Қарағандыда көпбалалы әйелдер үшін тегін шеберлік сабағы өтті

«Шаңырақ» көп балалы отбасыларды қолдау орталығы Жалпыұлттық «Қайырымды істер марафоны» аясында «Ана-Мама» қоғамдық қорымен бірлесіп, кондитерлік өнімдер пісіру бойынша тегін шеберлік сабағын өткізді. Кәсіби кондитер Айжан Шалғымбаева аналарға торт пен бәліш дайындауды үйретті.

 

 

Ол сондай-ақ өз ісін ашуға грантты қалай алуға болатыны туралы да айтып берді.

– Мұндай шеберлік сабақтарын әр жұма сайын өткізетін боламыз. Үш апта ішінде 30 ананы оқытуды жоспарлап отырмыз. Біздің мақсатымыз – көп балалы әйелдерді кондитерлік өнімдерді дайындауға үйрету, сондай-ақ үй жағдайында ақша табуға және өз ісін ашуға көмектесу. Біз «Ана-Мама» қорымен үш жылға жуық жұмыс істеп келеміз. Қор тұрақты түрде аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетеді, – деді «Шаңырақ» орталығының жетекшісі Ләззат Қожахметова.

 

 

        Жомарт Шаймұрат