Қарағанды облысының жастары аймақтың тарихи орындарында болды
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жанымызда өмір сүріп жатқан көшбасшы» жобасы аясында Қарағанды облысының белсенді жастары Саран, Шахтинск және Абай аудандарының тарихи орындарына барып, өз білімдері мен шеберліктерімен бөліскен тәжірибелі адамдармен кездесті.
Іс-шараға облыстың ЖРО, «Жас Отан» жастар қанатының, қоғамдық ұйымдардың, Саран қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің өкілдері және еріктілер қатысты.
Жастар сапар барысында педагог, саясаткер, Қарағанды облысының сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі оқу-ақпараттық штабының мүшесі Серік Мұстафинмен кездесті. Олармен әңгіме барысында ардагер-педагог нумизматика, филателистика саласындағы өзінің жетістіктері және Абайтану жөніндегі жұмысы туралы айтып берді. Өз кезегінде Облыстың жастар ресурстық орталығының маманы Қайрат Асқаров заманауи қазақстандық руханият, ұлттық құндылықтар және жастардың қоғамдағы рөлі туралы айтты.
Одан әрі іс-шара Саран қаласынан 5 шақырым жерде орналасқан Байтам ауылындағы Игілік-би Өтепұлы мазарында жалғасты. Мазар Қарағанды облысы аумағындағы археологияның ең қызықты ескерткіштерінің қатарына кіреді. Игілік бидің бейнесі Ғабит Мүсіреповтің «Ойанған өлке» романында қайта жаңғырған.
Содан кейін топ Долинка кентінің саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайына барды.
Бір күнге жоспарланған ауқымды іс-шара кәсіпкер, асаба, заманауи сал-сері Құрманғазы Әліманмен кездесумен аяқталды. Ол жастарға ұлттық ат өнері мен аңшылық — саятшылық туралы айтып берді.
Ресурстық орталықта атап өтілгендей, бизнесмен және жастар көшбасшысы Жомарт Әбішевтің бастамасымен өткен бұл сапар тарихи естелікті сақтауға қызмет етеді және ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерді дәріптеу болып табылады.
Жомарт Шаймұрат