Қар тазалау жұмыстары – бақылауда

Орал қаласында автокөліктер мен жаяу жүргіншілер жолдарының тазалығымен «Жайық таза қала» ЖШС айналысады. Ал қылышын сүйретіп жеткен қысқы мезгілде серіктестіктің жұмысшылары мен техникалары қар тазалау жұмыстарына кіріседі. 

Осы аптада Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен жиында Орал қаласын қардан тазарту мәселесі сөз болды. Өңір басшысы күн тәртібіне қойылған мәселенің маңызына тоқталып: – Бұл бағыттағы жұмыстарды уақтылы, дер кезінде жүргізу қажет. Адам өмірі мен денсаулығын сақтау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қаладағы жаяу жүргіншілер жолдарын тазалау – басты назарда болуы керек. Бүгінгі күні оралдықтар осы жаяу жүргіншілер жолдарының тазалығына байланысты наразылық білдіруде. Бүгінгі кеңестің мақсаты – мәселенің себептерін анықтау, орын алған кемшіліктерді алдағы уақытта болдырмау, тұрғындарға қандай жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізу, – деді.

 

 

Өз кезегінде Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков қысқы маусымдағы қар тазалау жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын айтты. Шаһар басшысы тазалық жұмыстарымен айналысатын «Жайық таза қала» ЖШС-ның еңбек заңнамасын сақтай отырып, тәулік бойы әрі демалыссыз атқаратын іс-шараларынан хабардар етті. Кәсіпорын автокөліктер мен жаяу жүргіншілердің үздіксіз әрі қауіпсіз қозғалысын, қаланың қалыпты тыныс-тіршілігін қамтамасыз етеді.

– Қала бойынша кәсіпорын қызмет көрсететін мемлекеттік автокөлік жолдарының ұзындығы 615 шақырымды құрайды. Оның ішінде асфальтталған жабындысы бар жол – 386, тротуар – 236 шақырым. Кешенді жинау алаңы – 10,3 мың шаршы метр. Қала аумағындағы елді мекендер бойынша да жұмыс бригадалары жасақталған. «Жайық таза қала» серіктестігінде коммуналдық және жол техникаларының саны – 158 дана, сонымен бірге 750 қызметкер жұмыс жасайды. Кәсіпорын 2019 жылдан бері 58 техниканы жаңадан сатып алды. Сондай-ақ қысқы және жазғы дизельдік отынмен бірге инертті материалдар қоры жасақталған. Отыз бригадаға жасақталған жұмысшылардың қол күші де қар тазалау жұмыстарына пайдаланылуда, – деді Абат Абайұлы. Облыс орталығының жылдан жылға кеңеюіне сәйкес кәсіпорын штатты ұлғайтуды жоспарлап отырғаны да айтылды.

 

 

Аталмыш кәсіпорын қар шығару жұмыстарын да қолға алған. Өткен желтоқсан және қаңтар айларында 263 мыңнан астам текше метр қала сыртындағы карьераларға тасымалданған. Қала басшысы жаяу жүргіншілер жолына байланысты тұрғындар тарапынан шағым-ескертпелер түсіп жатқанын жасырмады. Жуырдағы жаңбырлы ауа райы салдарынан орын алған көктайғақ кәсіпорынның жұмысына біраз қиындық келтірген.

Әрине, облыс орталығын қалың қардан тазарту – аталған мекеменің ғана құзырындағы шаруа емес. Бұл ретте қала әкімдігі тиісті мекемелерді, кәсіпорын-ұйымдарды, ПИК төрағаларын да осы жұмысқа тартуда. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде құрылған арнайы мониторингтік топ осы мәселені қаперге алып, әлеуметтік желілердегі ескертпелер негізінде тиісті шешім қабылдап, қар жауған кезеңнен бастап 80-нен астам мекемеге ескертулер жіберген. Сәйкесінше, олардың орындалуы, бизнес нысандары аумағындағы тазалық жұмыстары да – бақылауда. Ал көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберіс жолдарындағы қарды аршу – ПИК-тердің міндеті.

Қала әкімінің мәліметінше, «Батыс Қазақстан облысының елді мекендеріндегі абаттандыру ережесінің» талаптарын жүзеге асыру мақсатында өткен жылдың наурыз айынан бері жергілікті полиция қызметімен бірлескен түрде 1856 құқық бұзушылық фактілері анықталып, ескертулер берілген. Соның ішінде 17 қаулы бойынша 786 мың теңге шамасында айыппұл салынған. Биыл қаңтар айының басынан бері 17 кәсіпкерлік субъектісіне ескерту берілген. «Мұндай іс-шаралардағы ортақ мақсатымыз – қаламыздың тазалығын қамтамасыз ету» деген қала әкімі арнайы дайындалып жатқан «Push-хабарлама» мобильдік қосымшасы туралы да айтып өтті. Осы қосымшаның көмегімен түрлі меншік иелеріне смс-хаттар жолдау арқылы оларды абаттандыру ережесіне сәйкес тазалық жұмыстарына тарту көзделген.

Жиын барысында «Жайық таза қала» ЖШС директоры Ринат Нұрғалиев пен кәсіпорынның құрылтайшысы Тұрарбек Тілемісов қала көшелеріндегі тазалық жұмыстарының барысы, туындайтын қиындықтар туралы мәлімдеді.

Облыс басшысы Ғали Нәжімеденұлы бизнес субъектілеріне қар тазалау жұмыстарына қатысты ескертулер беруді күшейтуді, осы жұмыстарды атқарудың мерзімдік стандартын бекітуді тапсырды.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы