Қарағанды облысы әкімінің «Тіл жанашыры»  сыйлығы табысталды

 Арнайы комиисияның шешімімен Қарағанды облысы әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығының иегерлері анықталды.

Облыс әкімі Қасымбек Жеңіс Махмудұлы – Қазақстан халқы тілдер күні қарсаңында облыс тұрғындарына мерекелік құттықтауын жеткізіп, «Тіл жанашыры» сыйлығының басты аталымы «Тіл майталманы» сыйлығын белгілі тарихшы-өлкетанушы Аршабеков Темірғали Тілеубекұлына табыстады.

Облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығы аймақтағы мемлекеттік тілдің қоғамдық рөлі мен маңызын арттыру, тілдерді дамыту мен мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға үлес қосқан тұлғаларды көтермелеу және оларға қолдау көрсету мақсатында 2012 жылы тағайындалған.

Бұл сыйлық кейінгі төрт жылда Алаш арысы, Ұлт ұстазы,  Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне орайластырылған 5 қыркүйек — Қазақстан халқы тілдер күні қарсаңында табысталуда.

Биылғы жылы 8 номинация бойынша ұсынылған барлығы 38 үміткердің құжаттары қаралып, әр номинация бойынша сыйлық иегерлері анықталды:

«Тіл майталманы» номинациясы — мемлекеттік тілді дамыту мен танымал етуге елеулі үлес қосқан, сондай-ақ оқу және мәдени-ағартушылық бағдарламалардың, әдістемелік құралдардың әзірлеушілері мен жүзеге асырушылары болып табылатын, қоғам өмірінің әр саласында қазақ тілінің кең қолданылуына бағытталған мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысып жүрген 35 жастан асқан шығармашылықпен айналысатын азаматтар және зиялы қауым өкілдері арасында:

Жеңімпаз: Аршабеков Темірғали Тілеубекұлы — Қарағанды облыстық ғылыми-техникалық құжаттама мұрағатының басшысы. Тарихшы-өлкетанушы. Облыстық ономастика комиссиясының мүшесі. «Қарағанды облысының топонимикалық  картасы» зерттеу жобасының ғылыми жетекшісі. Көптеген тарихи-топонимикалық еңбектер мен 200-ден астам ғылыми мақалалардың авторы.

 

 

«Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» номинациясы — облыстың мемлекеттік және бюджеттік мекемелерінде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту ісіне айтулы үлес қосып жүрген мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік және азаматтық қызметшілері, штаттан тыс мамандары арасында:

Жеңімпаз: Құдияров Бақытжан Садықұлы — Қарағанды облыстық Полиция департаментінің қызметкері.  Облыстық ішкі істер саласында тіл саясатын жүзеге асыруда әр түрлі іс-шараларды, мемлекеттік тілді оқыту курстарын, «ҚазТест» жүйесін енгізу бойынша жұмыстарды белсенді атқарушы. Аумақтық полиция бөлімдерінде «Тіл апталықтарын» ұйымдастырушы.

«Тіл жаршысы» номинациясы — мемлекеттік тіл саясатының өзекті мәселелерін жүйелі әрі сапалы жариялағаны және материал беру бірегейлігі мен кәсібилігі үшін қазақ және орыс тілдеріндегі баспа бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері және штаттан тыс қызметкерлер арасында:

Жеңімпаз: Шалқаров Жәлел Қуандықұлы — Облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің тілшісі. Ақын. Облыстық, республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері.  Облыс көлемінде мазмұнды да мағыналы мақалаларымен, оның ішінде тіл тақырыбына қатысты қозғаған материалдарымен танымал қаламы қарымды журналист.

«Үздік телехабар» номинациясы — тіл саясатын жүзеге асыру бағытындағы мәселелерді көтерген арнайы, сапалы телехабарлар ұйымдастырғаны және материалдарды берудегі шығармашылық пен бірегейлік үшін қазақ және орыс тілдеріндегі электронды бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері  арасында:

Жеңімпаз: Бейсенаев Мақсат Мұхитұлы — Облыстық  «SARYARQA» телеарнасының «Жаңалықтар» ақпараттық-сараптамалық қызметінің редакторы, «YAQYT.KZ» хабарының жүргізушісі. Хабарлары мен жаңалықтарында тіл тақырыптарын өзек етіп,  тіл мәселелерін назардан тыс қалдырмай жүрген танымал тележурналист. 

«Жас полиглот» номинациясы — мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген, аймақтық, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейде конкурстарда, олимпиадаларда, жобаларда грамота, диплом, сертификаттар мен басқа да наградаларға ие болған 14-29 жас аралығындағы  жастар арасында:

Жеңімпаз: Түркенова Әйгерім Өміртайқызы —  Саран қаласының тілдерді дамыту орталығында ағылшын тілінің оқытушысы. Республикалық, халықаралық пәндік олимпиадалары мен түрлі байқау, сайыстардың жүлдегері.  Мектептің физика, химия, биология, информатика пәні мұғалімдерін «USTAZ BIG PROJECT» бағдарламасымен ағылшын тілінде оқытуға дайындаушы ретінде тренерлік қызмет атқарған.

 

 

«Тіл білгірі» номинациясы — мемлекеттік тілді еркін меңгерген, облыстық, республикалық конкурстардың жеңімпаздары және жүлделі орын иегерлері болып табылатын 14-29 жас аралығындағы өзге ұлт өкілдерінің жастары арасында:

Жеңімпаз: Пономаренко Екатерина Григорьевна Теміртау қаласындағы «Оқжетпес-Т» ЖШС-нің аға операторы. Ұйымдағы мемлекеттік тілдің қолданысына жауапты маман. Теміртау қаласының қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысып, мемлекеттік тілге қатысты шараларға атсалысушы. Теміртау қаласының «Мемлекеттік тілде қызмет ете аламын!» онлайн конкурсының жеңімпазы.

«Мемлекеттік тіл — бизнесте» номинациясы — облыс аумағында кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыру барысында ұлттық құндылықтарды насихаттауға және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосып жүрген шағын және орта бизнес өкілдері арасында:

Жеңімпаз: Тілеуқұлов Асхат Қажытайұлы«Arda Media Group» орталығының директоры, жеке кәсіпкер. Руханият, ұлттық мұра мен тарихты, экотуризм мен этнотуризмді, өнер және спорт тарландарын насихаттауға, мемлекеттік тілді дамытуға арналған «Ыстық қайрат», «Ән баттл», «Жусан иісі», «Қазақстанды жаяу аралаймын!» секілді мәні мен мағынасы зор жобалардың авторы.

 «Үздік оқытушы» номинациясы — ересектерге мемлекеттік тілді оқытуда жетістіктерге жеткен, тіл үйретуде озық технологияларды, жаңа әдістерді қолданатын, бірегей әдістемелік өнімдердің авторы болып табылатын тұлғалар арасында:

Жеңімпаз: Хамзина Қарлығаш МәуенқызыҚарағанды техникалық университетінің оқытушысы. Филология ғылымдарының кандидаты.Тілді оқыту мәселелеріне қатысты 80-нен астам ғылыми мақаланың, бірнеше оқу-әдістемелік, электронды оқу құралдарының, монографиялардың авторы.

 

Жомарт Шаймұрат