Қарағандыда көкпар кәсіби клубы жұмысын қайта жандандырды

Қарағанды облысында көкпар кәсіби клубы өз жұмысын қайта бастап, оның жаңа бапкері тағайындалды. Бұл міндетті Нұржан Шайхин атқаратын болады.

Ұзақ үзілістен кейін алғаш рет өңір аудандарынан келген ең әлеуетті көкпаршылар үшін оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылды.

 

 

Бір апта бойы олар Үштөбе ауылының маңындағы «Бәйтерек» базасында өз шеберліктерін шыңдады. Бұл жиындардың басты мақсаты — 29 наурызда Таразда өтетін Қазақстан чемпионатына дайындық.

Қазір Тараздан бізге көкпаршылар келді. Олар шеберлік сабақтарын береді. Біздің деңгейіміз де жаман емес. Бір жылдан кейін біз жақсы нәтижелер көрсетеміз деп үміттенемін, — дейді Нұржан Шайхин.

Көкпаршылар жиынына облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов қатысты. Ол ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтіп, қазіргі кезде болып жатқан оң өзгерістер міндетті түрде республикалық жарыстардың нәтижелеріне әсер етуі тиіс деп үміттенетінін атап өтті.

 

                                                                                                        Жомарт Шаймұрат