Қарағандылық «Көзкөргендер» ардагерлер ансамблінің  «Сағым жылдар» атты мерекелік кеші өтті

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Кеншілер мәдениет сарайы жанынан құрылған «Көзкөргендер» ардагерлер ансамблінің 10 жылдық мерейтойына арналған «Сағым жылдар» атты мерекелік кеш өтті.

«Көзкөргендер» ардагерлер ансамблі ұлттық салт-дәстүрге негізделген халықтық дәстүрді насихаттау мен рухани байлықты жас ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында 2011 жылдың тамыз айында құрылған болатын. Қазіргі таңда «Көзкөргендер» ардагерлер ансамблінде мұғалім, дәрігер, құрылысшылар, ауылшаруашылығы саласының және тағы да басқа сала қызметкерлерінен құралған 30 зейнеткер бар.      Арасында республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, халықаралық байқаулардың лауреаттары да жеткілікті.

 

 

2018 жылы «Көзкөргендер» ардагерлер ансамблі  Алматы қаласында өткен байқауға қатысып, Қарағанды облысының абыройын асқақтатып, байқаудың бас жүлдесін иеленген болатын.

Кеште ансамбльдің репертуарынан 23 ән орындалды, оның ішінде халық әндері, «Біржан-Сара» операсынан үзінді, Қасым Аманжоловтың әндері, жергілікті композитор Есжан Әміровтің «Қарағанды вальсі» т.б. басқа танымал әндер шырқалды.

 

 

Аға буын өкілдерінің бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында жұмыс істеп жатқан ұжымды мерекелік кешінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басшысы, Қарағанды облысының мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығының басшысы, облыстық ардагерлер кеңесінің өкілдері құттықтап келді.

 

Жомарт Шаймұрат