Қарағанды облысында «Қайырымдылық акциясы» аясында   ҚХА Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Өнерлінің қолы алтын» шеберлік сабағы өтті.

Осакаров ауданының «Пионер балалар үйі» тәрбиеленушілеріне қажет әрі пайдалы шеберлік сабақты «Нұрәсем» сән үйінің директоры Венера Исина өткізді. Онлайн алаңда өткен сабақта қатысушылар қазіргі уақытта өте қажет, сыртқы вирустан қорғанудың бірден-бір құралы – бетперде тігуді үйренді.

Бүгінде облыс, республика көлемінде ұлттық нақыштағы сәндік киімдерімен танымал болған «Нұрәсем» сән үйінің жетекшісі Венера Әбдуғалиқызының айтуынша, сабақтың мақсаты — бетперде кесіндісінің бөліктерін қосу технологиясымен таныстыру, іскерліктер мен тігін дағдыларын қалыптастыру, нәтижеге жетуде дәлдікке, шыдамдылыққа тәрбиелеу және жұмыс барысында оң қарым-қатынас жасауға баулу, балалардың қолөнерге деген ынтасын ояту.

 

 

Бетперде тігу технологиясы — үлгі жасау, бөліктерді пішу, тігу сияқты үш кезеңнен тұрды. Адам бетінің пішініне ыңғайластырып, ауа өткізгіш матадан жасалатын бетпердені бірнеше рет пайдалануға болады. Сабақ соңында қатысушылар алғыстарын білдірді.

 

                                                                                                      Жомарт Шаймұрат