ол «арабтығымен» емес көкірек көзінің ашықтығымен, шындықты тез айыратын аса сезімталдығымен Құран хикіметін тани білген талант иесі саналады. Оның балғаның сабындай қысқа ғана ғұмырының жұлдыздай жарқырап өткенін еске алсақ, «мүбада көп жасаса, сөзсіз исламды қабылдар еді-ау» деп армандауға əбден болады. Жастығын албырттықпен – асау сезіммен арпалысып өткізетін күллі ақындарға ортақ қасиет – орта жастан асқанда ғана алды-артын түгендеп, шынайы ақиқатты тауып жататындығы десек, Пушкин «пайғамбар жасына» келіп, мұсылман болып жатса оған ешкім де таңғалмас еді.

Ж.Шәкенұлының «Жалғыздың үні» кітабынан