Қарағанды облысында егіс науқаны қалай өтті

Қарағанды облысында егіс науқанының қорытындысы шығарылды. Биылғы жылы жаздық егіс алқаптары, картоп пен көкөніс отырғызу көлемі артты. Фермерлер жоғары сапалы тұқымдар мен минералды тыңайтқыштарды көбірек қолдана бастады.

Егіс науқанына 1 884 ауыл шаруашылығы құрылымдары қатысты. Бұл көрсеткіш 2020 жылға қарағанда 213 шаруашылыққа артық. Өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда жаздық егіс көлемі 40 мың гектарға артып, 1 млн 57 мың 700 гектарды құрады. Картоп 11 042 га, көкөніс 1 794 га аумаққа салынды. Жемшөп дақылдарының егістігі 15,9 мың га ұлғайды және 79,2 мың га құрады, – деп хабарлады Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров онлайн режимінде өткен аппараттық кеңесте.

Ол облыс шаруашылықтары сұрыптық жаңартуға көңіл бөлетінін атап өтті. Мысалы, биылғы жылы жоғары репродукциялы тұқымдар барлық астық танабының 92%-на қолданылды. Дәнді дақылдар мен картоп отырғызуда элиталық тұқымдарды қолдану да артты.

Басқарма басшысының ақпараты бойынша, тұқым шаруашылығын қолдауға биыл 726 млн теңге бөлінді және бұл соманың басым бөлігі төленді.

Сондай-ақ, минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға, арамшөптер және зиянкестермен күресуге бюджеттен қаражат бөлінді.

 

                                                                                                                                                 Жомарт Шаймұрат