Қарағандылықтар мен қала қонақтарының қатысуымен «Скиф-Қарағанды» альпинистер клубының бастамасымен таза ауада мәдени-спорттық іс-шара өткізілді

 Skif-Qaragandy альпинистік клубының мүшелері мен жергілікті билік өкілдері ұйымдастырған таза ауадағы мәдени-спорттық шара осымен төртінші рет өткізіліп отыр. Алдымен қатысушылар ресми түрде тіркеуден өтіп, тау шыңына шығар жол кестесімен танысты. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, Мәскеу үшін болған шайқастың 80 жылдығы және Бауыржан Момышұлының туғанына 111 жыл толуына арналған шараға 50-ден астам адам жиылған.

Құдайберген БЕКСҰЛТАНОВ,  Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы:

-Таза ауадағы серуен, жарыс. Жеңімпаздар болады. Әрине, жеңіске жеткен жақсы ғой. Бірақ, таза ауада серуендеп, спортқа баулудың да маңыздылығы зор. Бауыржан Момышұлы қазақ батырының мерейтойына да арналған.

Арнайы дабыл беріліп, қатысушылар шыңды бағындыру жарысына кірісіп кетті. Мұнда жас бүлдіршіндерден бастап 70-ті алқымдаған аға буын өкілдері де бар. Тау спортымен айналысатын «Скиф» клубының спортшылары мен мемлекеттік қызметкерлер, партия өкілдері,  ерікті жастар тау шыңындағы Бауыржан Момышұлына арнап қойылған тақтайшаға бет алды. Экспедиция жетекшісі, Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Төлеген Әшімов, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысы Ерлан Құсайын және көк туды желбіретіп жол бастаған қоғам белсендісі Болат Сыздықовтар батыр рухына тағзым етуді де ұмытпады.

 

 

Ерлан ҚҰСАЙЫН,  Қарағанды облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы:

-Ұлттық құгдылықты насихаттау қашанда маңызды. Барлық жетістіктерді біз әрдайым елдің ауызбіршілігімен байланыстырамыз. Сондықтан, бүгінгі спорттық-мәдени шараның маңыздылығы зор.

Альпинизм арқылы қатысушылар салауатты өмір салтын насихаттаудан бөлек, адамдарды жақындастыра түсетінін де айғақтай түсті. Соран тауларында ескерткіш тақта орнатылған жерге жаппай треккинг өткізілді.

Төлеген ӘШІМОВ, Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты:

-Жыл сайын осы шараны өткізіп келеміз. Барлық қатысушылар белсенді түрде қатысуда. Жастарды спортқа баулу мүмкіндігін де ұмытпаған жөн.

Таза ауадағы спорттық сайыстар ішінде егде жастағы қариялар мен жастар қой көтеруден жарысты. Ең көп көтерген жеңімпаз бен мәреге алғаш жеткен желаяқтарға «Әнуар» қожалығы мен «Тұрғын үй шаруашылық сервисі» мекемесі екі ұсақ малды жүлдеге қойған.

 

Іс-шараның соңында белсенді қатысушылар естелік сыйлықтармен марапатталды. Әрдайым шыңды бағындыру жолында спорт, дені сау ұрпақ қалыптастыру маңызды деген ортақ пікірмен тарқасты.

Жомарт Шаймұрат