Қарағанды облысында 1200 шақырымнан астам жол жөнделеді
Биыл Қарағанды облысында 1200 шақырымнан астам жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары жөнделеді. Осы мақсатта жұмыстарға үш мың бірлік арнайы техника мен 59 асфальт зауыты тартылды.
Жолдарды жөндеу және салу туралы Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Сәбит Оспанов Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте айтып берді.
Қарағанды – Балқаш және Балқаш – Бурылбайтал автожолдарын қайта жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «Қазавтожол» ұлттық компаниясының деректеріне сай, биыл бұл жолдарда қозғалыс толықтай іске қосылады. Қайта құру 2023 жылы толық аяқталады.
– Қарағанды – Жезқазған бағыты бойынша бүгінгі таңда ұзындығы 513 км жолды реконструкциялауға ЖСҚ әзірленуде. Ағымдағы жылы осы бағыт бойынша Қарқаралы қаласының маңында 10 км орташа жөндеу және Ботақара кенті ауданында жарықтандыру құрылғысы қарастырылған, – деп хабарлады Сәбит Оспанов.
Бұдан басқа, «Қазавтожол» Қарағанды филиалының ақпараты бойынша, 2023 жылға Матақ – Қарқаралы учаскесінде 74 км орташа жөндеу жоспарланған.
Облыстық маңызы бар жолдарға келетін болсақ, оларға да көңіл бөлінеді. Новодолинка – Шахан – Молодецкое автожолының 17 шақырымын қайта жаңартуды аяқтау жоспарлануда. Осакаровка – Молодежное бағыты бойынша 16 км жаңа жабын төселіп, жоба 2023 жылы толығымен аяқталады.
Үштөбе – Құрылыс автожолының 9 шақырымында қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Қарабас – Жартас – Долинка автожолында ұзындығы 21 км учаске жөнделеді.
– Нұра – Шахтерское – Пржевальское автожолының учаскесін қайта қалыпқа келтіру аясында 20 км жаңа жабын бойымен қозғалыс қамтамасыз етіледі, – деді Сәбит Оспанов. – Нұра және Осакаровка кенттерінің арасындағы қайта құру учаскесінде ауқымды жұмыстар көзделген. Жөндеу жұмыстарымен 20 км қамтылды.
Бұқар Жырау ауданы Ғабиден Мұстафин атындағы кентінің жанындағы Нұра өзені арқылы өтетін көпірдің жобасын түзету аяқталу сатысында. Құрылыс-құрастыру жұмыстарына биыл кіріседі.
Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында Ақтоғай және Шет аудандарының 12 км кентішілік жолдарын жөндеуге қаражат бөлінді. Сексен шақырым жол «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жөнделеді.
Облыс орталығында Майқұдық (к. Маркс және Магнитогорская көшелері) жолы мен 7-магистралінің күрделі жөндеуі аяқталады.
Спикер жол жөндеу жұмыстарының сапасына ерекше назар аударылатынын атап өтті.
Сондай-ақ, облыста қоғамдық көлік жаңартылады. Биыл Қарағандыда 100 жаңа автобус, Теміртауда – 70, Балқашта – 7 қоғамдық көлік сатып алу жоспарлануда.
Жомарт Шаймұрат