Қарағанды облысында егіс жұмыстарын мамыр айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда
Қарағанды облысында көктемгі дала жұмыстары жүріп жатыр. Биыл жаздық егіс 1057,7 мың гектарды құрайды, астық алқаптары 40 мың гектарға ұлғайды.
Егіс жұмыстарының барысымен облыс әкімі Жеңіс Қасымбек танысты. Жұмыс сапары барысында ол аймақтың басты егіс алқаптары – Абай, Бұқар жырау, Осакаров және Нұра аудандарының шаруашылықтарын аралады.
Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, көктемгі егіс кесте бойынша жүргізілуде. Жұмысты мамыр айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Бүгінгі таңда алқаптардың жартысына жуығына дәнді және майлы дақылдар егілген. Картоп пен көкөністерді отырғызу да жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Егістіктерде 9 500-ден астам трактор, 229 егіс кешені және 5 556 тұқым сепкіш жұмыс істейді. Фермерлер арзандатылған дизель отынын алды. Көктемгі дала жұмыстарына, сапалы тұқымдар мен минералды тыңайтқыштар сатып алуға субсидиялар қарастырылған.
Жомарт Шаймұрат