Қайдасың Нəзипə?
(Шағын əңгіме)
Күздің күңгірт күнінің бірі.Мен ұстаз болып қызмет атқаратын Ораз Жандосов атындағы орта мектептің атынан аудан аралық тарих сабағының ұстаздары арасында болатын жиналысқа кетіп барамын.Ауыл ортасындағы мəдениет үйінің алдынан күніне үш мезгіл Есік қаласына қоғамдық көлік қатынайды.
Үйдегі бəйбішемнің таңғы асыңды ішіп кетсеңші деген сөзін ескермей,үстіме ақ жейде,қара пальто,астыма қара сым,жəне ескілеу келген туфлимді киіп,əлгі қоғамдық көліктің таңертеңгі жүрісіне үлгеріп қалу үшін,ұзын сирақты аяқтарымды тез басып,шапшаң жүрісімді пір тұтып, асығыс жүріп келемін.
Қоғамдық көлікке əзер дегенде үлгердім.
Жаңа жұбайымды тыңдап,таңғы асқа алданып отыра бергенде үлгермей қалар ем.Іштей өз-өзіме риза болып,көңілім өздігінен желпініп кетті.Мен қоғамдық көлікке кірген уақытта іші алакөлеңке екен.Там-тұмдап түсіп тұрған шам жарығы мені соңғы жағындағы бос тұрған орындықтардың біріне алып келді.Отырғаным сол еді,кірпіктерім айқаса кетті.
Есік қаласына жете бере ояндым.Ұйқышылдық бойымды дендеп,əлсіздік құрығын мен жақа салғалы тұрғандай.Ары қарай ұйқым келсе де,ес жиып,өз-өзіме келуге тырыстым.Көзімді уқалап,бұлқан-талқаны шығып жатқан жейдемнің қыр-сырын салып,əдепті оқушыдай томпиып отырдым да қалдым.
Су қайнайтындай уақыттан кейін діттеген жеріме де келдім.
Қоғамдық көліктен түсіп,Есіктегі мəдениет үйін бетке алдым.Шамамен бес шақырымдай жолды жаяу өткеруім керек.Əлде такси ұстай салсам ба екен?Қалтамдағы қазынама қол салып ем,кедейдің қапшығына айналған əмиянымның жағдай мəз емес екен.Мырс етіп күліп жібердім.Ұстазда қандай артық ақша болсын!
Амал жоқ енді,Алла екі аяғыма күш берсін.
Қазір-ақ жетемін.Бес шақырым деген не ол?!Бұл өз-өзімді балаша алдағаным, жұбатқаным болды.Тау жақта орналасқасын ба,Есік қаласы зəрдей суық.Жұқалтаң шыққаныма қапаланып,бұрсең қаққан жүрісте мəдениет үйіне ілбіп келемін.
Ішімде тұманға тұмшаланған сансыз сұрақтар мен бұлттарша қалқыған түпсіз ойлар.
Басқа елдерде ұстаздық ету деген үлкен мəртебе əрі абырой.Жалақылары да жанбағысқа жарамды.Ал бізде ше?!Бітпейтін жиналыстар,бітпейтін тексерістер,тез бітетін жалақы.Газетке еркіңнен тыс жазып қояды.Бағдарламаларға қинап апарады.Қағазбастылық!Сонда əділдік қайда?Қашанғы теперіш көре береміз?Ұстаз қуыршақ па?!
Осындай суық күнде іштей налып,мəдениет үйіне қалай тез жеткенімді аңғармай қалыппын.
Жиналыс басталды.
Мінберге кезек-кезек шыққан тұлғалардың
сөздері,сындары,ұсыныстары,ақылдары айтылып жатты.
Мұндай жаттанды сөздерден мезі болып кеткенмін.Маужырап кеттім.Кенет таныс дауыстан селк ете түстім.Мінберге əйел кісі шығып сөйлеп бастапты.
Құдай-ау?!Өңім бе,түсім бе?Бұл расымен сенбісің Нəзипə?Жүрегіме аяусыз атом бомбасы түскендей!
Көз алдыма студенттік шағым елестеп кетті.
Кеше ғана мен гүл ұстап саябақта күткен Нəзипə бұл сен бе?
Кеше ғана мені сағынып күтетін Нəзипə бұл сен бе?
Кеше ғана ғашықтар едік.Кеше ғана ең алғаш оқуға түсіп,аудиторияға кіріп келгенімде дəл алдымнан шыға келген сен ең ғой.Содан бері ғашықтық дертім үдей берген.Екеумізде армандар таусылмаушы еді ғой.Күн батқанша тарихта өткен ғашықтарды оқушы едік қой.Солардың тағдырларын неге қайталадық.Бүгін бір-біріне селқос қарайтын бөтен жандарға неге айналдық.Сен өз жолыңмен,мен өз жолыммен кете бардық.
Нəзипə сөйлеп болғанша жүрегім дірілдеп отырды.Қара тер бұрқ ете қалды.Баяғы қалпынша.Түк өзгермеген.Өн бойынан жылулық лебі соғып тұр.Қоңыр көздері кісі атаулыны өзіне тартады да тұрады.
Қызық.
Мені байқады ма екен?!Əй байқамаған шығар?!
— Алтынбек Қасенұлы,сіз не айтасыз?Алдағы жоспарларыңыз жəйлі,білім беру сапасы жəйлі ой қозғай кетсеңіз?-деп білім басқармасының өкілінің бірі маған тұтқиылдан сұрақ қойды.Мінбер жақа қалай келгенімді білмеймін.Бұл жолы Нəзипə мені байқағанына күмəнім жоқ.Үш сөздің басын қосып жатып əлденелерді айттым.Құлағым керең,көзім соқыр,тілім мақау секілді болып тұрмын.Тұс-тұстан қараған екі көздер тығырыққа одан əрмен тіреді.Нəзипəмен өткен естеліктер менің жағама жармасып ел алдында быт-шытымды шығарып жіберді.Мұндай халімді көріп тұрған ұстаздар:
-Мына кісі қалай ұстаз болып жүр?
-Өй мынау бір түрлі ме?
-Қобалжып тұр ғой,-деп жан-жақтан еріндерін жыбырлатты.
Жиналыс бітті.Менің қайтсемде Нəзипəмен көрісуім керек.
Жо-жоқ!
Мен үйдегі бəйбішемнің көзіне шөп салудан аулақпын!Тек Нəзипəға əлдене айтуым керек.
Қарақұрым адамдар арасынан оны іздеп əуремін.
Таба алмадым.
Жүгіріп тысқа шықтым.Мұнда да жоқ.Темекі шегіп тұрған бейтаныс кісіден:
-Қара шашты,ұзынша бойлы,қызыл пəлтө киген əйел кісіні байқамадыңыз ба?-дедім күйгелектеп.
-Айтып тұрғаныңыз Нəзипə ма?
-Иə дəл өзі!-сөзіміздің бір жерден шыққанына қуанып кеттім.
-Ол кісі жаңа ғана жұбайымен кетіп қалды ғой.
-Жұбайымен деймісіз?
-Иə.Ал,сіз кім боласыз?
-Ескі танысы,-дедім де шетке шығып кеттім.
Ауылға қайтар жерге келдім де,қоғамдық көлікке отыра кеттім.Терезеден сырт жақты қарап отырмын.Суық жаңбыр төгіле жөнелді.
Иə!
Екеумізді екі бөлген тағдыр ғой,-дедім іштей.
Бір-бірімізге сонша қырсықтық қой.Ақырында менің тəкəппар мінезім сенің алдыңда иілгісі келмей басқаны таңдады.Сен жалғыз қалдың.Кəдімгідей сағынып қалыппын.Жаңа көргенімде анық сезіндім.Көңілім жүдеу тартып,өңім күңгірттеніп кетті.Тағдыр-тағдыр деп кінəні соған артамыз.Түптеп келгенде тағдыр деген адам баласының өз қолымен,өз таңдауымен жасаған іс əрекеті емей немене?!
Жандос Сайлау фб парақшасынан