«ҚАНШЕҢГЕЛ» Ахмет Байтұрсынұлынікі ме, Хамитбек Мұсабаевтікі ме?

Алғаш 1989 жылы Торғай облысы Аманкелді аудандық “Тың шұғыласы” газетіне Хамитбек Мұсабаевтың “Файзолла Сатыбалдыұлына хат немесе Ахмет Байтұрсыновтың монологы” деген поэма  (60 шумақ) жарық көреді.
Кейін белгілі журналист Сабыржан Шүкіров Алматыдан шығатын “Сұхбат” газетіне 1991 жылы Ахмет Байтұрсыновтың төл туындысы “Қаншеңгел” деген атпен поэманы (40 шумақ) жариялап жібереді.
Сосын аманкелділік журналист Бөгетбай Әлмағанбетұлы облыстық “Торғай таңы” газетіне 1991 жылы (60 шумақ) 1989 жылы жарық көрген газеттік нұсқаны басып шығарады.
2011 жылы толық нұсқасын Қоғабай Сәрсекеев “Қазақ” газетіне (93 шумақ) жариялайды.
Бұл поэманы Хамитбек Мұсабаев: «34 жасымда жастайымнан құлаққа сіңіп, жүрекке жеткен Алаш арыстары жөнінде көнекөз қариялардың айтқан әңгімелері негізінде, Құдай берген шабыттың жетегінде жаздым», — дейді.
Дау сексенінші жылдардан басталған
“Қаншеңгел” төңірегіндегі текетірес алғаш жарық көрген сонау сексенінші жылдардың аяғында-ақ тұтана бастаған. Алайда Сабыржан Шүкіров тартысқа түскен туындының тағдырын тоқ етер сөзбен түйіндеп, авторын алты алашқа аманаттап кеткен екен. Бірақ…
Кеңесбек Мәулетовтың пайымы бойынша поэманың біресе 60, біресе 40, біресе 93 шумақ болып газет беттерінде әртүрлі көлемде жарық көруі дауға негізгі ең басты себеп болып отыр. Сондай-ақ Кеңесбек Мәулетов: “Мен “Қаншеңгелдің” Ахметтікі екенін дәлелдейтін бұлтартпас тың деректер мен құжатты дәйектер таптым. Ол деректер Қазақстанға ғана емес, Ресейге де белгілі екен. Оның үстіне олар жай деректер емес, архив деректері”, — дейді. Сондай-ақ Ахмет Байтұрсыновтікі екеніне тағы бір дәлел “Поэманы Х.Мұсабаев 1989 жылы жаздым десе, 1986 жылы машинкада басылған нұсқасы бізде бар. Оны атамыз Қабыл марқұм кіші інім армияда жүргенде салып жіберген екен. Інім армияны 1986 жылы бітіріп келді. Ол өлеңді жоғалтпай, Ресейден алып келген”, — дейді Ахмет Байтұрсыновпен аталас туыс Ерахан Қабылов.
Ал, Хамитбек Мұсабаевтың айтуынша, алғаш 1989 жылы “Тың шұғыласы” газетінің редакторы Жалғасбек Сүлейменов 93 шумақ поэманы сол кездегі солақай саясаттың салқынынан сескеніп, әлде сақтанып, 60 шумағын ғана жариялаған.
1989 жылы Аманкелді ауданының қазіргі Қарасу ауылында тұратын 90 жастағы Мәулен Әбішев деген ақсақал Торғай қаласында тұратын інісі, Торғай музейлер кешенінің директоры Ғазиз Әмірхановқа осы 60 шумақты салып жібереді. Ахмет Байтұрсыновтың ақталғанына бір жыл толғалы отырған мерейлі мәжіліске орай Торғайға қазақтың ұлы ақыны С.Мәуленов бастаған, академик З.Қабдолов, ақын Ғ.Қайырбеков, жазушы Ә.Кекілбайұлы қостаған үлкен делегация келеді. Аудан басшыларының ұсынысымен делегация алдында торғайлықтар атынан сөз алған Ғазиз Әмірханов Мәулен Әбішев жіберген поэманы оқып береді. Мәжіліс соңында аудандық атқару комитетінің жауапты қызметкері Сәуле Аяшева Ғазиз Әмірхановтан поэманың ақ қағазға басылған нұсқасын сұрап алады. Бұл — маған Ғазекеңнің айтқаны дейді Хамитбек Мұсабаев. Кейін бұл парақ Кеңесбек Мәулетовтың қолына тиеді, сосын поэманың тақырыбы, авторы жазылмаған 40 шумағы Ахмет Байтұрсыновтың туындысы ретінде Алматыда тұратын Сабыржан Шүкіровке жетеді. Хош…
Поэманы “Қаншеңгел” атаған Сабыржан Шүкірұлы
“Сұхбатта” жарық көрген “Қаншеңгелді” Сабыржан Шүкіров «Қолтаңба» кітабында «Бұл еңбекті редакцияға Торғай облыстық советі атқару комитетінің жауапты қызметкері, экономист Кеңесбек Мәулетов тапсырды» деп жазған. Яғни, алғаш рет “Қаншеңгел” деген атпен А.Байтұрсыновтікі деп Сабыржан Шүкіров нақты дерек қолда болмаған себепті қателікке ұрынғанын айтып, кешірім сұрап, поэманың авторы Хамитбек Мұсабаев екенін мойындайды. Дауға нүкте қоюға мүдделі болады.
Сондықтан Сабыржан Шүкіров «Ахаңа, Ахмет Байтұрсынұлының рухына арналған ақын Хамитбек Мұсабаевтың «Қаншеңгел» атты поэмасы автордың еркінен тыс мезгіл-мезгіл әр басылымда жарияланып, жаңғыртылып келеді. Бұл Ахаңа арналған өлеңдердің ішіндегі ең бір бояуы қанығы. Ахаң бастан кешкен тақсіретті ақындық қуатпен шынайы бейнелеген шығарма. Әрқалай дауға түсіп, арашамен келе жатқаны да осы тартымдылығынан шығар», — деп ол кісі поэманы Хамитбектікі екенін дәлелдегісі келеді.
Текетірес көрігі қыза түскен
немесе Толғаудың тартысты тағдыры
2017 жылдың 1 желтоқсаны күні әлеуметтік желідегі Алаш Ұлы парақшасында “Ахмет Байтұрсынұлының дауысы Орынбордан табылды», — деген сүйінші хабар дүйім жұртты елең еткізеді. Сол хабармен бірге “Ахмет Байтұрсынұлының Орынбор архивінен табылған өз дауысымен орындаған соңғы өлеңі… Бірінші бөлім. Жалғасы, “Ахмет Байтұрсынұлының Орынбор архивінен табылған өз дауысымен орындаған соңғы өлеңі… Екінші бөлім. Жалғасы» деген аудио-жазба беріледі. Өз әнін орындап жатқан адам Ахмет Байтұрсынұлы делінеді.
Бұл тосын жаңалыққа айтыскер ақын Айбек Қалиев, жас ақын Абылай Мауданов, журналист Аслан Қанғожин және республикалық “Егемен Қазақстан” газетінің жауапты қызметкері, белгілі журналист Анар Төлеухан “Бұл поэманың авторы — Хамитбек Мұсабаев. Әнін шығарған — Нағашыбай Алпысов, поэманы домбырамен орындап жатқан Нағашыбайдың өзі. “Қаншеңгелді” көп жылдардан бері Нағашыбай жыраудың баласы Абзал Алпысов орындап келе жатыр”, — деп текетіреске араша түседі.
Ал Кеңесбек Мәулетов “Ахаң аманатына адал болайық” деген 3 жазба, “Қаншеңгелдегі” — сыналар… немесе аманатқа қиянат болмасын!” секілді мақалалары арқылы поэманы Ахмет Байтұрсыновқа теліп, дәлелдеп, дау көрігін үрлеп-ақ бағады. Ахаңның туысымын деп, Қайрат Қабылов деген азамат та: “Алла куә 34 жыл осы қағаз аман, осы дауға сақталған ба, әскерде жүргенде атам марқұм жіберген, оны Хамекең сене ме, басқалар сене ме, ол жағына мен қиналмаймын, өйткені шындық. Ал егер де, сіздер оны жарияламағанда… біз де, ешкім де, білмес едік қой. Дау да болмас еді. Ол мендегі хат жатар ма, еді, жоғалар ма еді, кім білсін. Ахмет атамызды ақтағасын, барып білдік. Әлі зерттейтіндер шығады, әлі Ахаңдікі екенін дәлелдейтін деректер шығуы мүмкін”, — дейді. Файзолла ишанның немересі Рамазан Зияуйтденов деген азамат та “Атамның еңбектерін төте жазу білетін адамға оқытып жатырмыз. Соның арасынан Ахаңның Файзолла ишанға өзі жазған “Қаншеңгелі” шығып қалуы мүмкін” деп текетіресті “маздата” түскен. Алайда…
Толассыз тартысқа тобықтай түйін
Айбек Қалиев: “Ақын, әдебиеттанушы, Торғай ақындарын зерттеуші ретінде айтарым бұл поэманың стилі 30 жылдардағы қазақ поэзиясына да, Ахаң стиліне де жат. Стильдік тұрғыдан алғанда, бұл 1980 жылдардың аяғында жазылған поэма. Бұл поэмаға менің ауылдас, жерлес ағам термеші, жыршы Нағашыбай Алпысов деген ақсақал әуен шығарып ел арасында айтылып жүрген, қазіргі тілмен айтқанда кезінде Торғай облысы аймағында хитқа айналып кеткен. Ал «Ахаңның өз даусы табылды» деген шуға келер болсақ, негізі ол дауыс менің сыныптасым, Нағашыбай Алпысовтың ұлы Абзал Алпыстың даусы. Күні кешегі мәселенің, авторы тірі поэманың ақиқаты айтылуы керек. Талассыз поэма Хамитбек Мұсабаевтікі”, — дейді.
Жиында сөз алған Дәулеткерей Кәпұлы: “Ұрысы күшті болса, иесі өледі! Әлеуметтік желілерді “Ахмет Байтұрсыновтың Орынбордан дауысы табылыпты, Ахаңның “Қаншеңгел” деген поэмасын Хамитбек Мұсабаев деген өз атынан жариялапты” деп даурыққан дақпырт шарлап кеткен. Торғайлық Кеңесбек Мәулетов есімді зейнеткер-заңгер ағамыз, айдың-күннің аманында “Файзолла Сатыбалдыұлына хат немесе Ахмет Байтұрсыновтың монологы” атты поэманы 1988 жазған Хамитбек ақынның өз туындысын Ахаңа теліп айды аспанға бірақ шығарып, дауды өршіткен-ақ екен. 1999 жылы Айбек Қалиев досым “Файзолла досым, аса қымбаттым” деп басталатын ұзақ толғауды торғайлық Нағашыбай Алпысов ағамыздың орындауынан жаттап, бізге айтып беріп, Балғынбек екеуміз де мақамына қызығып басын жаттаған едік. Кейін Нағашыбай ағаның ұлы, құрдасымыз Абзал Алпысовтан толық нұсқасын тыңдағанбыз.
Айбек атақты ғалым, академик, ұстазымыз, Ахметті “әкем” дейтін Рымғали ағаның алдында да талай орындаған. “Алаш ұранды әдебиет” дейтін термин қалыптастырған, “Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған” деп аталатын ғылыми мақала жазған Рымғали аға сол толғауға сүйсінген еді. Бірақ бұл “Ахаңның толғауы” демеген…
ҚазМҰУ-де сабақ берген ахметтанушы ғалым Өмірхан Әбдиманов ағамыз да бұл толғауды (анығында поэма, 93 шумақтан) Ахаңа телімеген еді. Енді келіп, зейнетке шыққаннан кейін “әдебиетпен айналысқан” Кеңесбек ағамыз Хамитбек ақынның төл шығармасына шеңгелді мықтап-ақ салған екен.
Бұл дауға нүкте қойғысы келіп, осы жиынды ұйымдастырған Астанадағы «Руханият» орталығының жігіттеріне алғысым шексіз. Түйгенім, атам қазақ айтатын “Ұрысы күшті болса, иесі өледі” деген тәмсілді Кеңесбек ағам түсінсе екен! Хамитбек аға, қамықпаңыз, ақиқат тұғырында Сіз тұрсыз!” — деді.
Толғаудың тартысты тағдырына алаңдаған Қайырбек Кемеңгер: “Алашқа ынтызар азамат ретінде шығарманы естіп едік. Мақамы мен сөзі, орындалу шеберлігі жүректі тебірентетін. Тегінде, бұл керемет ән-толғауды әлеуметтік желі, қалта телефоны арқылы Алаш ақиқатын, зұлмат жылдар қасіретін қалың жұртшылыққа жеткізуге пайдалануға болатын өнер туындысы деп түсінетінбіз. Содан да болар, 2016 жылдың жазында көшелі азамат Берік Әбдіғалидің ұйымдастыруымен Торғайға жасаған ғылыми сапар-саяхатымызда түсірген суреттерімізді “Торғай елінде” атты бейнеролик жасап Ютуб каналына жүктегенімізде осы әнді пайдаланған едік. Ол арада шығарма авторы Хамитбек Мұсабаев, әнін жазған Нағашыбай Алпысов деп көрсеттік. Біздің пайымдауымызша, әдеби-теориялық, көркемдік-стильдік, тарихи-текстологиялық тұрғыдан қарағанда, “Қаншеңгел” шығармасының авторы Ахмет Байтұрсынұлы емес. Туынды мәтіні ХХ ғасырдың 20-30 жылдары жазылғанға, Ахаңның сөз саптауына, өлең жазу үлгісіне келмейді. Бүгінгі жиынның әдебиетімізге ғана емес, тарихын түгендеп, тегін тануға, рухани жаңғыруға ұмтылған қоғамымызға берер пайдасы мол. Бір шығарма төңірегінде сонша әңгіме өрбітудің қанша қажеті бар дейтін адам да табылар. Оған айтпағымыз, әңгіме Алаш дәуіріне қатысты, соның ішінде Алаштың рухани көсемі — Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығы төңірегінде. Сондықтан Ахаң туралы кез келген жиынның салмағы зор болмақ деп білеміз. Бір есептен, әлі уақытқа дейін Алаш боздақтарының текстологиясы қаралған мәтіні, дау тудырмайтын, авторлығы анықталған, бүркеншік есімдері нақтыланған шығармалар жинағы шығып болмады. Әлі күнге дейін Алаш дәуіріндегі бүркеншік есімдердің анықталған кітабы жарық көрмеді (өз басым оны көрмедім). Белгілі бір мақала, шығарма бірнеше авторға телініп жүр. Ол да өзімізге сын шығар? Ал бірер жылдан бері көпшіліктің Ватсап және әлеуметтік желі арқылы «Ахаңның Орынборда дауысы сақталған екен, Алаш арысының елге жазған аманат-хаты табылыпты!», — деп Хамитбек Мұсабаевтың “Қаншеңгелін” сүйіншілеп таратып жатқанының астарында сол жұртшылықтың Алашқа деген сағынышы, ынтызар көңілі, құрметі, “қараңғы Қазақ елін жарқын болашаққа сүйреуден басқа бақыт бар деп білмеген” (М.Әуезов) Ахмет Байтұрсынұлына деген ыстық ықыласы деп қабылдаймыз”, — деді. Дегенмен…
Төрелігін Ахметтанушы ғалымдар айтсын
— Ахмет Байтұрсыновтың даусы табылды деген жаңсақ жаңалық болатын. Қайрат Қабылов, Ерахан Қабылов, Кеңесбек Мәулетов сынды азаматтардың да айтып жүргені ақиқатқа қайшы. Мен үшін Сабыржан Шүкіровтың пікірі темірқазық. Сондай-ақ, дауласып жүрген екі топ та менің аталас туыстарым, бәріміз де бір торғайлық Ахаң, Жақаңдардың ұрпағымыз. Сондықтан негізгі түйінді ғалымдар айтуы керек, — деді Анар Төлеуханқызы.
Пікірталас соңында ҚР еңбек сіңірген әртісі Серік Оспан, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, жазушы Камал Әлпейісова, ахметтанушы, ф.ғ.к., профессор Ұлан Еркінбай, ф.ғ.к., доцент Қайырбек Кемеңгер, журналист Анар Төлеуханқызы сияқты әртүрлі саланың өкілдерінен құралған ғылыми-шығармашылық топ талқыға түскен дау-дамайлы мәселеге сараптама жүргізіп, туындының нақты авторы Хамитбек Мұсабаевқа ҚР Әділет министрлігі арқылы “Авторлық куәлік” алу сияқты құқықтық-нормативтік маңызы зор құжатты алу, шығарманы ресми бекіту турасында кеңес берді.
Ал клуб үйлестірушісі, жиынның модераторы Ержан Еңсебай Абай атамыз айтқандай: “Біріңді қазақ, бірің дос…” деп, екі тарапты бірлікке шақырып, “Руханият” орталығының ғылыми қызметкері, жазушы Елдос Тоқтарбайға хаттама даярлап, елімізге танымал үлкен ғалымдардың талқысына ұсыну жұмысын қолға алу керектігін тапсырды.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ