Қарағанды облысының әкімі жас педагогтарды қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етуді тапсырды

Өткен жылы Қарағанды облысында ауылдық жерлерде жұмыс істеуге ниет білдірген жас педагогтарға 24 қызметтік пәтер бөлінді. Бүгінгі таңда Абай ауданында, сондай-ақ Приозёрск және Жезқазғанда жас мамандарға арналған тұрғын үйлер берілмек.

Сондай-ақ ЖОО түлектері тұрғын үйді жалға алу, коммуналдық қызметтер үшін өтемақыға және үй сатып алу немесе салу үшін көтерме жәрдемақыға үміттене алады.

– Ауылдық аудандар мен қалалар әкімдеріне «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша аудандарға баратын жас мамандар үшін баспана санын анықтауды тапсырамын, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек басқарма басшыларының қатысуымен өткен облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысында. – Басқа жолмен біз жас мамандарды ауыл мектептеріне тарта алмаймыз.

Сондай-ақ, өңір басшысы педагог кадрлардың кәсібилігін және олардың әлеуметтік қамтамасыз етілу деңгейін арттыру қажеттігіне назар аударды.

– Әлеуметтік желілерде жекеменшік балабақша қызметкерлері тарапынан балаларға дөрекі қарым-қатынас туралы жарияланымдар тарап жатыр. Білім басқармасы шағын бизнесті тексере алмайды, мүмкіндігі шектеулі. Алайда, ондай мекемелердің басшыларына қызметкерлердің психологиялық жай-күйін, тамақтануын, өрт қауіпсіздігін бақылау үшін әсер ету тетіктерін табу керек. Олар өз мекемелерінің беделі үшін мүдделі, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек. – Біз балабақшаларда, мектептер мен колледждерде жайлы, достық атмосфера құруымыз керек.

Биылғы оқу жылында жұмысқа мыңнан астам адам қабылданды, оның ішінде 432 жас маман. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша ауыл мектептеріне 200 түлек жіберілді.

Биылғы жылы педагогикалық мамандықтар бойынша барлығы 1 349 студент бітіріп шығады деп күтілуде.

Өңірде педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету бойынша кешенді бағдарлама әзірленуде. Ол мамандарды жұмысқа орналастыруға ғана емес, оларды әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етуге де бағытталған

 

                                                                                                      Жомарт Шаймұрат