Пышағын жалаңдатқан дәрігерлер антына адал ма?
Әшейінде, білім мен медицина жайын айтып, жазғанда, мақтағанда алдымызға жан салмаймыз, бірақ халыққа адал қызмет көрсетуі тиіс сала қызметкерлерінің, тіпті «Гиппократ антын» қабылдаған дәрігерлердің өздерінің пендешілікке барып, келеңсіз тірліктер істеп жататынын байқай бермейміз.
Өйткені, құрылым солай, ебін тауып екі асауға құрылған. Әйтпесе, Елбасы барлық мемлекеттік, т.б. бағдарламалардың іске асуына аса мəн беріп-ақ жатыр. Әсіресе, болашағын біліммен ғана байланыстыратын халықтың, бүтіндей бір мемлекеттің, Білім саласының кемшіліктерін халық айта-айта шаршап, көңілі қалды. Біздің газет те қарап қалған жоқ. Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінен соң іле-шала сенатор М.Бахтияр мырза мәселе көтерді. Халық санасында «Ештен кеш жақсы» дегендей, Білім саласында оң өзгерістер болып қалар деген үкілі үміт оты жарқ ете қалды. Мейлі ғой, «Үмітсіз шайтан» деген. Ендігісін уақыт екшей жатар…
Ал енді, жоғарыда атап өткен Денсаулық сақтау саласы бүгінде еш сын көтермейтін халде екендігіне тоқталайын. Әрине, Кеңес Одағындағы Білім мен Денсаулық салаларының даму деңгейіне жету қайда?! Бүгінде бəрі сатылады. Дəрігерге емделу үшін де, кіру де, порталға кезекке тұру да, тіпті үйіңде өлсең де, моргтен алсаң да, бәрі — ақша. Онсыз ештеңе шеше алмайсың. Қысқасы, бəрін ақшамен есептейтін түпсіз құрдымға кетіп барамыз. Ал денсаулығың болмаса, алған білімің, жиған байлығың, тіпті тəуелсіздігің кімге керек?! Денсаулық саласындағы осы келеңсіздіктерді биліктегілер білмейді-ау, сірә. Себебі, оларда мұндай қиыншылықтар жоқ. Оны тек қалың бұқара ортасында жүрсең ғана көресің. Осы орайда, өз көзіммен көрген екі фактіні мысалға келтіре кетейін:
1. Қазір күн өткен сайын бала туу саны азайып барады. Нанбасаңыз статистикаға қараңыз. Анау бір “Кесерова сечения” деген кесірлі пәле келіншектердің тажалы болды. Аяғы ауырлап, гинекологқа барса бас салып, ішін жарып, баланы алуға құмар. Өйткені олардың әрбір отасына да кәдімгідей қомақты ақша төленеді екен. Өз басым нәрестесін үш рет ішін жарғызып алғызған келіншектерді білемін. Бұл біріншіден, ұрпақ қамын, болашақты ойламағандық, нағыз жауыздық. Екіншіден, ол өздері күресіп отырған жемқорлыққа жол ашу. Кеңес кезінде бұндай жарып алу өте сирек болатын. Ол үшін есеп беріп, жауап алатын. Ал қазір қаптап кеткен жекеменшік клиникалар мен дəріханаларды кім бақылап отыр?
2. Бүгінде қаптап кеткен басқа аурулармен қатар, оба ауруы да облыстық ауруханаларда ақылы екен. Келінім облыстық ауруханаға барып, төсіндегі ісікті көрсеткенде, дəрігерлер: «Уайымдамаңыз, жаман аурудан амансыз, тек ота жасап алып тастаймыз», — дейді. Ақшасын сұраса 12-14 мың теңге аралығында екен. Осыдан кейін, Алматыдағы ауруханалардың біріне келіп тексерілгенде, тура сол ауруды көріп, қағаздарын қарап, ота жасау құны 100 мың теңге деген. Бұған қалай таң қалмассың.
Бұдан бөлек, осы келісінде келінім аяғы ақсап жүрген кішкене баласын да тексертіп алмақ болды. Осылайша, Алматыдағы оба аурулары институтында тексеруден өте бастадық. Қай есікке кірсең болды, ақша төлейсің. 2 мыңнан 7 мың теңге арасында әр есікке, әр дәрігерге кірген сайын қалдырасың. Осылай кете береді. Төлем құны дәрігерлердің шеніне, дәрежесіне байланыстысы да бар екен.
Бір әйел адам алыстан келіпті. Бейшара ақшасы жоқтығын айтып, жылап жіберді. Ақыры ақшасы жетпей, орта жолдан ауылына қайтты. Сонда, бұл не, ақшаң жоқ болса, өле бер дегені ме? «Аш бала тоқбаламен ойнамайды,тоқ бала ештемені ойламайды» деген осы.. Квотаның өзін әуре сарсаңға салып қойған, ауылдағы халықтыңда өамын ойлайтын кез жетті..?!
Осы жайттарды жаза отырып, тиісті органдар мен үкіметке халыөтың төмендегідей уәждерімді жеткізбекпім:
1. Неге ҚР Денсаулық саласында белгілі бір жүйе жоқ. Қаласаң ана емханаға бар, қаламасаң мынаған бар деп, халықты ойыншыққа айналдыруға бола ма? Қаншалықты нарық заманы, ақылы десек те, емдеудің, ота жасаудың, дәрі-дәрмектердің бағалары неге ортақ бір жүйеге келтірілмейді?;
2. Науқас тағдырын шешуде дәрігерлердің білімі мен тәжірибесіне аса мән беріліп, қадағаланып отырса. Олай етпеген жағдайда, адам өліміне апаратын жайттардың да жиілейтінін ескеру керек;
3. Жоғарыда айтқан, “Кесерова сеченияны” аса бір ауыр жағдайларда ғана жасаудың жолын қарастырса. Бұл орайда, жөн-жосықсыз “Кесерова сечения” жасағандарды жазалаудың да жолдарын қарастырған жөн. Әрине, бұл жерде ота жасаушы дәрігер мен Бас дәрігердің арасындағы ымыраластықты жою үшін, сыртқы бақылау мен тексерулерге жүгінген жөн шығар.
4. Әрине, ескіні көксегенмен, алдыңа келтіре қою оңай емес. Дегенмен, жоғарыда, Үкімет басында отырғандар жақсылап ойлап, жаны ашып кіріссе, бізге, яғни 50 елдің қатарына енеміз деп отырған Қазақстан халқына тегін білім алатын, тегін емделетін, тегін демалатын, тегін жүретін кез келген сияқты.
5. Біз мемлекет, ұрпақ болашағын ойласақ осылай істеуіміз қажет. Бейшара халық бәріне көнді, бәрі сатулы, жер, су, білім, тіпті адам, осыншама жерге, байлыққа ие болып отырғанда, ертеңгі болашаққа барар ұрпағымыз дені сау, салауатты ұрпақ болса деген аналық ақ тілек пен ұсыныстар ғой менікі, ал сіздер қалай ойлайсыздар?
Сәуле Мешітбайқызы,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері