Қандай бата қабыл болатынын білесіз бе?
Бата сұрау – байырғы қазақ халқынан бүгінгі күнімізге дейін еш үзіліссіз жалғасып келе жатқан дәстүр.
Халқымызда «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер», «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас», «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген сөздер де бар. Алайда қазақ халқындағы сан ғасырлардан бері қалыптасып келе жатқан бата сұрау мен бата беру үрдісінің түп-төркіні асыл дініміз Исламда жатыр. Ардақты сахабалар Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағаладан өздері үшін дұға тілеуін сұрайтын. Өйткені, жан-дүниесі таза Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дұғасы қашан да қабыл болатын. Бірде сахаба Әнестің (р.а.) анасы Умму Суләйм (р.а.) Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Расулулла! Әнас сіздің қызметшіңіз. Ол үшін Алладан дұға тілеңізші», – деп өтінеді. Сонда Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алла! Оның малы мен жанын көбейте көр! Оған бергеніңнің құт-берекесін бере гөр», – деп тілек тілейді. (хадисті Бұхари мен Мүслім риуаят еткен).
Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Мұсылман адамның бауырына сырттай жасаған дұға-тілегі қабыл болады. Оның басында арнайы белгіленген періште тұрады. Кісі бауырына жақсылық тілеген кезде белгіленген періште: «Әмин! Саған да сондай жақсылық болсын», – деп тілейді» (хадисті Әбу Дарда (р.а.) жеткізген).
Бата – жақсылық пен игі ықыластың, ақ тілектің көрінісі. Бата сұрау – өзі қалаған адамнан ықылас пен ризалық, жақсы тілек пен жарасымды алғыс сұрау деген сөз. Қазақ халқында үйіне келген қонаққа барын беріп, сыйлы қонағына бір малын көлденең тартып, батасын алып соятын салт бар. Үй иесі малын әкеліп қонағына «Әумин» деп қолын жайғанда, қонақ та қолын жайып батасын береді. Бата беру жоралғысы ертеден қалыптасты. «Бата» дегеніміз «Фатиха» сөзінен шыққан. Фатиха – Құран Кәрімдегі ең бірінші сүренің аты. «Фатиха» сөзі «ашушы, беташар» деген мағынаны білдіреді. Яғни, аталмыш сүре – Құдай Тағаланың Кітабының алғашқы сүресі болғандықтан солай аталған. Батаның Фатихадан өрбитіндігіне бұл сөздің қазақ тіліндегі нұсқалары дәлел. Қазақта «бата оқыр» деп бір елге не қабірге барып, марқұмға Құран оқып қайтуды айтқан. Сүгірдің термесінде өзіне «Бәтихасын алам деп» кейбір келіндерінің шай құйып беретіндігі айтылады. Демек, «бата» сөзінің түп-төркіні – «Фатиха». Соған қарағанда ертеректе дінімізден ажырамай, мұсылмандығымызға мығым кезімізде ізгі адамдар елге айтатын бата-тілегін Фатиха сүресінен бастаған болуы керек. Халық арасындағы баталы, қазыналы қарттарымыз «Әлхамдының берекесін берсін!» деп бата-тілек айтып жатады. Міне, сол «Әлхамды» – Фатиха сүресі.
Бата беру өте құрметті іс деп саналады. Бата айтыларда бата тілеуші адам немесе жамағат алдымен алақанын жайып, ишарат білдіруі тиіс. Ақсақал қауым әуезді үнімен мәнерлеп, бар ынтасымен бата береді. Бата аяқталған кезінде, жиналған қауым бір ауыздан «әумин» деп ас қайырып, «айтсын», «айтқаның келсін» деп бет сипасады. Қазақ халқымен бірге жасап келе жатқан бата беру дәстүрі тамаша сөз өнерінің де белгісі. Бата беру – сұраушыға жақсы тілек тілеп, адал ниетті білдіру. Ақ бата адамға рухани қуат, күш сыйлайды. Бата қандай жағдайда берілмесін адамды кісілікке, имандылыққа, мейірімділікке тәрбиелейді. Әдетте, бата беру ауылдың үлкендерінің, қадірлі қариялардың, атақты батырлардың, ақындарының, би-шешендерінің, ақсақалдарының, жолы үлкен адамдардың, құдайы қонақтың үлесіне тиген. Батаның бірнеше түрлері бар, яғни қысқасы және ұзағы болады. Мұның бәрі бата берушінің ақыл-ой, парасатының деңгейіне, шешендігіне байланысты. Егер де сөздері қадірлі, әрі ақ ниетпен айтылса, қысқа батаның да, ұзақ батаның да қасиеті, құдіреті, күші бірдей. Батаның қабыл болуын тек жалғыз ғана Жаратқаннан тілеген жөн.
Қазақ халқындағы сан ғасырлардан бері қалыптасып кеткен бата сұрау, бата беру үрдісінің түп-төркінін асыл дініміз – Исламда жатқанын мына мысал арқылы көреміз. Бірде қатты қуаңшылық болып, адамдар Пайғамбардан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алладан жауын сұрауын өтінеді. Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дұға қылған сәтте-ақ көптен бері жаумаған нөсер құйып кетеді. Сол секілді ізгі пенделердің, ұстаздардың, ата-аналардың дұғалары қабыл. Олардан барып, бата-дұға сұрауға болады. Бірде Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Омарға (р.а.): «Сендерге Йеменнен келетін көмекші әскерлермен бірге Қаран тайпасының Мурад аталығынан Уәйіс ибн Амир деген адам келеді. Оның алапес ауруы бар болған, кейін денесінің дирхем мөлшеріндей жерінен өзге жері түгел жазылған. Оның тілін екі етпей құрметтейтін анасы бар. Ол Аллаға ант ішсе, Алла оның дұғасын қабыл етеді. Егер одан өзің үшін Алладан жарылқау тілеуін сұрағың келсе, сұра», – дейді. Айтылған кісі Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірден озған соң Омардың (р.а.) халифалығының тұсында келеді. Мұсылмандардың халифасы одан өзі үшін, мұсылмандар үшін дұға қылуын сұрап, өтінеді. Басқа бір хадисте мұсылман адамның басқа мұсылманға жасаған тілегінің қабыл болатындығын, періштелердің «саған да сондай жақсылық болғай» деп «әмин» айтып тұратындығы туралы да айтылады. Бұл батаның негізі туралы түсінік.
Батаның да түрлері бар. Ақ бата көбінесе жаңа туған нәрестеге, өмір жолын жаңа бастаған ұл-қызға, жас отауға, алыс жолға шығушыларға, үлкен істі қолға алушыларға, түрлі жақсылықтарға арнап жасалынған тойларға, асқа, тасаттыққа, жиналған егін мен садақаға, құрбандыққа және ақ дастарханға беріледі.
Теріс бата – қарғыстың қатты, жазаның өте ауыр түрі. Теріс батаны ата-ана сенімін ақтамай, әулетін, ата-тегін масқаралаған, қолын, тілін тигізіп, дінін, тілін, Отанын сатқандарға, ауыр қылмыс, кешірілмес күнә жасаған баласына қолдарын теріс жайып бата берген. Батаның бұл түрі халық ішінде өте сирек қолданылады. Ата-анасының теріс батасын алғандарды ел ішінде, туған-туыс арасында жақтамаған, қыз беріп, қыз алыспаған, дос болмаған. Яғни, теріс бата ұрпақтан-ұрпаққа қара таңба болып қалған. Теріс батаны қайтару, қайтып алу үшін алқалы жұртты жинап, Алла Тағаладан теріс батаны өзгерту сұралып, жалбарыну рәсімдері жасалынған. Тірі болса ата-анасы «Теріс батамды қайтарып алдым», – деп айтқан. Дегенмен, «Жүйелі сөз жүйесін, жүйесіз сөз иесін табар» демекші, адамдардың қанша ашу мен ызаның үстінде отырса да, намыстанса да теріс бата беруге асықпағаны жөн. Өйткені хадистерде теріс бата беруге, мұсылманға жамандық тілеуге тыйым салынған.
Бата беру қазақ халқында әртүрлі жағдайларда орындалып отырған. Салт-дәстүрдегі белгілі бір рәсімдердің орындалуы кезінде, мәселен қыз ұзату кезінде ұзатылып бара жатқан қызға үлкендер бата берген. Бата айту арқылы қызға рухани күш-жігер беріп, бақыт тілеген. Барған жеріндегі қызға келін болудың қыр-сырын түсіндіретін болған. Бата шаңырақ көтеріп, жеке үй-жай болғандарға да беріледі. Қадірлі адамдардың батасын алу – үлкен абырой. Қазақ халқы арасында кең таралған «пәленшеден бата алған» деген сөз – осының айғағы. Мәселен, М.Әуезовтың «Абай жолындағы» Құнанбайдың баласы Абай үшін Ахмет Риза хазіреттен бата сұратқанын айтуға болады. Әбу Ханифаның атасы Зұта ардақты сахаба Әлимен (р.а.) кездеседі. Сонда баласы Сәбитке игі тілек тілеуін өтінеді. Әли ибн Әбу Талиб (р.а.) Жаратқаннан оның ұлына жақсылық, құт-береке тілеп дұға етеді. Сол дуалы сөзден шыққан ізгі тілектер қабыл алынып, Сәбиттен әлемге Әбу Ханифа атымен мәшһүр болған Нұғман есімді ұл дүниеге келеді. Бұл да болса «жақсыдан – шарапат» деген сөздің дәлелі болса керек. Кейіннен Әбу Ханифа да Әли (р.а.) ұрпақтарын айрықша құрметтеген екен.
Қонақжай қазақ халқы дастархан басында да бата беруді ұмытпаған. Батаның бұл түрі көп жағдайда ас ішіліп болған соң айтылатын болған. Астан соң айтылған батада, үй иесінің қонақжайлығы мен жомарттығына қатысты сын мен мадақ қамтылған. Егер дастархан иесіне батагөй риза болса, жақсы тілектермен батасын жаудырған. Ал, көңілі толмаса үй иесін өткір сөздермен сынап отырған. Қарап отырсақ, бата адамды теріс қылықтардан сақтандырады. Ал, жастарды ізгілікке, қайырымды істерге баулиды. Қандай бір іске кірісерде немесе жол жүріп, алыс сапарға аттанарда ақсақалдардан бата алатын болған. Сондай-ақ, үйіне келген құдайы болсын, құттысы болсын қадірлі қонағынан да бата алып қалуды дәстүрге айналдырған. Мысалы, «Абай жолындағы» Барлас пен Байкөкше жыраулардың Абайға берген батасынан да байқаймыз. Ата-ананың, мүсәпір жолаушының, салихалы мұсылманның дұғалары қабыл болатын баталардың қатарына жатады.
Асыл дінімізбен астасып жатқан бата сұрау дәстүрін ұмытпай, әрдайым ұрпаққа жеткізе білу қазір де маңызды.
Материал «Дін мен дәстүр» кітабынан алынды.
Ummet.kz