Қадір түні туралы не білеміз?
«Мың айдан да қасиетті» деп әспеттелетін қадір түнінің Рамазан айының соңғы он күнінің біріне жасырылғандығы туралы бізге жеткен сенімді хадистер бар. Мұсылман адам осы қасиетті түнде көбірек құлшылық етіп, дұға жасайды. Себеі бұл түннің артықшылығы туралы Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) жеткен мынадай хадис бар.
Әбу Һурайрадан (Аллаһ оған разы болсын). Ол: Аллаһ елшісінің (с.ғ.с): «Кім қадір түнін иманмен және сауап алу үмітінде құлшылық етіп өткізсе, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі», — деп айтты»,- деген. Дін ғұламалары бір ауыздан осы қасиетті түнді құлшылықпен өткізуді дәріптеп, бұл түнде жасалған әрбір амалдың мол саубы бар екендігін алға тартады. Батысы мүіннің күнәларының кешірілетіндігімен ерекшеленеді. Ал осы қасиетті түннің нақты уақыты тек мөлшермен ғана берілген. Бізге жеткен хадистер, қадір түнінің уақыты туралы да анық ескертулер көрсетеді.
Ибн Омардан (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын). Пайғамбардың (с.ғ.с) сахабаларынан бір кісілерге түстерінде қадір түнінің (рамазанның) соңғы жетілігінде екені көрсетіліпті. Сонда Аллаһ елшісі (с.ғ.с) «Түстеріңнің соңғы жетілікке тура келгенін көріп тұрмын, ендеше, кім (қадір түнін) іздесе, соны (рамазанның) соңғы жетілігінен іздесін», -депті.
Әбу Сағидтан (Аллаһ оған разы болсын). Ол: «Рамазанның ортаңғы онкүндігінде Пайғамбармен (с.ғ.с) бірге иғтикафта (Иғтикаф- белгілі бір уақыт ішінде мешіттен шықпай, ғибадат жасап отыру) отырдық, ол (рамазанның) жиырмасы күні таңертең шықты да, бізге уағыз айтып: «Расында, маған қадір түні көрсетілген еді, содан соң ол маған ұмыттырылды. Дегенмен оны (рамазанның) соңғы ондығындағы тақ (түндерден) іздеңдер. Мен түсімде су мен лайда сәжде жасап жатқанымды көрдім. Кім менімен бірге (Хадистің басқа риуаятында «менімен бірге» деген сөздің орнына «Аллаһ елшісімен бірге» сөз келтірілген) иғтикафқа отырған болса, қайта оралсын» (яғни мешітке қайтадан иғтикафқа келсін)- деді. Сөйтіп, біз қайта оралдық. Аспаннан шөкімдей де бұлт көрмеген едік, сол кезде бір бұлт келді де, жаңбыр болып жауып, тіпті құрманың жалаң бұтақтарымен жабылған мешіттің төбесінен су сорғалады. Сосын намазға иқама айтылды. Сонда Аллаһ елшісінің (с.ғ.с) су мен лайда сәжде жасап жатқанын көрдім, тіпті оның маңдайындағы балшық іздерін де көрдім»,- деген.
Ибн Аббастан (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын). Пайғамбар (с.ғ.с) «Қадір түнін рамазанның соңғы ондығынан, (айдың аяқталуына) тоғыз (түн) қалғанынан, жеті (түн) қалғанынан, бес (түн) қалғанынан іздеңдер», — деген.
Ибн Аббастан (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын). Ол: «Аллаһ елшісі (с.ғ.с): «Ол (яғни қадір түні) (соңғы) ондықта, ол (айдың соңғы он түнінің) алғашқы тоғызында немесе (айдың аяқтауына) қалған жеті (түнде) болады», — деп айтты»,- деген.
Айшадан (Аллаһ оған разы болсын). Ол: «Пайғамбар (с.ғ.с) (рамазанның соңғы) ондығы келгенде изарын буынып, (Бұл жерде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) құлшылық істеріне айырықша көңіл бөліп, әйелдеріне жақындамағаны туралы айтылған), түнін сергітіп, отбасын ұйқыдан оятатын (яғни олар да түнде намаз оқуы үшін)»,- деген. Рамазан айы мүсылман үшін береке түнған қасиеті мен қымбаты бөлек ай. Бұл ай тіпті мереке спетті. Осы айда ораза ұстаған адамның тәні мен қоса жаны да тазарып рухани кемелділікке көтерілетіні шындық. «ЕлАна» сайты ұжымы барша мұсылмандарды қасиетті рамазан айымен құттықтайды! Әрі қадір түнінде жасаған амалдарының сауаптан болуын тілейді. Сонымен қатар егемен еліміздің амандығын тілейді. Барша отандастарымыздың оразалары қабыл болып, келесі рамазан айына басымыз аман, баурымыз бүтін болып жетулеріңізге тілектеспіз!
Құрметпен, «Еlana.kz» қоғамдық, танымдық сайты