Қала сәулеті-елдің дәулеті

Бүгінде ғылымның жетістігі адам өміріне қиялға сыймайтын жаңалақтарды енгізуде. Тіпті қала көшелерін жарықтандырудың өзі қарапайым шамдардан бөлек жарықдиодты және күн сәулесінен қуат алатын шамдардың түр-түрімен алмастырылуда. Бұл жаңашылдықтың біздің қоғамдық өмірімізге дендеп енгенін Тараз қаласындағы шамдары самаладай жарқыраған көшелерінен ағаруға болады, — деп хабарлайды «Elana» ақпарат агенттігі.

Ағымдағы жылы қаладағы 2 даңғыл мен 27 көшеде темір бетон бағаналарды металдық бағаналарға ауыстыру, жарықдиодтық шамдарын орнату және кабелдерді жер астымен жүргізу жұмыстары атқарылатын болады. Шаһардағы көлік кептелісін азайту және көлік қозғалысын ыңғайландыру мақсатында, техникалық қадағалау инспекциясының қызметкерлерімен бірлесе, көне шаһардағы бірнеше көшенің қиылыстарындағы бағдаршамдар уақытша өшіріліп, нәтижесі зерделенуде. Атап айтқанда: Сүлейменов — Жалаири, Сүлейменов — Крупская, Балуан Шолақ — М.Мәметова, Абай — Сухамбаев, Сухамбаев — №5 орта мектеп алдындағы бағдаршам, Жамбыл-Сенкібай, Төле би – «Хром зауыт» аялдамасы алдындағы бағдаршамдар уақытша өшірілген болса, осы күні «Төле би – «Хром зауыт» аялдамасындағы бағдаршам іске қосылды. Сондай-ақ, Абай даңғылы мен Петров көшесінің қиылысы маңындағы бағдаршам алынып тасталды.

Тараз қаласындағы 10 көше қиылыстарында «ақылды бағдаршам» көлік қозғалысын интеллектуалды басқару жүйесі енгізілген. Қалада жолаушы тасымалымен 10 мекеме айналысады. Күнделікті 43 бағыт бойынша әртүрлі маркадағы 465 бірлік автобуспен шағын автобустар қызмет көрсетеді. Жалпы резервпен қоса тіркелгені 670 дана.

Қала жолдарындағы ашық құдық мәселесі бүгінгі таңда өзекті болып отыр. Қалада барлық коммуналдық   мекемелердің теңгерімінде  40 000-нан аса ирригациялық, су, кәріз, байланыс, жылу құдықтары бар. Олардың көпшілігін тұрғындар ұрлап,темір қалдықтарын қабылдау пунктеріне өткізуде. Полиция қызметкерлерімен рейдтер өткізілгенмен нәтиже болмай отыр. Бүгінгі таңда  темір құдық қақпақтары басқа материалдан (бетон, пластмасса) жасалған қақпақтарға алмастырылуда. Дегенмен олардың сапасы  сын көтермейді. Тек 2018 жылы ғана 178 дана құдық қақпақтары ауыстырылды. Жылда  қақпақтарды сатып алу бюджетке де  салмақ салуда.

Иә, көне шаһар Тараздың сәулетін келістіру үшін қыруар шаруа атқарылуда. Бірақ, кейбір келеңсіз жайттар көңілге кірбін түсіретіні бар. Сондықтан аяулы ару қаламызды барынша таза, сәулетті қала болуына Тараз тұрғындары да барынша атсалысу керек. Сонда ғана жұмыстың нәтижесі өз жемісін береді.

Әлім Мұратов

Жамбыл облысы