Қарағанды жасөспірімдер командасы қазақ күресінен  республикалық гимназиядада екінші болды

Қарағанды облысының жасөспірімдер командасы 6-11 сәуір аралығында Тараз қаласында өткен қазақ күресі бойынша республикалық ХІ жазғы гимназиадасында екінші орын алды.

Оған Маңғыстау, Қызылорда, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Алматы және Жамбыл облыстарынан 150-ге жуық спортшы қатысты.

Жарыс қорытындысы бойынша Осакаров ауданы №5 ЖББОМ оқушысы Ержан Мұса 46 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде және Қарағанды қаласы №10 ЖББМ оқушысы Абдумәлік Қанат 82 келіге дейінгі салмақта жеке есепте бірінші орынға ие болды.

– Мен қазақ күресімен жеті жылдан бері айналысып келемін. Мұндай гимназиядаға алғаш рет қатыстым. Әр өңірден балуандарды іріктегеннен кейін мықтылар жиналды, ал финалдық жекпе-жек мен үшін ерекше қиын болды. Жарысқа мені бапкерім Хуанбай Серік дайындады. Ол мені 4-ші сыныптан бастап жаттықтырады, ал қазір 11-ші сыныпта оқимын, – деп бөлісті Ержан Мұса.

Екінші орынды Қарқаралы ауданының №16 ЖББОМ-нен Рауан Егінбай (салмағы 50 кг дейін) және Жаңаарқа ауданының Б. Амалбеков атындағы ЖББОМ-нен Данияр Армия (55 кг дейін) иеленді.

Тұғырдың үшінші сатысында Б.Амалбеков атындағы ЖББМ оқушысы Сержан Сағиев (70 келіге дейін); Қарағанды қ. Ғ. Мұстафин атындағы ЖББМ оқушысы Ақжол Көкпаев (65 кг дейін); Абай ауданы № 9 ЖББМ оқушысы Бейсет Полша (82 кг дейін) орналасты.

Командалық есепте Қарағанды облысының жасөспірімдер құрамасы екінші болды.

Қыздар арасында Теміртау қаласының №21 орта мектебінің оқушысы Александра Алешина (65 келіге дейін) бірінші орын алды.

– Күреспен бала кезімнен айналысамын. Алғаш рет осындай жарыстарға қатыстым. Барлық қарсыластар лайықты болды, жақсы күрес көрсетті. Жарысқа екі айға жуық дайындалдым, – деді Александра Алешина.

Екінші болып Қарқаралы ауданының №16 ЖББМ-нен 48 кг дейінгі салмақ дәрежесінде Аружан Хамза атанды.

 

Жомарт Шаймұрат