Қарағандыда Қарақат Әбілдинаның музыка мектеп-студиясы ашылды

Қарағандыда Қарақат Әбілдинаның музыка мектеп-студиясының салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға Қарақат Әбілдина мен Қыдырәлі Болмановтан басқа, облыс басшысының орынбасары Абзал Нүкенов қатысты.

 

 

Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығысында жас музыканттар үшін «Қарақат» мектеп-студиясы өз есігін ашты. Оқу орны ҚР Президентінің жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы аясында ашылды.

Студияға 4–12 және 12–16 жастағы балалар қабылданады. Мұнда олар фортепиано, домбыра, жетіген, қобыз және гитарада ойнауды үйренеді. Жас таланттар актерлік шеберлік, сольфеджио және хореография негіздерін үйренеді.         Сондай-ақ, оларда тәжірибелі оқытушылардың жетекшілігімен вокалмен айналысуға мүмкіндік бар. Сабақтар аптасына үш рет өткізіледі.

 

 

– Мен Қарағандыда өз мектебімді ашқаныма қуаныштымын, себебі мен Жаңаарқа тумасымын. «Қарақат» студиясында оқитын балалар болашақта елімізді дәріптеп, эстрададан лайықты орын алатынына сенімдімін, – деп атап өтті мектептің негізін қалаушы Қарақат Әбілдина. – Оларға жарқын болашақ пен бақыт тілеймін!

«Қарақат» мектеп-студиясының жас тәрбиеленушілерін Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов те құттықтады. Ол Сарыарқа әрдайым таланттарымен танымал болғанын атап өтті.

 

 

                                                                                                         Жомарт Шаймұрат