Қарағанды облысында мыңға жуық отбасы баспанамен қамтылады
Қарағанды облысында мыңға жуық отбасы жалдамалы және несиелік тұрғын үй алады. Биыл 650 мың шаршы метр пайдалануға беріледі, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 11,7%-ға артық.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек хабарлады.
Қазіргі уақытта өңірде жеңілдікті тұрғын үй несиелендіру бағдарламалары жұмыс істейді. Олар «Отбасы банкпен» бірлесіп іске қосылды. Кеншілер мен металлургтер, сондай-ақ басқа да салаларда жұмыс істейтін жастар пәтерге жеңілдетілген қарыздар ала алады.
Жеңіс Қасымбек өңір экономикасының негізгі салалары тұрақты жұмыс істейтінін атап өтті. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 5 айдың қорытындысы бойынша 102,3% деңгейінде қалыптасты.
– Жалпы облыстағы әлеуметтік-экономикалық жағдай тұрақты. Жыл соңына дейін экономиканың барлық салаларында оң динамиканы қамтамасыз ету міндетін қоямыз, – деді Қарағанды облысының әкімі.
Жомарт Шаймұрат