Қарағанды облысында зейнет жасындағы тұрғындарға жұмыс табуға көмектеседі

 

Қарағанды облысында биыл «Күміс жас» республикалық жобасы іске қосылады. Бағдарлама зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдарды жұмысқа орналастыруға көмектеседі. Биылғы жылға жоспар – 534 адам.

Жұмыс берушілерге осындай қызметкерлердің жалақысы 30 АЕК мөлшерінде субсидияланатын болады.

Әдетте, қандай да бір себептермен жұмысынан айрылған аға буын өкілдеріне оны қайта табу өте қиын. Жаңа жоба осындай жұмыссыздарға зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орындарын табуға көмектесуге арналған.

– Өңірде кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бойынша субсидияланған жұмыс орындары құрылатын болады. Атап айтқанда, аға буынға «Күміс жас» жобасы жұмысқа орналасуға көмектеседі. Біз зейнеткерлік жасқа дейінгі жұмыс іздеушіні жұмысқа қабылдауға ниет білдірген жұмыс берушінің жалақысын субсидиялаймыз, – деді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова. – Жыл бойы ай сайын мемлекет тарапынан 30 АЕК төленетін болады – бұл 91 890 теңге.

«Күміс жас» жобасы бойынша жұмыс іздеуші ретінде тіркелу үшін жұмыспен қамту орталықтарына немесе Еnbek электрондық еңбек биржасына жүгіну қажет.

 

                                                                                                      Жомарт Шаймұрат