Қалай ойлайсыз, жемқорлық жайлаған ортада басшылықтың арасынан бұл дәнді еге алатын таза адам табыла ма?

Бір кездері Қытайда қарны ашқан бір адам, танымайтын біреудің бақшасынан алмұрт ұрлап жейді. Оны ұстап алған бақшаның иесі жазалау үшін императорға алып барады.
Императордың алдына келген ұры:
-Жоғары мартебелім, аш едім, аштыққа шыдамай алмұрт ұрлап жеуге мәжбүр болдым. Кешірім сұраймын. Егер мені кешірсеңіз, сізге баға жетпес сыйлық жасайын.
Император мырс күліп:
-Сендей бейшара адамда қандай баға жетпес сыйлық болуы мүмкін?-дейді.
Ұры алақанындағы алмұрт дәндерін созып: «Егер сіз бұл дәнді ексеңіз, бір күнде алтын жеміс беретін ағашты көресіз», — дейді.
Император қарқылдап күліп: «Онда еге ғой, алтын жемісті көргенде сені кешірейін», — деді.
Кедей: -Хан ием, мен бұл дәнді еге алмаймын, өйткені мен ұрымын ..
Бұл дәнді өмірінде ұрлық жасамаған, басқаларға әділетсіздік, қиянат жасамаған адам ғана еге алады. Тұқым сол кезде ғана өзінің құдыретін көрсетпек, ал егер лайықсыз адам егетін болса уланып, қиналып өледі.
Хан ием, бұл дәнді тек сіз ғана отырғыза аласыз,-дейді.
Император шошып кетеді, сақалын сипаған күйі біраз ойланып отырады да: «Мен императормын, бағбан емеспін, бұл тұқымды бас уәзірге беріңіз. Сол ексін, алтын жемісін көрейік»,- дейді.
Кедей тұқымды бас уәзірге бергенде, ол да қашқақтап: «Менің бұл жұмысқа икемім жоқ, тақсыр, мен сиқырлы дәнді зая қылам ғой. Бұл дәнді қазынашы ексе дұрыс болады деп ойлаймын».
Сол-ақ екен, қазынашы да бірден сылтау тауып, бұл тапсырманы басқа біреуге тапсырады. Император сарайынғандардың бәрі қай-қайдағы сылтауларды айтып бұл істен қашқақтайды. Мұны көрген император үнсіз біраз уақыт ойланады.
Бір уақытта ол бас уәзіріне, қазынашыға және барлық шенеуніктерге қарап, былай дейді:
-Бұл дәннің қалай алтын жеміс беретінін көрсетейік бұл ұрыға, — деп қалтасынан алтын алып, кедейдің уысына лақтырды. Шенділердің бәрі үнсіз қалталарынан алтындарын алып кедейге береді.
Бұдан кейін патша кедейге қарап: «Ал енді жөніңе кет, бүгінгі бұл сабақ бәрімізге жеткілікті болды»-дейді.
Қалай ойлайсыз, жемқорлық жайлаған ортада басшылықтың арасынан бұл дәнді еге алатын таза адам табыла ма?