Қарағандылық конькиші Екатерина Айдова олимпиаданың ашылуында Қазақстанның көкбайрағын алып шығады
Қарағандылық конькиші Екатерина Айдова Бейжіңде өтетін қысқы Олимпиада ойындарында еліміздің туын көтеру құрметіне ие болды. Көкбайрақты сонымен қатар шорт-тректен Қазақстан құрамасының көшбасшысы Абзал Әжғалиев те көтереді.
Спортшыларға Қазақстан туын ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев табыс етті. Олимпиадаға аттанатын спортшылар ант берді.
Екатерина Айдова – төрт құрлықтың чемпионы. 30 жастағы спортшының мансабында бұл төртінші Олимпиада ойындары. Оның олимпиадалық дебюті 2010 жылы Ванкуверде өтті. 2014 жылы Сочиде, 2018 жылы Пчёнханда өткен олимпиадаға қатысты.
XXIV қысқы Олимпиада ойындарына қатысуға Екатерина Айдова 500, 1 000, 1 500 метр қашықтықта конькимен жүгіру спортында үш лицензия жеңіп алды.
Естеріңізге сала кетейік, Бейжің Олимпиадасында Қарағанды облысынан тағы бір спортшы – 21 жастағы биатлоншы Владислав Киреев қатысады. Ол қысқы спорт түрлері бойынша облыстық олимпиадалық резерв мектебінің тәрбиеленушісі, ҚР спорт шебері және жастар арасында Қазақстан мен Азия чемпионы.
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойынша
Жомарт Шаймұрат