Қарағанды облысында сараптамалық интернет-картаның көмегімен тыйым салынған діни контент анықталады
Қарағанды облысында 15 конфессияның 324 діни бірлестігі және 44 шетелдік миссионер жұмыс істейді. Соңғы үш жылда өңірде деструктивті ағымдарды ұстанушылар санының айтарлықтай төмендеуі байқалады.
Тыйым салынған мазмұнды анықтау үшін сараптамалық интернет-карта арқылы әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіледі.
– Бұл жүйе интернетте деструктивті ағымдардың материалдарын оқып, тарататын пайдаланушылар санын азайтуға көмектесті. 2020 жылы мұндай пайдаланушылардың саны 25 742-ге, ал 2021 жылы – 17 653 адамға жетті, – деп хабарлады Дін істері басқармасының басшысы Дулат Халел.
Өткен жылы ведомство полиция департаментімен бірлесіп ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы «Әлеуметтік желілерде діни материалдарды тарату, стационарлық емес үй-жайларда кітаптарды сату» бойынша 43 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.
Дінтану сараптамасының нәтижелері бойынша 18 материал бойынша жалпы сомасы 3 507 200 теңгеге әкімшілік айыппұлдар салынды, 13 іс тоқтатылды, 12 материал сотқа жіберілді.
Айта кету керек, әлеуметтік желілерде радикалды діни идеология материалдарын орналастыруға, сараптамадан өтпеген діни әдебиеттерді таратуға және заңсыз миссионерлік қызметке тыйым салынады.
Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл үшін басқарма атаулы-оңалту және ақпараттық-алдын алу жұмыстарын жүргізеді. Өткен жылы облыс бойынша 3 880 ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары өткізілді, оларға 227 мыңға жуық адам қатысты.
Өңірде мемлекеттік органдардың жергілікті діни қоғамдастықтармен өзара іс-қимылы үшін діни бірлестіктердің байланыс жөніндегі кеңесі мен клубы жұмыс істейді.
– Жалпы, өңірдегі діни ахуал тұрақты. Халықтың басым бөлігі мемлекет дамуының зайырлылық қағидаттарын ұстанады, – дейді Дулат Халел.
Жомарт Шаймұрат