Қарағанды облысының 245 мыңға жуық тұрғыны медициналық сақтандыру үшін төлем жасамайды
Қарағанды облысында 245 мыңға жуық тұрғын сақтандырылмаған. Олардың МӘМС жүйесінде мәртебесі жоқ.
Бүгінгі таңда өңірде халықтың 82%-ы медициналық сақтандыру қорына тұрақты түрде қаражат аударады. МӘМС жүйесінде медициналық сақтандыруға жарналар бойынша берешек болған жағдайда азаматтарға «сақтандырылған» деген мәртебе берілмейді.
– Көбіне өздері үшін жұмыс істейтін тәуелсіз төлеушілер сақтандырылмайды. Жұмыс берушілер тұрақты түрде аударып отырады, себебі бұны Мемлекеттік кірістер департаменті қадағалайды және бұзушылықтар үшін айыппұл салады, – дейді медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалының директоры Фазыл Копобаев. – ЖК қызметкерлері де бақылауда. Қосалқы шаруашылықтары бар ауылдарда өзін-өзі жұмыспен қамтығандармен қиындықтар бар. Егер олар медициналық көмекке жүгінсе, оның кеңейтілген көлемін алу қиынға соғады.
Сақтандырылмаған азаматтар үшін кеңейтілген медициналық қызметтер пакеті қарастырылмаған. Олар тек кепілдендірілген медициналық көмекке жүгінуге құқылы: жедел жәрдем, жалпы практика дәрігеріне, учаскелік терапевтке бару, шұғыл ауруханаға жатқызу, қан қысымын өлшеу, жалпы қан, зәр анализі және т. б.
Сақтандырылмаған азаматтардың мәртебе алуының екі нұсқасы бар. Біріншісі — соңғы жылдағы қарыздарын өтей отырып, жарналарды дербес төлеуші ретінде төлеуге болады. Екінші нұсқа — бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) төлеу. Бұл қала тұрғындары үшін 1 АЕК және ауыл тұрғындары үшін 0,5 АЕК. Оған төлемнің төрт түрі кіреді: осы соманың 40 %-ы медициналық сақтандыру қорына, 30 % – зейнетақы қорына, 20 % – мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына және 10 % – табыс салығы. Бұл ретте сақтандырылушы мәртебесі алғашқы төлемнен кейін 3 айдан кейін ғана беріледі.
Жомарт Шаймұрат