Қарағанды облысында 3 мыңнан астам әлеуметтік қорғалатын отбасы пәтер алады
Қарағанды облысында ауқымды құрылыс жұмыстары жалғасады. Биыл кезекте тұрған 3 мыңнан астам адамды әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарда бар.
Бұл туралы өңір басшысы Жеңіс Қасымбек онлайн форматта өткен халықпен есептік кездесуінде мәлімдеді.
— Халықты толғандыратын басты мәселелердің бірі – тұрғын үй және инфрақұрылым. Облыста 36 мыңнан астам азамат әлеуметтік тұрғын үй кезегінде тұр. Біздің міндетіміз – барынша көбірек құрылыс жүргізу. Өткен жылы өңір бойынша ауқымды құрылыс жұмыстары өтті. Рекордтық 530 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 26%-ға артық. 6 500-ге жуық отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты, — деді облыс әкімі.
Әлеуметтік қорғалатын санаттағы 2 500 кезекте тұрғандар пәтер алды.
Әлеуметтік жалға берілетін және несиелік тұрғын үй беру қарқыны бір жылда 40%-ға өсті, деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Ол 2021 жылы 20% өсіммен 660 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салу жоспарланғанын хабарлады. Бұл 3 мыңнан астам жанұяға, оның ішінде 600-ге жуық көп балалы отбасыға жалға берілетін және несиелік пәтерлерді табыс етуге мүмкіндік береді.