Қалмақ еліндегі жарқын жүздесулер
Жақында Атырау –Элиста –Алтынжар елді мекеніне Атырау облысы ҚХА, Атырау облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері және «Елсана» клубының директоры Нұржан Ермұханов, клуб мүшелері Атырау өңірінің тарихи өңірлік мұражайын Элиста қаласындағы қазақтарға таныстырып, кездесіп оралды.
Сонымен қатар Қалмақ еліндегі Қарттар үйінде он жылдан астам уақыт бойы жалғыздықтан жапа шегіп отырған бір қазақтың жанына жалау болып, жабырқаған жанын жадыратып, атажұртына сағынышын сейілту үшін Захар ағаға арнайы барып, құшаққа қысып, рухани әңгіме жүргізді. Сондай-ақ, топ мүшелері 1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысы кезінде Сталинградтағы қан майдан шайқаста фашистердің 36 танкісін жарып,өз өмірін құрбан еткен, Кеңес Одағының Батыры, ұлтымыздың қаһарманы Қарсыбай Спатаев атамыздың Қалмақ елінің астанасы Элиста қаласында қойылған ескерткішіне тағзым етті.
Одан әрі Қалмақия елінің Ұлттық мұражайында Атырау облысы тарихи-өлкетану мұражайы өлкеміздің сақталып келген бұйымдарымен Қалмақия елін тәнті етті және музыкалық сәлемдемемен «Елсана» клуб мүшелері шет ел қазақтарының рухын көтеріп, көңілді күй сыйлады. Мұражайға 18 жастан 90 жасқа дейінгі қазақтар жиналып, 100-ге жуық адам қамтылды. Топ мүшелері Астрахань облысы, Володар ауданы, Алтынжар елді мекеніндегі Құрманғазы Сағырбайұлының кесенесіне тағзым етіп, мұражайын тамашалады.
Атырау облысы әкімі аппаратының
«Қоғамдық келісім» КММ
баспасөз қызметі