ҚАЙРАТКЕР
Жасыратыны жоқ, орта өзгерді, жақсылық жамандыққа арбалды, адамдардың көзқарасы жеке бастың қамын ғана күйттейтін дәрежеге жетті деп қоғамды қанша жазғырсақ та, шамның жарығы сияқты адамгершілік қасиеттерімен жаныңа ғажайып нұр шашып тұратын, ішкі дүниесі асыл алмаздай жарқыраған замандастардан да кенде емеспіз. Ондай жандардың ізгілігінен, пайым-парасатынан күш-қуат алғандай әсерде болатының да рас.
«Жақсы мінез-құлық пен ақыл күші болып, екеуі біріккенде, бұлар адамшылық қасиеттер болып табылады», — деп айтқан ғұлама бабамыз әл-Фарабидің ұлағатты сөзін бойына жинап, маңайындағыларға жақсылық жасап, бәйек болып жүретін жанның бірі, елге сыйлы азамат, белгілі қоғам қайраткері Серік Әбікенұлы Үмбетов десем артық айтқандық болмас.
«Сәлем сөздің анасы» демекші, Серік Әбікенұлымен әр кездескен сайын жылы шырайлы амандығымыз үзілген емес. Атам қазақ ұлттық тәрбиеміздің негізі, әрі әліппесі санаған сәлемдесуіміз арқылы ол кісінің кескін-кейпінен маған деген сыйластық пен құрметтің, ізеттіліктің ізін байқаймын. Дана халқымыз «Болар елдің баласын сәлемінен танисың», я болмаса «Сәлемің түзу болмай ісің түзу болмайды», «Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді» деп тегін айтпаса керек. Менде осы азаматпен әр жолыққан сайынғы иіліп амандасуымыздың арты сыйластық қарым-қатынасқа ұласқанына қуаныштымын. Қазақы болмысты тіршілігіне арқау еткен осы бір жанның кісілік қарым-қатынасына, айрықша ілтифатына дән ризамын.
Екеуміз еліміздің үлкен жиындарында, бабаларға арналған астарда қауышып қалып, бір-бірімізге патша көңілімізді білдіріп жатқанымыз, жарасымдылықтың белгісі деп санаймын. Мұхаммед Пайғамбарымыз бір хадисінде «бір-біріңмен сәлемдесіп жүріңдер, сонда ғана араларыңда мейірім-махаббат оянады» деген екен.
Серік Әбікенұлы еліміздің үш облысында он алты жыл бойы бірінші басшы лауазымды қызметтерді атқарды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы күрделі кезеңде Алматы облысын басқарып, бірлігінің, біліктілігінің, шаруа қыр-сырына қанықтығының, ел-жұртпен етене араласа білетін елгезектігінің арқасында халықтың ілтипатына бөленді. Жамбыл облысына жетекшілік еткен онан кейінгі жылдары да сол баяғы шабандоз жүрісінен танбай, облысты өрге сүйреді. Ал республикамыздың Ауыл шаруашылығы министрі болып еңбек еткен кезеңде осы саланың қыр-сырын барынша меңгерген маман ретінде саланы шыр көбелек айналдырып, халқына қалтқысыз қызмететудің үлгісін көрсетті. Мұнан кейін Елбасының сенім білдіруімен өзі туып-өскен Жетісу жеріне қайта оралып, Алматы сияқты үлкен облысты алты жыл бойы тағы да мінсіз басқарып, осы арадан халық қалаулысы атанып, Парламент Мәжілісіне жол тартты.
Үлкен мінберлерде жүріп, мемлекетіміздің өркениетті елдердің қатарына қосылуы жолында елеулі еңбек етіп, халықпен етене араласып, оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, елдің ықыласына бөленген сабырлы да тиянақты іскер, басшы атанды. Ол үнемі өзіне жүктелген тапсырманың байыбына барып салиқалы шешім қабылдайтын. Өзі еңбек еткен өңірлерде 49 ескерткіш, даңқ ескерткіштерін, мемориалдық тақталар орнатып көпшілік тарапынан лайықты бағасын алды.
Атпал азаматты кезінде өзі жетекшілік еткен өңірдің халқы әр кез ұмытпай жағымды жаңалықтарымен бөлісіп отырады. Мәселен Жамбыл облысында қызмет жасап кеткеніне 15-20 жылдай уақыт өтсе де, аймақтың қадірменді ақсақалдар қауымы телефон шалып: «Серік Әбікенұлы қала ардагерлері үшін қарттар үйі тұрғызылып жатыр, өзіңіздің бастамаңызбен басталған шаруалар нәтижелі болды» деген сияқты әңгімелерімен бөлісіп, мәз-мейрам болысып жатқандары. Демек, «Жақсы мінез, жақсы іс өміріңнің сарқылмас байлығы» демекші, Серік Әбікенұлы үлгілі әдебімен, жарқын ісімен адамдар жүрегіне жол таба білген жан.
Республикаға танымал кәсіпкерлердің бірі Сыдық Әбуұлы Дәулетов басқа өңірден қоныс аударып келіп, шаруа қожалығын ашып, түйе өсірумен айналысады. Шаруасының ұршығы оңынан айналып, төскейі малға толып, түлігі төрт мың басқа жетіп, ел арасында түйелі бай атанады. Алайда бес саусақтың бірдей еместігі сияқты, адамдар да әртүрлі мінезді болады емес пе? Іштеріне пышақ айналмайтын пенделер көреалмаушылыққа салып, Сыдық Әбуұлын аяқтан шалу сияқты жаман пиғылдар көрсете бастайды. Одан қалды Сыдықты сырттан келді деп, түрлі қақастық істер, шеттетулер белең алады.
Бұл өрескел жағдай Серік Әбікенұлының құлағына да жетеді. Көпті көрген, өнегелі басшы облыс активінің жиналысында көпшілікке қарата: «Сыдық Әбуұлы өз қандасымыз, бауырымыз. Ол осы өңірге тастай батып, судай сіңіп кеткен азамат. Осы жердің төл перзентіндей жұмыс жасап жүр. Қолынан келгенше қайырымдылық, бабаларға тағзым ету, жетім-жесірге қолқабыс беру сияқты сауапты істерден шет қалған емес. Тапқан тиын-тебенін жұртшылықпен жеткілікті дәрежеде бөлісіп келеді. Өзімізді өзіміз өзектен тепкенді қояйық» деп тоқтау айтады. «Жақсының айтқан ақылы — қазулы сара жолмен тең» деп Шал ақын айтқандай, парасатты адамның дуалы сөзінен кейін Сыдыққа деген бұрынғы жағымсыз әрекеттер сап тиылған екен. Бұл жағдай елді ынтымаққа, ауызбірлікке шақырудың бір үлгісі емес пе? Қазағым айтқан «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды» дегенді байыппен адам санасына құйып жіберудің өзі көрегендіктің белгісі дер едім.
Бірде Елбасымен өткен кездесуден кейін тілдесе қалғанымызда Серік Әбікенұлы әулие бабалар мәңгілік қонысын тапқан үш жерде болмағанын, солардың басына барып дұға бағыштау көкейінде жүрген арман екендігін еш бүкпесіз жайып салған болатын. Оның бірі — барша мұсылман әлемінің пайғамбары Мұхаммед с.ғ.с мекені Мекке, екіншісі —қасиетті пір Бекет Ата, үшіншісі — Қарқаралы басындағы аруақтар болатын.
Осындай қалың ойдың құшағында арпалысып жүргенде Елбасымен бірге мұсылманның Алла алдындағы бес парызының бірін өтейтін жер Меккеге де жол түсіп, тіпті қағбада болып, құран оқып, қол жайды. Бір таңқаларлығы сол — Меккеде талайдан бері бір тамшы жауын тамбай, қуаңшылық жайлап, ел нөсерді зарығып күтіп отырғанда, кенеттен Алланың нұры саналатын жауын жауыпты. Табиғаттың мұндай құбылысына араб жұртшылығы таң қалысып, мұндай тосын жәйтті қазақ ұлы Елбасының Нұрсұлтан Әбішұлының келуімен байланыстырып, топшылаған екен. Сондай-ақ қағбада жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне орай ешкімге кіруге рұқсат бермей отырғанда Сауд Арабиясының королі Фатх Әль Сауд Елбасымызға ерекше құрмет көрсетіп, қағба есігін ашып берген көрінеді.
Одан кейін Алла нәсіп етіп, Бекет атаның басына барудың да ыңғайы келді. Бұл жерге келетін халықтың қарасы мүлде көп. Тіпті жер шарының әр түкпірінен сабылып жатқан адамдар баба басына қонып, тілек тілеп, Алладан медет сұрап жатады. Осындай киелі жерге табан тіреген Серік Әбікенұлының бойынан ауыр жүк түскендей болып, рахат күйге еніп, сезімге бөленіп, айрықша толқығаны бар. Тау басында жүрген баба малы саналатын арқар мен қарақұйрықтарды көріп, қанаттанып оралған екен.
Келесі кезек ежелгі Қарқаралы басына барып бабаларға тәу ету. Осы арман-тілегінің шынайы болуына үміттеніп жүрген жайы бар. Тек бір орайы түспей жүргені болмаса, ол күннің де алыс емес екендігі еш күмәнсіз.
Осы арада Серік Әбікенұлының бойындағы өзгелер үлгі алуға тұрарлық және бір қасиетін айта кетсек дейміз. Ол оның өз еліне, туып-өскен жеріне деген құрметі. Қазір шетелде демалу, үлкен мерекелерді шет мемлекеттің атақты демалыс орындарында өткізу сәнге айналды емес пе?! Ал Секеңнің пікірі басқаша. «Туған жерім — Қазақстанды жанымдай жақсы көретін адамның бірімін. Оның үстіне атамыз қазақ әркімге туған өлкесі жұмақ мекені дейтініндей, елімізден ыстық, қасиетті мекен жоқ. Сондықтан, мейлі, Жаңа жыл болсын, мейлі еңбек демалысы болсын Алматының іргесіндегі Суықтөбенің баурайындағы өзім туып-өскен жер жаннатында демалғанды ұнатамын. Мен үшін Аққайнар ауылы дүниежүзіндегі небір курорттардан артық», — деп тебіренеді.
Бұл сөздердің астарында қит етсе шетел асуға дайын тұратын замандастарына емеурінді де байқауға болады. Сан түрлі шаруадан қол босай бермейтін, уақыт онсыз да тапшы бүгінгі күндері сәл де болса тыныс алған сәттеріңді туған жердің қайталанбас ерекшеліктеріне неге арнамасқа, отбасыңмен, ағайын-туғаныңмен шүйіркелесіп, туған жердің төсінде неге аунап қуанбасқа. Елін сүйген, жерін сүйген, Отанының гүлденуі жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтың жоғарыдағы пікірлеріне біз де қосыламыз.
Секеңнің тағы бір қасиеті — мемлекеттік, қоғамдық жұмыстардан тыс көңілдің хошын келтіретін сүйікті ісімен айналысуы. Дана халқымыз «Сүйіп істеген іс шаршатпайды» деген ғой. Әр адам баласы ес біліп, етек-жеңін жинаған шағынан бастап өзінің жүрегіне жақын, болашақта жүзеге асыруға жоспарлап, қиялында қондырған ісі болады. Сол шынайы ұнататын ісіне қол жеткізгенде ғана жаның нұрланып, керемет демалып қаласың. Және ол іс әр кісінің мінезіне сай түрліше, сан-салалы болып келеді. Оны халық арасында «хобби» деп те атайды. Сол секілді Серік Әбікенұлының да хоббиі — ат баптаумен айналысады. Осынау төрт түліктің төресі желден жүйрік, қамыс құлақ жануар атанған қасиетті түліктің бірі қазақ халқының тұрмысында алар орны ерекше екені рас. Қазақ үшін ең қасиетті, қадірлі малы десек қателеспейміз. Ұланғайыр ен даланың, байтақ өлкенің тыныс-тіршілігі, өмір салты, өнер-білімі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, салтанаты, тіпті бүкіл мәдениеті жылқы түлігімен тығыз байланысып жататыны да сондықтан болар. Өйткені жылқы мінсе көлік, жесе ет, ішсе сусын. Жылқының еті де, сүті де, қаны да, терісі де — дәрі. Қазақ ат десе ішкен асын жерге қоятыны да рас. Жылқының дүбіріне, күліктің күмбіріне құлақ қойып елең етпейтін қазақ жоқ-ау сірә да жер бетінде. «Ер қанаты — ат» «Ат жалын тартып мінген», «Ат тұяғын тай басар», «Ат жетпейтін жер жоқ» деп бекер айтылмаған ғой. Бұл қанатты сөздер ғасырлар бойы халық жадында сақталып келеді.
Ақсақалдар бата бергенде де «Атың озып бәйгеден келсін, асығың алшысынан түссін» деп жатпаушы ма еді. Одан қалды адамның шаттанған көңілді сәтін көргенде «Тым көңілдісің ғой, әйелің ұл тапты ма, иә болмаса «Атың бәйгеге шапты ма?» деп топшылап жатуында да бір сыр бар емес пе? Демек, ат баптау ата-бабадан жалғасып келе жатқан дәстүр.
Көкше жерінде өткен Абылай хан бабамыздың 300 жылдық тойында ұйымдастырылған ат бәйгесі додасында Серік Әбікенұлының аты мәреге бірінші болып жетіп, бас жүлдені қанжығасына байлап, джип машинасын мінгенінің куәсі болғанымыз бар. Бұл Секең баптаған сәйгүліктердің белесті бағындыруы бірінші емес. Талай байрақты бәсекелерде оның тұлпарлары дес бермеген. Бұл жерде мәселе ұтып алған жүлдеде емес, жанын жадыратар, көңілін қуанышқа, сезімге бөлер бәйгенің қиқуы, сәйгүліктер тұяғының дүмпуінде жатыр ғой. Міне, ата-баба дәстүрін жалғастырып, ат баптаумен айналысу тек қана Серік Әбікенұлының ғана емес, мұқым қазақтың ішкі жан дүниесінің бір тініне айналған ұстаным десек шындыққа жанасады. Себебі бабаларымыз жылқыға жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар, он мыңнан қазанат деп батасын беріп, әділ бағасын берген. Оған қазақтың эпостық жырлары мен дастандарының арқауына айналған Тайбурыл, Шалқұйрық, Керқұла, Бозайғыр, Құлагер тұлпарлар атауы куә дер едім.
Жақында халқының қалаулысы, елінің елеулісі атанып жүрген Серік Әбікенұлын және бір қырынан танығандай болдық. Мемлекеттің толастамайтын мың сан шаруасынан қолы босамайтын қайраткердің «Ой иірімдері» атты естеліктер жинағы қолымызға тигенде еңбекқорлықтың үлгісі осындай-ақ болар деп сүйсінгенімізді несіне жасырамыз. «Айналған даңқы дастанға», «Шыңыраудан шыққан сөз», «Қазақтың жаны — ана тілі», «Соңында өшпес ізі бар», «Өмірдің өзі өнеге», «Тіршілік тірегі — адамгершілік» деп аталатын алты тараудан өрілген шығармада әрбір тарау тақырыбының өзі айтып тұрғандай, іскер, білікті ғана емес, ойлы басшының өмірден алған сабақтарынан түзілген толғамдарды оқығандай әсерге бөленесің.
Осы еңбегінің бір жерінде Серік Әбікенұлы былай деп ой өрбітеді: «Азаматтың азаматтығы лауазымды қызметке көтерілгенде белгілі болады. Әгәрәки орынтаққа халықпен жұмыс істеуді білетін адам отырса, жауапкершілікті сезінеді. Отырған орнын көркейтеді. Істің мән-жайын білмейтін жан отырса, лауазымы қанша жоғары болғанымен оны дұрыс пайдаланбай қадір-қасиетін қашырады. Жұрттың берекесін кетіреді». Бұл ғибратты сөздерге біздің алып-қосарымыз жоқ.
«Жақсыдан шарапат» демекші, керек десеңіз Серік Әбікенұлының ұлағатынан ен даламыздың шалғайында жатқан елді мекеннің адамдары да хабардар екен. Мәселен, Ақтау қаласының тұрғыны, сексеннің сеңгіріне шыққан қадірменді зейнеткер Қойлыбай қария да ол кісінің пайым-парасаты жөнінде асқан ризашылықпен әңгімелеп жүреді. Барша саналы ғұмырын еліміздің ауыл шаруашылығының өркендеуіне арнаған Қойлыбай ақсақал кезінде кеңшар директоры қызметін атқарып, елдің көшін бастаған зиялы қауымның бірі. Көпті көрген көнекөз қария балаларын жинап алып, Серік Әбікенұлының жарқын істері жөнінде жиі тілге тиек етіп, оны барлығына үлгі етуден жалыққан емес. Ол кісінің алғырлығы, әр істі тиянақтылықпен шешетіндігі, ұқыптылығы, кең пейілділігі, қазақы дәстүрдің қаймағынан сусындаған болмысына тебірене отырып, мемлекетіміздің сарабдал басшысы Президенттің командасында да осындай тұлғалы азаматтардың көп болуын тілейді.
Әкесінің айтуынан әбден құлағдар болған Қойлыекеңнің Дүйсенбек деген баласы Серік ағасын арнайы іздеп барып, ақсақалдың сәлемін жеткізеді. Қашаннан бойынан ізеттілік есіп тұратын елағасы оны жылы қабылдап, ризашылығын білдіріп, аттандырып салады. Осындай жылы шырайлы жүздесуден көңілі жайланып шыққан Дүйсенбек барлық жәйтті Қойлыбай ақсақалға дереу баяндайды. Сонда Қойлекең ұлынан «әдейілеп барғанда ағаңның суретін алдың ба?» — деп сұрайды. Бұл мәселе жөппелдемеде қаперіне кірмеген баласы Серік ағамен екінші мәрте кездесіп, ел, жер, тарих туралы тұшымды әңгімелерін тыңдап, сыйлыққа «Иірім» кітабын, Серік атасының суретін алып, көтеріңкі көңілмен аттанған екен.
Міне бұл тек алыстағы ағайынның Серік Әбікенұлына деген ыстық ықыласының бір көрінісі ғана. Ал көшелі азаматқа бұдан да басқа жандардан келіп жататын хаттар легі қаншама. Ол әр хатқа үлкен жауапкершілікпен қарап, өзіне тән парасаттылықпен жауап беруге тырысып, елменбірге тілегі бар арнада тоғысып келеді.
Жанына ізгі мұраттарды серік етіп, бабалар рухына тағзым жасап, халқымыздың салт-дәстүрін, жол-жоралғысын дәріп-теп, тарихын зерделеп жүрген Серік Әбікенұлының игі қадамдарын үлкен азаматтық деп танимын.
Құдай бұйыртса, осы циклді, яғни қасиетті Жетісу өңірінің тұлғалары туралы жазбаларды жалғай беретін ой бар.
Өмірзақ Озғанбаев, профессор,
тарих ғылымдарының докторы,
ҚР Ардагерлер ұйымы
Орталық кеңесі төрағасының
бірінші орынбасары