Қарағанды облысында 221 млрд теңгеге он екі жоба жүзеге асырылуда
Қарағанды облысында 221 млрд теңгеден астам сомаға он екі инвестициялық жоба іске қосылады. Жыл басынан бері облыста шамамен 202 млрд теңге инвестицияланды, оның 90%-дан астамы – жеке меншік қаражат.
Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы ОКҚ алаңында өткен брифинг барысында Жеңіс Қасымбек айтып берді.
Облыс әкімі облыстың екі аймаққа бөлінуі жоспарланған жобалардың жүзеге асуына еш кедергі етпейтінін атап өтті.
– 5 ай ішінде өнеркәсіп өндірісі 2,1%-ға өсіп, 2,8 трлн теңгеге жетті. Жыл соңына дейін өсудің оң қарқынын сақтау жоспарланып отыр. Ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларында экспорт көлемі 13,7 % өсіммен 2,3 млрд АҚШ долларын құрады, – деді Жеңіс Қасымбек.
Облыста жаңа ірі өндірістер ашылуда. «Сарыарқа» әлеуметтік-экономикалық аймағында 10 кәсіпорын жұмыс істейді. Соңғы іске қосылған жоба – геомембра өндіру зауыты. Жыл соңына дейін тағы екі импортты алмастыратын кәсіпорын ашылады.
Саран қаласында индустриялық аймақ кеңеюде. Бұрынғы РТБ зауытының өнеркәсіптік алаңында Yutong маркалы автобустарды құрастыру жөніндегі кәсіпорын жұмыс істейді. Жыл соңында «Татнефть» компаниясының қатысуымен KamaTyresKZ шина зауыты іске қосылады деп күтілуде. Мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Бұдан басқа, индустриялық аймақ тағы екі жаңа зауытпен толықтырылады. Қазір металл бұйымдары мен легирленген болаттан жасалған өнімдер өндірісі бойынша жобалық құжаттар дайындалуда.
Жомарт Шаймұрат