Қадірлі әріптестер!

Сіздерді «Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні» яғни кәсіби төл мерекеміз – Журналистер күнімен құттықтаймыз!

Ақпарат ғасырында өмір сүріп жатқан бүгінгі өркениет көшінің қара нары болып, халық жүгін арқалап келе жатқан журналистер қауымы екені даусыз. Осы абыройлы міндетті бұлтармас борышы етіп алған қазақ журналистері тәуелсіз Қазақстанның демократиялы, өркениетті, мәдениетті мемлекетке айналуы жолында, қоғамдық сананың оянуы мен жаңаруы үшін аянбай еңбек етіп келе жатыр. Дамыған елдерде журналистика саласы дербес қоғамдық институт ретінде, «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болып қызмет етіп жатса, қазіргі таңдағы қазақ журналистикасы билік пен халықтың арасын жалғайтын «Алтын көпір» ретінде «биліктің де халықтың да көзі, құлағы һәм тілі» болып «ерекше» қызмет атқарып келе жатыр. Заман өзгерер, жас мемлекетіміздің бұғанасы қатып, оң мен солына «өзінің көзімен» қарайтын, шынайы демократиялық қоғамға да жетер. Сол кезде біздің тәуелсіз елдің тәуелсіз журналистикасы да бүгінгіден дамыған, батыл да өршіл кейіпке енер… Бұл жерде, басынан небір зұлмат пен қиын тағдырды өткерген, қазақ халқымен бірге жасасып, бірге өсіп келе жатқан бүгінгі журналистикамызды мансұқтаудан аулақпыз. Тек, қатаң талап, бөгенайы бөлек әлпет пен әріптестерімізге алар асуларымызыдң әлі да болса алыста екендігін, жетістіктің жемісі ретінде дәріптеліп жатқан «сатымсақ силықтарға» алданбай сақ болуымыз керек екендігін айтқымыз келеді.

Мереке құтты болсын! Алла тағала баршамызды Алаштың абыройы мен егемен елдің мәңгілігі жолында адал қызмет етуді нәсіп етсін!!!

Құрметпен:

«ЕлАна» қоғамдық, танымдық сайты