Қарағанды облысында журналистер марапатталды

Өңір басшысы журналистика ардагерлері мен жұмыс істеп жүрген БАҚ қызметкерлеріне шеберлігі мен ісіне адалдығы үшін алғыс айтты.

Сіздердің көпшіліктеріңіз осы қиын-қыстау кезеңде жұртшылықты өңірдегі ахуал туралы жедел әрі шынайы хабардар ете отырып, пандемиямен күрестің алдыңғы қатарында еңбек етіп келесіздер, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Кездесуге қатысушыларға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің марапаттары табыс етілді. Белгілі қарағандылық журналист, Карлаг зерттеушісі Екатерина Кузнецова «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Журналистика ардагері Сағат Батырханова, «5 арна» редакторы Рушан Бараев, «ТВ-АРТ» компаниясының директоры Руслан Никонович және «Индустриальная Караганда» газеті бас редакторының орынбасары Станислав Песнев «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды. Бірқатар БАҚ басшылары мен қызметкерлері ҚР АҚДМ грамоталарымен марапатталды.

 

 

Сондай-ақ, жыл сайынғы «Алтын Сұңқар» байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздарды марапаттады. Облыста ол 15-ші рет өтуде. Осы уақыт ішінде марапатты 202 журналист пен алты БАҚ ұжымы алды.

Биыл 104 өтінім келіп түсті. Байқау комиссиясы он номинация бойынша лауреаттарды таңдады. Олар 500 мың теңге көлемінде сыйлық, дипломдар мен естелік мүсіншелер алды.

«Қарағанды журналистикасының дамуына қосқан үлесі үшін» арнайы сыйлығына Saryarqa aqparat медиахолдингінің ұжымы ие болды. Компания құрамына кіретін және биыл 90 жылдығын атап өтетін облыстық «Ortalyq Qazaqstan» және «Индустриальная Караганда» газеттері миллион теңгеден сертификаттар алды.

 

 

Номинациялар бойынша жеңімпаз атанғандар:

— «Мамандығына адалдығы үшін» – Төрехан Майбас, журналистика ардагері, ҚР Құрметті журналисі;

— «Белсенді өмірлік ұстанымы үшін» – Жанат Жанқашұлы, «Арқа ақшамы» газетінің бас редакторы; блогер Айсұлтан Жақыпов;

— «Объектив шебері» – Рустам Бараев, «5 арна» телеарнасының операторы;

— «Ауыл тақырыбын үздік жариялау» – Ахат Құрмансейітов, «Ұлытау» газетінің бас редакторы;

— «Өндірістік тақырыпты үздік жариялау» – Айман Сағатай, «Atameken Business» республикалық телеарнасының тілшісі;

— «Алғашқы жетістіктері үшін» – Ксения Безкоровайная, «Курсив» республикалық іскерлік басылымының тілшісі;

— «Жылдың үздік шығармашылық жұмысы» – Мерхат Иманқұлов, Республикалық Qazaqstan телеарнасының облыстық филиалының аға режиссері;

— «Мәнер мен атқарымдылық үшін» – Аслан Демесбаев, республикалық «Хабар» және «Хабар-24» телеарналарының бейнеинженері;

— «Еңбек адамы» тақырыбын үздік жариялағаны және насихаттағаны үшін — Нина Барбутько, Жезқазған аймақтық «Подробности» газетінің бас редакторы.

Кездесуде келесі жылы «Блогосфераның үздік өкілі» атты жаңа номинация пайда болатыны туралы жарияланды.

 

                                                                                                                     Жомарт Шаймұрат