«Қала күнінде» еңбек адамдары марапатталды
Тараз қаласы әкімдігінің мәжіліс залында «Қала күні» мерекесіне орай қаланың дамуына үлес қосып жүрген, құрметке лайықты еңбек адамдарын марапаттау рәсімі өтті. Іс-шара барысында қала әкімі Е.Жылқыбаев әр салада қызмет атқарып жүрген азаматтарды құттықтап, Алғыс хаттарымен және бағалы сыйлықтар табыстады.
Тарихтың темірқазығына баланып Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Тараз қаласы бүгінгі күні мәдени және рухани дәстүрін жоғалтпай, күн сайын қарқынды дамуда. Өткен жылдар келбетін сақтай отырып, жаңа кейіпке ие болып келе жатқан көне шаһар әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан да тек алға ілгерілеп, еліміздің өсіп-өркендеуіне де зор үлес қосуда. Бұл бірінші кезекте бірлігі мен тірлігі жарасқан қала тұрғындарының өзгелерге үлгі боларлық ерен еңбектерінің жемісі екені сөзсіз.
Салтанатты шарада сөз алған қала әкімі көпшілікті мерекемен құттықтап, ізгі лебізін жолдады.
– Шаһарды көркейту жолында атқарылған жұмыстар жұртшылықтың көз алдында. Қаламыз бүгінде құлпырып, адам танымастай өзгеріп келеді. Күні кеше ғана бірқатар нысан халық игілігіне берілді. Пандемия жағдайын қарамастан өңірдегі барлық салада ілгерілеу басым. Бұған осында баршаңыздың қсоқан үлестеріңіз зор. Сондықтан айтулы мерекеге орай қаламыз аянбай тер төгіп, оның күнделікті тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп жүрген еңбекқор, ұйымшыл азаматтарға алғыс білдіріп, марапаттауды жөн санадық. Өйткені олар қандай құрметке болса да лайық. Олардың еткен еңбегі Тараздың әрбір тасына таңбаланған, – деген Ержан Жұматұлы марапат иелеріне Алғыс хат пен бағалы сыйлықтарды табыс етті.
Қала әкімінің құрметіне бөленіп, марапатқа ие болғандарды жұртшылық та біле жүргені дұрыс деген ниетпен оларға қысқаша тоқталғанды жөн көрдік.
— Нұрдәулет Жұмагали, Токио Паралимпиадасының қола жүлдегері;
— Жұмабек Сағындықов, «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жол тазалығын сақтау учаскесінің жұмысшысы;
— Закир Хадыходжаев, Тараз қаласы №4 мамандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру автомобильдерінің жүргізуші-қызметкері азаматтық қорғау прапорщигі;
— Жамбылбек Шыныбеков, «Таразтрансэнерго» мекемесінің жылу желілерін жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі 4 дәрежелі слесарі;
— Саттыбек Нұрлықұлов, Тараз қалалық электр жүйесі оперативтік-диспетчерлік қызметі, шұғыл-шығу тобының электромонтері;
— Секер Тортаев, «Жамбыл су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынының механизмдер мен автокөлікті пайдалану және жөндеу телімінің эксковаторщигі;
— Сандуғаш Нұртаева, Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясының мұғалімі;
— Жеңіс Дуйсембаев, «Тараз Ісмер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инженері;
— Ерлан Молдабеков, «№5 қалалық емхана» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының жалпы тәжрибелік дәрігері;
— Бексұлтан Өскенбай, Жамбыл облысы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасының «Сәулеттік бюро» мекемесінің сәулетшісі.
Жасұлан СЕЙІЛХАН,
Жамбыл облысы