Қарағанды мектебі ел Президентінен сыйлық алды
Қарағандыдағы №104 мектеп-гимназиясы Жаңа жыл қарсаңында Қазақстан Президентінің атынан сыйлық алды. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қараша айында Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында жаңа оқу орнына келген болатын. Сол кезде оқушылар мектеп автобусы болса деген ниетін білдірген еді. Енді міне олардың арманы орындалды.
Балаларға арналған жайлы автобус желтоқсан айында Саран қаласында ашылған QazTehna жаңа зауытында құрастырылған. Мемлекет басшысының атынан сыйлықты табыс ету жас жұмысшыларға жүктелді.
— Біз командамызбен осы мектеп автобусын құрап, жинадық. Менің ойымша, бұл балаларға арналған тамаша жаңа жылдық сыйлық. Біздің зауытта автомобиль жасаудың әлемдік көшбасшысы болып табылатын Yutong маркалы заманауи автобустар өндірісі басталды. Облыста осындай кәсіпорынның ашылғанына қуаныштымын. Ол Саран және оған жақын орналасқан қалалардың тұрғындары үшін көп жұмыс орындарын құрып, отандық машина жасауды дамытуға ықпал етеді, — деп бөлісті слесарь-құрастырушы Жарас Исабеков. — Мұнда көптеген жас мамандар жұмысқа орналасты. Мен Қарағанды техникалық университетінің көлік-жол факультетін бітіріп, енді мамандығым бойынша жұмыс таба алдым.
Гимназияның ауласында автобусты оқушылар, педагогтар мен ата-аналар қарсы алды.
Барлық оқушылар атынан 11-сынып оқушысы Іңкәр Құлмағамбетова алғыс білдірді.
— Ел Президенті қараша айында біздің мектепке келді. Мен онымен жеке сөйлесуге мүмкіндік алдым. Біздің мектеп оған өте ұнады. Президент бізге не қажет екенін сұраған болатын. Шынымды айтсам, біз бірден жауап бере алмадық, өйткені біз үшін көп нәрсе жасалды — барлық мүмкіндіктер бар. Біз мектеп автобусын сұрадық, себебі бәріне қоғамдық көлікпен жүру ыңғайсыз — деді Іңкәр.
Аталмыш мектеп-гимназияда 900 бала оқиды. Оқу ордасының директоры Жадыра Баймолдинаның айтуынша, автобус байқауларға, жарыстарға және экскурсияларға бару үшін пайдаланылады. Сондай-ақ, «Күнгей» шағын ауданында тұратын оқушыларды мектепке және үйге жеткізуді ұйымдастырады.
— Бізде гуманитарлық бағыттағы мектеп-гимназия бар. Барлық жағдай жасалған, барлық оқушыларды қосымша біліммен қамти аламыз. STEM-зертханасы, робототехника және интеллектум кабинеттері, телестудия және медиаорталық, ART-студия және хореография залы бар, — деп атап өтті директор.
Облыста барлық мектептерді осындай автобустармен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Оларды келесі жылдан бастап бюджет қаражатына сатып ала бастайды.
Естеріңізге сала кетейік, Саран қаласында бұрынғы РТБ зауытының өндірістік алаңы қайта жандандырылды. Желтоқсан айында мұнда автобустар, электр автобустары мен арнайы техника шығаратын QazTehna зауыты ашылды. Қуаттылығы жылына 1 200 автобус, 500 бірлік арнайы техника. Толық қуатқа шыққан кезде 1000-нан астам жұмыс орны құрылады. Ел ішінде жаңа автобустарды жеткізуге тапсырыстар бар. Болашақта жақын шет елдерге өнім экспортталуы мүмкін.
Жомарт Шаймұрат