Қарағанды облысының 6 мыңнан астам тұрғыны медициналық сақтандыру есебінен оңалту көмегін алды
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізгелі медициналық оңалтуды қаржыландыру көлемі едәуір артты. 2020 жылдың 9 айында медициналық сақтандыру есебінен Қарағанды облысының 6 354 тұрғыны оңалту көмегін алды. Бұл мақсатқа қор 1,348 млрд теңге бөлді.
Травматологиялық, неврологиялық және кардиологиялық бейіндегі тәуліктік стационарда қалпына келтіру емі және оңалту қызметтерін облыстың 16 медициналық ұйымы көрсетеді.
Жақында Қарағандыда балаларға арналған «Шипагер» оңалту орталығы ашылды. Мұнда 0-ден 18 жасқа дейінгі балалар жарақаттан қалпына келтіру бойынша, неврологиялық диагноздармен – церебральды сал ауруы, гидроцефалия және басқа да дерттер бойынша қабылданады.
— Кез келген бала, егер ол Қазақстан азаматы болса және өз емханасына тіркелген болса, бізге келе алады. Тұрғылықты жері бойынша медициналық мекемеде емдеуші дәрігер емдеуге жатқызу бюросының порталына қояды, өтінімдер күту парағына келеді. Біз диагноздың сәйкестігін, қажетті құжаттар тізімін қарастырамыз. Қазір бізде кереуеттер жеткілікті және келесі күні оңалтуға алуға дайынбыз, — дейді «Шипагер» оңалту орталығының атқарушы директоры Юлия Суенова.
Неврологиялық диагнозы бар балалар медициналық сақтандыру шеңберінде жылына төрт ретке дейін тұрақты оңалтудан өтеді. Оңалту ұзақтығы — 21 күнге дейін. Курсқа массаж, емдік дене шынықтыру, физиопроцедуралар, парафинотерапия, электроұйқыпроцедуралар және ЕДШ сертификатталған нұсқаушысы бар бассейндегі сабақтар кіреді.
2020 жылы оңалту бюджеті 3,5 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. МӘМС шеңберінде оңалтудан сондай-ақ күндізгі стационар деңгейінде және тұрғылықты жері бойынша амбулаториялық негізде өтуге болады.
Жомарт Шаймұрат