Қаңтар оқиғасы: «Әділетті Қазақстанға» әділетсіз сот жараса ма?
Өткен аптада «Қаңтар оқиғасы бойынша 83 адам сотталды» деген хабар БАҚ-та жарияланды. Бас прокуратураның бірінші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қалымжановтың айтуынша, әлі де 349 күдікті қамауда жатқан көрінеді. Қаңтар оқиғасынан кейін жүздеген адам ұсталып, оларға «терроризм», «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру», «заңсыз қару-жарақ сақтау» секілді айыптар тағылды. Міне, енді жеті айдан соң алғашқы нәтижелер шықты. Иә, 429 адамның ісі қылмыстық іс бойынша сотқа жолданған.
Әрине, бұл жансыз цифрлар ғана. Оның артында қаншама адам тағдырлары жатыр? Және олардың барлығы дерлік біздің қандас бауырларымыз. Халық заң орындарына сенеді. Бірақ үміт пен күдік араласқан жағдай да жоқ емес. Себебі полицейлердің жазықты мен жазықсызды ажыратпай жатып күдікке ілінгендерді жаппай ұрып, қинап, зорлық-зомбылық жасағандары нақты дәлелденгенде халық шошынды, оларға деген сенім азайды, қамалғандарды «әділ соттайды» деген сөзге күдікпен қарау орын алды. Осы күнге дейін «сотталмайтын шығар, әділ қарап, жеңіл жаза берілер немесе босататын болар» деп күдікті ретінде ұсталғандардың жақындары үміттенсе, енді жаза қолданылып, үкім шыққаннан кейін назаланғандар көбейіп, жанайқайларын білдіріп жатыр. Мен белгілі қоғам қайраткері Серікжан Біләштің видеоларын көріп, іштеріндегі запырандарын аянбай төккен бірнеше адамның айтқандарын ерінбей тыңдап шықтым.
Солардың ішіндегі күйеуін «Заңсыз қару-жарақты сақтау» бабымен 6 жылға соттаған Баян деген келіншектің зары ерекше есте қалды. Мұны зар деп те, күйеуін ақтау деп те айтуға болар. Енесі де, өзі де мүгедек, екі кішкентайы бар келіншек ештеңеден тайынар емес. Күйеуінің кінәсіздігін нақты дәлелдермен әдіптеген Баян соттың да, полицейлердің де, прокуратураның да әділетсіздіктерін әшкере етеді. Қатал өмір оған заңды жаңғақтай шағуды үйреткен. Менің таң қалғаным – заң орындары өкілдерінің адам тағдырына деген соншалықты селсоқ қарайтындары. Сондай-ақ сотталушыны соттаудағы дәлелдерінің әлсіздігі, кәсіби мамандықтарын шикі білетіндігі, өркөкіректігі, қарапайым халықты, яғни өз қазағын, әлсіз жандарды менсінбейтіндігі мені қатты шошытты. Президентіміз «Әділетті Қазақстан құрамыз» деп шырылдауда, ал олар жаппай әділетсіздік жасаудан бейне бәсекелестікке түскен сыңайлы. Яғни Президент абыройына, Отанымызға деген адалдыққа күйе жағып жатыр. Неге екенін білмеймін, әділетсіздікке ұшырағандардың ашынған жанайқайларын естіп, осындай тұжырымға келдім. Нанбасаңыз, осы әлсіз жандарды тыңдап, үндеріне құлақ түріңіздерші.
Тағы бір оқиғаға назар аударайық. Студент қыз Айжанның «Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру» бабымен 3 жыл 7 айға сотталған анасын шырылдап қорғаған үнін естіген сәттерде сіз де онымен қоса жылайсыз. Шымкенттегі Қаңтар оқиғасына қатысқан үш баланың анасын «ғимараттарды өртеуге, жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға» қатысты деп айыптайды. Анасы шерудің басында болып, аяғына дейін қатыспаған. Әлсіз жанды ғимараттарды өртеді деудің өзі күлкілі емес пе? Екі бірдей бүлдіршіні бар анаға, меніңше, осындай қатігездік жасауға сот қалайша дәті барды? Содан соң тергеушілердің қойған айыптаулары бір-біріне қайшы келеді. Қысқасы, жалған куәгерлер, айыптаулар, зұлымдықтар (кейде одан да асып түседі) тура Желтоқсан көтерілісін еске түсіреді.
Біз екі күдіктінің, екі отбасының тағдырын сөз еттік. Осы екі отбасыда қаншама адам бар. Олардың сөздерін мыңдаған адамдар естіп, ортақтасты. Екі қазақтың қызы да ештеңеден тайынбай, әділдікке қол жеткізбекке бекініп отыр. Халық оларды қолдайды. Яғни біздің биліктің әділдігіне нұқсан келді. Әділдік салтанат құрмаған жерде халық наразылығы күшейеді. Сондықтан, аса құрметті заң орындары, бұл істерді қайта қарауларыңыз тиіс! Ештен кеш жақсы.
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ