ҚАЙДА КЕТІП БАРАСЫҢ, ҚАЗАҚ ЕРКЕГІ?
Тәуелсіздігімізді ширек ғасыр бұрын отырғызылған жас шыбықты баққа баласақ, қазіргі кезеңді сол жас шыбықтың туған топырақта тамырын тереңге тартып, тарала өсіп, алғашқы жемісін бере бастаған сәті десек жарасар. Және де осы азды-көпті мерзімде түсінгеніміз – мәуелі бақты күтіп баптау, дауыл мен өрттен, өзге де түрлі тұтқиыл апаттардан, өзегіне құрт болып бойлайтын зиянкестерден қорғаудың қаншалықты қиындығын, әрі мұнда ұсақ-түйек дегеннің болмайтынын жете ұғынғанымыз болса керек.
Жер көлемі жағынан әлемдегі сегізінші орынға, қазба байлықтың көптеген түрлері бойынша алдыңғы орындарға ие мемлекеттің шаңырағын шайқалтпай, туын биік ұстап тұру үшін нық экономика, қалыпты саяси ахуал, айбынды армия мен мықты кадрлар және ең бастысы – ұлтымыздың ұл-қыздарының өршіл намысқа суарылған рухы керек екендігі даусыз ақиқат. «Осынша берген дәулетті, көтеріп тұра алар ма екенбіз!», – деп Ақтамберді бабамыз айтпақшы, бүгінгі қазақ қоғамында белең алып бара жатқан өзгеге еліктеп-солықтаушылық, еркекке тән кесек мінез бен қазақ қыздарына тән ибалы нәзіктіктің жетесі жаһанданудың қайрағында жұқара түсуіне қарап, ертеңіміз қалай болар екен деген күдік ұялайтыны бекер емес! «Жер кетті, дін нашарлап, хал қарам боп» демекші, үш ғасыр бойына алдымен жері, одан соң адамының рухы отарланған халқымыздың елеулі бөлігінің ойлау жүйесі, салт-сана, әдет-қылықтары әлі күнге дейін жатжұрттық таным шеңберінен шыға алмай жүргені қынжылтады. Біз осы тұрғыда, «қазақ еркегі», «қазақ күйеу баласы» деген ұғымдарға қатысты келеңсіздіктерді ұлттық таным көкжиегі ауқымында қарастырып көрелік.
Қазақ қоғамында ене мен күйеу бала арасындағы туыстық, сыйластық қатынас ежелден бері жалғасып келді және қазірде бар. Қазақы түсінікте туған Анасы мен жұбайының шешесі – Енесінің қадірі бірдей екенін осы екі сөздің баламалылығының өзі білдіріп тұрған жоқ па? Қазақтың аса бай ауыз әдебиетінде Енеге қатысты ешбір ұнамсыз кейіпкер немесе сюжетті емге таппайсыз. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңірлердегі енелердің көбісі-ақ күйеу баласын оған тиген қызынан кем көрмейтіні анық.
Алайда, өткен ғасырдың соңын ала, қазақ енемен күйеу баланың ортасына өшпенділіктің отын сахнада лаулатып, соған ойланбай-ақмәз болып күлетін бір үрдіс пайда болғаны да шындық. Соның «алғашқы қарлығашы» «Бауыржан шоу» ойын-сауық театры болды-ау дейміз:
Айналайын, енеңе,
Не десе де үндеме.
Шайға қосып бере сал,
Қатыратын бірдеңе, – деп әндететін жігіттер тоқсаныншы жылдар көрерменінің есінде болар. Әрине, барлық қазақ жігіттерінің енесі «қарғам, айналайын» деп айта алмаймыз. Десек те, «Бауыржан шоу» және т.б. арзан күлкіге малданып, қазаққа тықпалап жүргені – орыс менталитетінің тұп-тура тықпалаған көшірмесі. Себебі, орыс енелер қартайғанда көбінесе қыздарының қолына тұруға бейім. Осыған қатысты орыстың ауыз әдебиетінде күйеубала мен ене арасындағы конфликтіге қатысты жағымсыз, тіпті, бейәдеп айтылымдар аса мол.
Қазақ аналары қара шаңырақтағы ұлының қолында тұратыны, ұлы жоқ себепті халі кеткен жағдайда ғана қыздың қолына баратыны рас. Әрі мұндағы қарым-қатынас та анау айтқандай шиеленіске бара қоймайды. Қысқасы, ене мен күйеу бала арасындағы ит пен мысықтай өшпенділікке құрылған анекдотсымақтарды қазақ қоғамына тықпалау – қазақ өмірінен бейхабарлық, мәңгүрттік десек жарасар. «Ойын білмейтін бала шешесінің артын шұқып ойнайды» деген осы болар. «Өзі ит – өзгені де ит деп ойлар» деп Абай атамыз айтпақшы, орысша өмір сүру салтын өзі бойына көбірек сіңірген кейбір жандар осылайша ұлтының туыстық тұтастығы туралы ұғымына сына қағып отырғанын, онысымен өзге жұртқа ерсі көрініп, тіпті, мазақ болып отырғанын да сезбейді-ау! Осы тақылеттес жасанды жапсырма мінездің қалыптасуына тұрмыстық деңгейдегі көр-жерді арзан күлкіге құрылған сахна әртістері аса көп «үлес қосып жатыр» деген болар едік. Қазір қарап тұрсаңыз, қазіргі қазақ әзіл-сықақ театрлары сахнасын бірөңкей «қатынша киінген еркектер» жаулап алған екен. Бұл да жарасатын үрдіс емес.
Рас, «Тамаша» әзіл-сықақ отауының дүрілдеп тұрған тұсында да мұндай үрдіс болған. Бірақ, «о шиқылға бұ шиқыл ұқсамайды» демекші, Құдайберген Сұлтанбаев марқұм ойнаған бәйбішелер образы кесек те жарасымды, нанымды болатын. «Бауыржан шоу», «Шаншар», «Шымкент шоу», «Тұрсынбек шоу» т.б. қаптаған шоулардағы «Күлпәш» тәрізді қатын еркектер әдепкі жағдайға айналғаны сондай, қазір екінің бірі әйел рөлін қымсынбай ойнай беретін болды. Қазақ театр сахнасында әйел рөлінде ойнау – бір замандарда әйел актрисаның болмауынан немесе мүлде жеткіліксіздігінен туындағанын, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың өзі «Еңлік-Кебекті» қойғанда солай киінгенін білеміз. Алайда, ол ХХ ғасырдың басы ғой. Қазіргісі қандай «дефицит?»
«Құдашадан құр қалғанды құдай ұрады», – дейтін қазақ жігітінің құдашаға үздікке қаншама тамаша әні бар еді. «Әп-әдемі ән еді, пұшық келіп қор қылды», – дегендей құда бала мен құдашаның ортасындағы жарасымды байланысты Бауыржан Ибрагимов бауырымыз құда мен құдағиды жастардың көзін ала беріп ойнас қылдырып, «құдағи бір партия» деп өмешесін үзгізіп, жайын жатқан қазақтың ойына от тастап қойды. Былай қарасаңыз, бұл да қазақы тектілікке жат көрініс. Сонау заманда Кеңгірбай, Құнанбайлар Қодар мен Қамқаға, Қалқаман мен Мамырға не үшін ауыр жаза кесті? Себебі, олар қазаққа тән ұлттық әдеп-жосынның шекарасын бұзған болатын. Туған құдағиымен, келінімен, жеті атаға дейінгі руласыңмен әуейі болуды қазақ қоғамы аса жат қылық санаған. Сонда бұлардың сахнадағы қылығы қазақ этикасының тұнығын өзге жұрттың ласымен лайлап, санасын талқандау емей немене? Мынау қазақ қауымында ене мен күйеубала түгілі ата мен келіннің әпейлігі әдепкі дүние болғанын солар жайлы шығармалардан жақсы білеміз. Өзімен кетсін!
«Ертең ел қорғайды» деген алпамсадай азаматтардың әйел бейнесіне ену үрдісі театрдан асап, қазақ экранын да жаулай бастады. Оның мысалы, КВН-ші Нұртас Адамбай «Келинка Сабинканың» екі бірдей сериясын түсіріп, қатын рөлін өзі қатырып ойнап тастады. Жалпы идея дұрыс-ақ болсын, алайда, әйел рөлін өзі емес, әйел актрисаның біріне ойнатуға болушы-ақ еді ғой. Сол баяғы қалыптасып, ет өліп кеткен үрдіс. Әкесінің қатын болып ойнағанын көріп өскен ұл ертең кім болмақ? Сахна мен экранда асыр салған бұл жағымсыз қылықтың жұлынқұрты, енді, көшеге «қанат жайғанын» анық сезініп отырмыз. Қазақстанда қызтеке еркектердің көбейгені туралы жиі айтылып жатуы – сөзіміздің дәлелі. Бағзыдан күні кешеге дейінгі қазақ музыкасы, ән өнеріндегі ғашықтық халдің сөзі мен әуені де айқын бедерлі, әсерлі еді:
Қарғам-ау, сен қалайсың мен дегенде,
Бал татыр, сілекейің шөлдегенде, –
немесе:
Емінтіп ақ тамақтан бір иіскетсең,
Аулыңнан айналақтап кетемін бе! – деп қазақтың дала серілері жігіттік батылдық, кесектікті, ынтызарлықты танытып тұрады.
Ал, қазіргі әйелше киініп алып, майысып-қайысып «сүйдім-күйдім», «кеттім-бардым» деп мағынасы да, сезімі де жасанды әнге елітіп, ыңырсып, қыңсылаған нәзік, жалбыр жігіттер де қазақ музыкасында «дәстүрге» айналып болды. Көшбасшысы Қайрат Нұртас бастаған толып жатқан әншілер мен топтардың әндері қазақ жастарын ірілікке тәрбиелеп жатыр деп айта аламыз ба? Осындай арзан, махаббаттық жасық әндерді көп тыңдаған ер балалардың елеулі бөлігі бара-бара өзіне жігіт іздеп тауып, көксоққан «көгілдірге» айналатыны туралы да жазылып жатыр.
«Еркек болсаң, тұрысатын жеріңді айт, еркектікке жарамасаң, қатыныңның жаулығын киіп ал» деп намысын қайрайтын қайран қазақтың ХХІ ғасырдағы кейбірерлері осылайша, қанында жоққылық – енесін жауына балап салғыласуға, әйелден бетер өсек айтуға, бозбалалары қызша қылымсып «бәтшағар» болудан арланбайтын кепке жетіпті. «Ғаламдасу деген осы ғой!» дейін десең, өзге жұрт іргесін қымтап, «қызға қырық үйден, ұлға ұрулы елден тыйым» салып отырғанын да көріп отырмыз. Сонда, біздікі не? Тіпті, біздің хак дінімізде де бұған тыйым салған еді ғой: «Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйел секілді киінген еркекке, еркек секілді киінген әйелге лағынет етті» (Әбу Дәуіт, Либәс, 28).
Бұл күйге бүгін емес, көптен кірдік
Алды-артын аңдамаған бетпен кірдік, – деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов, сонау, ХХ ғасырдың басында-ақ зар-наласын бекер төкпеген екен. Өзгенің қаңсығын өзімізге таңсық қылумен, еліктеп, солықтау мен «күн күлдіріп, жаз жайнатып», қазақ халқын осы күйге түсіріп жүрген сахна, кино маңындағы қауымға «әй дейтін әжелік» тыйым жасайтын қандай механизм бар? Әлде, солай арсыз көріністің жетегінде, әуейі ұлтқа айналып жүре береміз бе? Сіз не дейсіз?
Асылбек Байтанұлы,
журналист